Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетау әкімдігі көп балалы отбасына, көп балалы отбасы тұратын үйді берген

Көкшетауда шиеттер балалары бар екі отбасы жатақханадағы бөлмеге таласып қалды. Бір аптадан бері 5 перзентін жетектеген Шолпан Ақтаева әкімдік берген бөлмеге кіре алар емес. Өйткені онда 3 балалы әйел өз бетінше қоныстанып алған. Полиция да, әкімдік қызметкерлері де бұл мәселені шешуге қауқарсыз боп тұр, деп хабарлайды КТК арнасы.

кокше

Шолпан Ақтаева 5 баласын ертіп, тағы жатақханаға келді. Есігін қанша қаққанымен, тағы ешкім ашқан жоқ. Оған тиесілі деген баспанаға өзімен аттас басқа бір Шолпан 3 баласымен қоныстанып алыпты.

"5 баламен қайда барам? Отырмын есіктің алдында. Сен тұрмайсың кет деді! Қазір ашсаң полицияны шақырсаң мен терезеден секіріп өлем деді. Сосын мен кінәлі қылмақ. Бастықтар бәрі біледі", - деді көп балалы Шолпан Ақтаева.

Шолпан 5 баланың үшеуін асырап алған. Інісі қайтыс болып, келіні тастап кеткен шиеттей жетімдерді бауырына басыпты. Жатақхананың екі бөлмесіне таласқан қос Шолпан арасында жанжал бүгін әбден ушығып бара жатқан соң көршілері полиция шақыртты. Ал әкімдік Шолпан Ақтаеваға қоныстануға рұқсат бергенімен, бөлмелердің бос еместігін білмеген. Енді қыс тақағанда 3 баласы бар отбасын қуып шығуға даяр отыр.

"Олар екеуі де осы бөлмелерді сұрап өтініш жазған. Комиссия Ақтаеваға берді. Өйткені асырауында 3 жетім бала бар. Тұрып жатқан әйелдің әрекеті заңсыз. Сотқа бердік", - деді Көкшетау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Наталья Бургомистренко.

Шолпан Файзуллинаның да жағдайы мәз емес. 3 баланың үлкені эпилепсияен ауырады. Жалғызбасты ана 2008 жылдан бері осы жатақхананың қуықтай бөлмесінде күнелткен. Қабырғаларын көк басып, төбеден су саулаған соң көршілері босаған осы екі бөлмеліге көшуге кеңес беріпті. Сөйтіп, бір айдан бері тұрып жатыр.

"Ол әйелді де түсінем. Бірақ түнгі екіге дейін күзетіп, айтпаған сөзі жоқ. Менің де барар жерім жоқ. Жалғызбасты анамын. Жетіскенімнен көшіп келген жоқпын", - деді Көшетау қаласының тұрғыны Шолпан Файзуллина.

3 баланың анасы не деп қорқытса да, оған беретін дайын тұрған баспана жоқ дейді әкімдіктегілер. Енді жатақханадағы 2 бөлменің кімге бұйыратынын сот анықтайтын болады.

Талқылау