Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қолым істемей қалды: Жұртты алаңдатқан Арман Дүйсенов қандай сырқатқа шалдыққанын айтты

Арман Дүйсеновтің инстаграм парақшасына салған соңғы суреті оқырмандарының санасын сан-саққа жүгіртті. Желіге жүктеген жазбасында Сеулде екенін айтып, сырқатқа шалдыққанын хабарлаған-ды! Сазгердің денсаулығына алаңдаған көпшілік оған амандық тілеуде. Осы орайда Stan.kz ақпараттық агентігінің тілшісі Кореядағы композиторға хабарласып, эксклюзивті сұхбат алған болатын.

Арман Дүйсенов

«Бұл өзі біраз уақыттан бері сыр беріп жүрген ауру. Көбінесе отырып жұмыс жасаймын ғой. Ән жазсам да, сценарий жазсам да. Сол кезде арқамда қатты ауыратын нүкте бар еді. Массаж қабылдасам, қойғандай болатын. Ал осы жылы мамырдың 19-ы күні сол қолымменен иығым істемей қалды. Дәрігерге қаралдым. Олар айтады омыртқаңыз бен мойынынызда «грыжаңыз» бар деді. Сондай қорытынды айтты. Отандық дәрігерлерге, емшілерге қаралып едім, барлығының айтқаны сол болды. Одан кейін операция жасайық деді. Мен операциядан біразға дейін шыны керек қорықтым. Ота жасату оңай емес. Бірақ шыдатпай, мазамды алып, күндіз-түні ұйықтатпай ауырды. Ауруды басатын дәрілерді ішіп, шыны керек біраз қиналдым», – дейді Арман Дүйсенов.

Сырқаты жанына батқаннан кейін, Кореяға баруды жөн көреді. Арманға бағыт-бағдар берген өнерін бағалаушы тыңдармандарының бірі екен. Аты-жөнін атамауды өтінген атымтай жомарт азамат, еміне кеткен қаражатты да өзі төлепті.

Алайда, ақ халатттылар Арманның ауруы асқынып кеткенін айтыпты. Абырой болғанда күні кеше жасалған отасы сәтті аяқталған.

«Диагнозға келетін болсақ, менің алтыншы және жетінші омыртқаларымның арасына зақым келген екен де. Солар бара-бара менің жүйке тамырларымды қысып қалған. Соның салдарынан менің иығым, қолдарым істемей қалып, күнде сыздап, мазамды алды. Омыртқаның басқа жерлерінде болса, қайтаруға болады екен. Халықтың ем қолдануға болатын еді. Мойын мәселесі өте қиын екен», – дейді Арман.

Арман Дүйсенов

Дүйсеновтің дәл қазіргі дертіне ескі жарақаты себеп болған көрінеді. Осы уақытқа дейін жан баласына тіс жармаған Арман, басынан өткен тағы бір жайтсыз жайтты алғаш рет ашып айтты.

«Негізі 1995-ші жылы қатты жарақат алып, «Қалқаман» ауруханасындағы нейрохирургияда 7 ай жатқаным бар. Одан кейін 2 ай Мәскеуде емделгенім бар. Сол кезде қатты бас-ми жарақатын алғанмын. (Открытая черепно-мозговая травма) Содан кейін оң құлағым қазір дұрыс естімейді. Негізі бұл дерттің асқынып кетуіне сол кездегі жарақаттың әсері бар көрінеді. Біздер енді уақытында қаралмаймыз ғой. Жұмыс деп жүре беріппін. Біз әбден шыдатпай кеткен кезде ғана қаралатын халықпыз ғой», – дейді сазгер.

Сазгер бүгінде өзін жақсы сезінеді. Жағдайы да бұрынғыға қарағанда әлдеқайда түзелген. Бірақ дәрігерлердің қойған талаптарын бұлжытпай орындау керек екен.

«Қазіргі денсаулығым бір қалыпты. Бірақ қанша дегенменен ауыр операция ғой. Екі сағат ота жасалды. Екі сағат реанимацияда жатыппын. Көзімді палатада аштым. Бірақ ота жасалған жер ауырады. Бірақ үзіліссіз дәрі егіліп жатыр», – дейді композитор.

Арман Дүйсенов, өзінің денсаулығына алаңдаған баршы жанға алғысының шексіз екенін жеткізді. Сеулден сәлем жолдаған сазгер отбасына, өнердегі әріптестеріне және оқырмандарына дән риза. Бір аптадан кейін елге оралуы бек мүмкін.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау