Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпшіліктің ашуын келтірген мүсін өзгертілетін болды

Көптің ызасын тудырған Астанадағы «Ғашықтар мүсіні» өзгеретін болды. Қазақстан парламент мәжілісіне қатысқан Мәдениет және спорт министрі осылай деді. Бұл туралы Қазақстан-zaman мәлімет таратты.

ғашықтаррр

Парламент мәжілісіне келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан көпшіліктің наразылығын туғызған «жартылай жалаңаш мүсінге» қатысты пікірін білдік.

«Шынымды айтсам, бұл мүсін жастар үшін жасалған. Астананың суретшілер одағының төрағасы мұның көркем туынды екеніне әділ баға берді деп ойлаймын. Алайда біз өз дәстүріміз бар елміз. Халықта наразылық болып жатқанын біз есепке алуымыз керек»,  – деген министр мүсінді матамен жабудың еш қажеті жоқтығын кесіп айтқан.

«Мүсінді матамен жабудың қажеті жоқ. Кейбір жерін өзгертуге болады, әрине. Біз қазір комиссия құрып, авторына кей тұстарына өзгерістер енгізуін айтамыз. Мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде қарастырылған. Егер халықтың белгілі бір қарсылық пікірі болса  әрине, біз оған жауап беруіміз қажет»,  – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ол түйінді сөзінде “мүсін композициясы еркектің еркіндігін, әйелдің тазалыққа деген құштарлығын көрсетіп тұр” деп, мүсін композициясына өз бағасын берді.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада орналастырған «Ғашықтар мүсіні» қазақстандықтардың қызу талқысына түсіп, көпшілік оны «эротикалық» жанрдағы мүсін екенін және ондағы әйелдің жартылай жалаңаштығын, бұл қоғамға теріс тәрбие беретінін айтып, ашу тудырған еді.

Арада біраз уақыт өтпей астаналық тұрғын Талғат Шолтаев жартылай жалаңаштанған қыз мүсініне орамал жауып қойып, егер әлдекімдер алып тастаса, мүсін өзгертілгенше немесе мүлдем алынып тасталғанша ол әрекетін тоқтатпайтынын мәлім еткен болатын.

Бұған дейін Астанадағы даулы мүсінге қатысты  көркемдік кеңес өткізілгені жайлы хабарлаған едік.

Талқылау