Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Композитор Латиф Хамидидің туғанына 110 жыл

Кешегі халық композиторлары Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Мәди, Мұхит, Естай, Жаяу Мұса мен Ғазиздердердің табиғи өнерін ұлттық операмызға арқау еткен тамаша дарын иелері Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаевтар десек, осы сапта қажырлылық көрсетіп, небір тамылжыған шығармаларын тыңдаушысына жеткізген өнер өкілі, белгілі композитор Латиф Хамиди (1906-1983) еді.

латифффф

Бұл туралы Қазақпарат жазған.

Татар жерінде Кайбеиз ауданына қарасты Бували елді мекенінде дүниеге келген Латекең бала кезінде қазақ музыкасының майталманы болам деп ойлады ма екен, сірә?..

Әлдебір себеппен әкесі Әбілқай Латифтың жеті жасында Өзбек жеріндегі Қаттақорғанға көшіп барады.
1920- 26 жылдары Ташкенттегі түрік-татар ағарту институтында дәріс алған Латиф дүниенің кілті оқуда екенін түсініп, 1924 – 31 жылдары Мәскеудегі музыка техникумында оқи жүріп мектепте музыка пәнінен сабақ береді. Ал 1933-36 жылдары қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында көркемдік жетекші қызметін атқарды.

1936-38 жылдары Мәскеу консерваториясының жанынан ашылған татар опера студиясында оқиды. Латиф Хамидидің қазақ жастарымен араласуы кездейсоқ емес-тін.

Ташкентте оқып жүрген жастар үнемі бас қосып, көркемөнерпаздар үйірмесінде өз өнерлерін шыңдайтын. Студент шағында Латиф өмірдегі өз бағытын таңдай білді.

«Шығыс кештері» деп аталатын жастар орталығында әр ұлттың өкілдері жиналып өз өнерлерін ортаға салатын. Көп дауысты хорды Құрманбек басқаратын. Қазақ музыкасына деген қызығушылық осы кезде басталса, тағы бір оқиға Мәскеуде жүргенде өз әсерін тигізді.

Бір күні үлкен мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдекешевтің үйіне қонаққа барған еді. Алматыдан театр режиссеры Жұмат Шанин мен ақын Асқар Тоқмағамбетов келген екен. Содан қазақ халқының өнері мен әдебиеті жайлы көп сырласқан Латифке «Қазақстанға барып ұлттық өнеріне септігім тисе» деген ой келеді. Көп ұзамай оқуын бітірген ол Алматыға келіп, қазіргі Құрманғазы атындағы оркестрге дирижерлық етеді.

Мәскеуде орыстың халық аспаптар оркестрінде дирижерлық етіп, мол тәжірибе жинақтап, атақты маман Александр Сергеевич Илюхиннен дәріс алған Латекең алғаш ауыл жастарынан жиналған ұжымды басқарды. Музыкалық сауаты жоқ, есте сақтау қабілетімен ойнайтын күйшілерді басқару алғашында қиынға соқты. Ал соғыс басталған соң майданға аттанған музыканттардың орнын кейінгі жастармен толықтырған ол студия ашып, шағын шығармаларды нотамен ойната бастады. Аса қабілетті жастарды консерваторияға қабылдап баулыды.

Енді біздің алтын қорымызда сақталған Латиф Хамидидің естелігінде ол кісі алғаш қазақ топырағына келгендегі өнер адамдарымен қауышуын былайша әңгімелеген еді:

«Мен Қазақстанға 1933 жылдың көктемінде келген болатынмын. Алғаш танысқан әншілерім Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Байсейітова, Рабиға Есімжановалар болды. Сол кездегі Әміре мен Жүсіпбектің салған «Ағаш аяқ», «Көк көбелек», «Балқадиша», Қанапия» әндері әлі күнге құлағымнан кетпейді. Жүсіпбек салған «Қанатталды» әнін алғаш естігенде көзіме жас келгенін де байқамай қалыппын. Бірнеше жыл Жүсіпбекпен филармонияда қызмет етіп жүрдік.
Ол кезде жазып жүрген шығармаларым жайлы айтқан Жүсекеңнің сын-пікірлерін өте бағалайтынмын және оның ән салудағы ерекшелігін өз шығармаларыма қолданып та отыратынмын»,- деген еді ол.

Тағы бір есте қаларлық жәйт, дирижер Орынбек Беков Латифты Сәкен Сейфуллиннің үйіне ертіп апарады. Сол жолы Сәкен оған: «Сенде өнерге деген ерекше махаббат бар, қазақ музыкасы даму үстінде, осыған өзің де үлес қосып, ән шығарсаң қайтеді» деп, «Қызыл қырандар» деген жырын ұсынған. Жаңа шыққан ән алғаш атты әскер полкінің мерекелік концертінде тұңғыш рет орындалды. Осыдан бастап Латиф Хамиди ән жанрымен айналыса бастады. Көкірегі мөлдір сезімге толы жас композитор осыдан кейін бірнеше ән жазады.

Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «Екі той» атты пьесасына Латиф Хамиди ән жазады. Кейін бұл туынды «Қазақ вальсі» болып шырқалады. Сөз орайы келгенде Латифтың осы шоқтығы биік вальс ырғағында жазылған әнінің құрылымы, ерекшелігі мен өміршеңдігі жайлы композитор Кеңес Дүйсекеев:

«Қазақ музыка өнеріндегі вальс жанры жайлы айтатын болсақ, бұл жанр Европада таралған. Ән жанрына келгенде «Қазақ вальсі» қазақ музыкасының классикасы деуге болады. Бұнда халық әндерінің де ерекшеліктері қосылған. Жалпы қазақ жерінде вальс ән жанры түрінде қалыптасқан, олай дейтініміз халқымыз ән-әуенге тым жақын, содан да болар», – деген блатын.
Латиф Хамиди аз уақыт радиокомитетте хор жетекшісі қызметін де атқарды. «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін жазғанда Күләштің дауыс мүмкіндігіне лайықтап, әншімен ақылдаса отырып жазды. «Елде тыныштық орнасын, біз бұлбұлдай сайрап, өнерімізді өркендетейік, тыңдаушымызды қуантайық! – деп Күләш тілек білдірген соң осы бір әсем әндер көңіл қуанышына айналған-ды.

Композитордың жаны сұлу, шығармалары табиғи әсемдігімен ерекше еді. Латекең «Бұлбұл» әнінде шыққан әншіге орындатып көріп, оның шырқау шыңы мен төменгі нотасын ойлана, әннің айтылу әсемдігін тыңдай отырып, түпнұсқасын аяқтаған. Содан да болар бұл ән мағынасы ашылып, тыңдаушының жүрегіне жол табатын.

Латиф Хамиди ұстаздық қызметпен музыка училищесінде, консерваторияда сабақ беріп жүргенде әннен алыстап кетті. Оның есесіне оркестрге, әртүрлі аспаптарға арнап көптеген шығармалар жазды. Қазақ радиосының әуе толқынынан насихаттады.

Композитордың шығармашылық шыңы – «Абай» операсы еді. Бұл операны Ахмет Жұбанов екеуі бірігіп жазды.
1944 жылғы 19 сәуірде Ақсай демалыс үйінде жазылған бұл шығарма Абай әндерімен әрлендірілді.
Латиф Хамиди Абай әндерін жазушы Мұхтар Әуезовтен үйренді. Мұқаң бұл операның ойдағыдай шығуына көп көмек беріп, басы-қасында болды.

Латиф Абайдың ұлы ақындығымен қоса жаңашыл халық композиторы екенін, әнге жаңа екпін, леп қосып, халық әндерінен өзгеше әуен ойластырғанын түсінді. Сондай-ақ, Абайдың басқа ұлттардың да ән-әуенін тыңдап, ғибрат алғанын байқады.

Алғаш Абай бейнесін тенор дауысты Қанабек Байсейітов орындаса, кейін баритон дауысты Ришад Абдуллин орындағанда мағынасы ашыла түсті.

Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан композитор Рамазан Елебаевтың жарқын бейнесін сомдау мақсатымен тағы да Ахмет Жұбановпен бірігіп «Төлеген Тоқтаров» операсын жазды.

Композитор 1946 жылы бір көріністі «Жамбыл мен Айкүміс» операсын жазса, 1949 жылы төрт көріністі «Жамбыл» операсын аяқтады. Либереттосын жазған Хамит Ерғалиев пен Шаяхмет Құсайынов еді.

Латиф Хамидидің «Балбұлақ» опереттасы, симфониялық оркестрге арнап жазған «Татардың би» сюитасы, «Қобыланды» сюитасы мен «Амангелді» маршы, халық аспаптар оркестріне арнап жазған «Керуен», «Қордай», «Домбыра-прима аспабы мен оркестрге арналған концерті, камералық оркестрге арнап жазған «Қазақ тақырыбына сюита», «Полька», «Романс», «Дәулеткерей» күйі тақырыбына пьеса, ұйғыр биі, балаларға арнап жазған көптеген шығармалары біздің алтын қорымызда сақтаулы.

Қазақтың ұлттық музыкасын кәсіби деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуына үлкен үлес қосқан татар халқының өкілі, Қазақстанның халық әртісі, ұлағатты ұстаз, белгілі композитор Латиф Хамидидің есімі өнер өлкесінде мәңгі жасай бермек.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева

Талқылау