Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда сал боп туылған келіншек адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Көкшетаулық мүмкіндігі шеутеулі жан Гүлнар Хамзина адам тұрғысыз пәтерде өлместің күйін кешіп жатыр. Ол сал болып туылған. Солай бола тұра екі баланы өмірге әкелген 48 жастағы әйел 25 жылдан бері екінші топтағы мүгедек саналады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Оның басында баспана да жоқ.10 жылдан бері үй кезегінде тұр екен. Хамзина қазір мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақыға пәтер жалдап отыр.

Гүлнардың өз бетімен далаға кіріп-шығуы мұң. Өйткені 35 мың теңге жәрдемақысын түгел төлеп тұратын пәтері бесінші қабатта орналасқан. Сал болып туылып, өмірі мүгедектікпен өтіп келе жатса да, ол тұрмысқа шыққан. Бірақ дәрігерлердің қарсылығына қарамастан екі баланы өмірге әкелген әйелді күйеуі орта жолда тастап кетіпті.

Мүмкіндігі шектеулі әйелдің туыстары да жоқ. Өз бетімен ауруханаға да бара алмайды екен. Сал болып қалған денесін әрең қозғап, тілі күрмелген жанды әркім түсіне де бермейді. Гүлнар Хамзина мүгедектігін бірінші топқа ауыстырса жеңілдіктер болар еді деп отыр.

“Мен екінші топтағы мүгедекпін. Мұндай топқа не үшін қойғанын білмеймін. Ал негізі аяғым ауырады, жүре алмаймын, дұрыс сөйлей де алмаймын. Жалпы, жағдайым өте қиын”, – дейді Гүлнар Хамзина.

Өз бетімен жүріп-тұра алмайтын әйелге әкімдік те, дәрігерлер де қараспапты. Тек қолдап жүрген құрбылары бар екен. Ал құзырлы мекемедегілер бір-біріне сілтеп отыр. Дәрігері жібермесе, біз оның мүгедектік тобын қалай ауыстырамыз дейді.

“Хамзина – 1991-ші жылдан бері шексіз мерзімдегі мүгедек. Ол бізге соңғы рет 2014-ші жылы келген. Ал оны іздеу біздің міндетіміз емес. Мүгедектердің денсаулығына байланысты өзгеріс болса, тексеріп, бізге 88-ші формадағы  жолдамамен  науқас тіркелген емхананың учаске дәрігері жіберуі тиіс”, – дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Шериязданов.

Гүлнар Хамзина тіркелген емхана дәрігерлері науқастың алып бара жатқан ауруы жоқ дейді. Мүгедектігінің бірінші топқа ауыстырылмай жатқаны содан екен. Тіпті ол бұл мәселемен мүлдем бізге келген жоқ деп қойып қалды. Ал, Гүлнәрға көмектесіп жүргендердің уәжі басқа.

“Ауруханаға апарғанда ешкім қарамайды. Керексіз қылып тастаған ғой”, – дейді Г.Хамзинаның құрбысы Ақыл Нұрмағанбетова.

-Ай сайын жалдамалы пәтерге төлейтіндіктен, мүгедектің жәрдемақысынан отбасының күнкөрісіне бір тиын артылмайды екен. Оның өзіне баспананың арзанын ғана ала алады. Яғни жоғары қабаттан азынаған пәтер бұйырады.Мүмкіндігі шектеулі жан енді жеке пәтеріміз болса екен дейді. Оның кезегіне тіркелгелі 10 жыл болса да, қазір әлеуметтік аз қамтылған отбасылар арасында 1550-ші  болып тұр.

Жіберіп алмаңыз:

 

Талқылау