Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда тұрғынынан өзі қолға үйреткен арқарды алып қоймақшы

Арқарды қолға үйреткен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тұрғыны Қалау Әшімов интернетке жүктелген бейнежазбаның арқасында танымал болып шыға келді. Алайда, енді ол сүйікті жануарынан айырылып қалуы мүмкін. 8674eec27c1c7c57d3abb3b8197894e1

Бұл туралы Экспресс К басылымы хабарлайды.

Қолдағы арқар өзін түздің аңы емес, үй жануары ретінде сезінеді. Адамдармен бірге допты теуіп ойнағанды жақсы көреді екен. Осы қылығы үшін ауылдастар оны арқар-футболшы деп те атап кеткен. Тіпті өзінің иесі Қалау Әшімовты қызғыштай қорып, өзгелерді жанына жуытпайды.

Шу ойламаған жерден шықты. Үйге тексереміз деп полиция сап ете қалған. Әшімов өзіне қарсы қылмыстық іс қозғап жібере ме деп қауіптенеді. Қызыл кітапқа енген тіршілік иесін үйде ұстау заң бұзушылық болып саналады. Бірақ, прокуратура мәлім еткендей енді ауыл тұрғынының басында ол заңға қатысты қиындық тумайды. Арқарды кішкентайынан Қалаудың өсіріп баққанын, бүкіл ауыл дәлелдеп бере алады. Анасын қасқыр соққаннан кейін, қоздап жатқан жас қозыны ол тауда құтқарып қалған.

Әшімовтың айтуынша, оған Шымкенттен бір кәсіпкер келіп, арқарды су жаңа «БМВ»көлігіне ауыстыруын сұраған. Алайда Қалау ұсынысты кері қайтарады. Үйдің бір мүшесіндей болып кеткен жануарды өзгенің қолына ұстатып жібергісі келмеген. Сондай-ақ, ауыл тұрғыны арқарды қорадағы қойлардың генін күшейту үшін де қолданғысы келеді.

Түптеп келгенде, арқарды зоопаркке өткізуге тура келетін секілді. Ал бұған Әшімов түбегейлі қарсы. Бірақ, экологтар мен мамандар жануар үшін ең дұрыс нұсқа зоопарк болатынын айтып жатыр.

Талқылау