Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасы 1 млн 900 мың парамен ұсталды

Жаңа жыл Қазақстанда жемқорларды тұтқындаудан басталды. Қаңтар айының басында жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жоғары лауазымды бірнеше азаматты парамен ұстады. Олардың арасында комитет төрағасы мен полиция қызметкерлері, салық органдарының өкілдері мен медициналық мекенің бас дәрігері бар. Сондай-ақ, тағы бірқатар мемлекеттік қызметкердің қолына кісен салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасы 1 млн 900 мың парамен ұсталды

Күні кеше қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Жанахановтың ұсталғанын растады. Ол комитетке бағынышты ұйымға қамқорлық жасау үшін 1 миллион 900 мың теңге пара алды деп күдіктеліп отыр. Жанаханов өзі пара алған ұйымға қосымша қаржыландыру туралы да уәде берген. Оған көмектескен сол комитеттің экономика және қаржы басқармасы директоры да күдікке ілініп отыр.

Парамен ұсталғандардың бірі – Алматы қаласының Мамандандырылған күзет қызметі. Мұндағылар 24 900 долларды қалтаға басқан.

«ҚР ІІМ Алматы қаласының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сотпен басқарма бастығы, батальон командирі және оның орынбасарлары қамауға алынды», – дейді МҚІСЖҚА жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Велоспорт бойынша даярлау орталығының басшысы да күдіктілердің қатарында. Ол штатта жоқ қызметкерлерге жалақы аударып, қосымша сыйақы жаздырып, оның бәрін өз қалтасына басқан.

Ал өткен жылдың соңында Қостанай облысы Жітіқара қалалық және Жітіқара аудандық полиция бөлімінің бастығы мен осы бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы 1,5 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталған.

Бұдан бөлек, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері мен орынбасары заңсыз ақшаға қол сұққаны үшін күдіктеліп отыр. Бұл екеуі жекеменшік кәсіпорынның директорынан кедергісіз қабылдау және жеткізілген медициналық препараттардың ақшасын уақытылы төлеу үшін 4 жарым миллион теңгені пара ретінде алды деген күдік бар.

Ал Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы мен орынбасары және соларға қарасты тағы бір мекеме басшысы бірігіп бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталып отыр. Кей дереккөздер мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасау үшін 10 миллион теңге пара алды деген ақпар таратты. Барлық ұсталған шенеуніктер мен қызметкерлер қамау немесе үйқамаққа алынып, тергеліп жатыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау