Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назым Қызайбай: Жұлдызым жарқырайтын күн әлі алда

 Елордада өткен әлем чемпионатында тамаша нәтиже көрсетіп, тарихқа енген боксшымыз Назым Қызайбайдың орны бір төбе. Жұмыр жердің бұрыш-бұрышынан жиналған білекті қыздар бәсекесінде аруымыз екінші мәрте жеңімпаз атанды.

назыммм

Ақтық сында қытайлық спортшы Ван Юяньді тұқырта сабаған Назым қазақ еліне жаһандық жарыстың кезекті алтын медалін жұлып алып берді.

– Жеңісің құтты болсын! Қазақ қыздарының арасында екі дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз бойжеткен өзіңсің. Бұл жолғы жеңістің дәмі бөлек пе?

– Әрине. Қанша дегенмен Отаны­мызда, Қазақстанның төрінде ұйымдастырылып жатқан соң, додаға барымды салуға тырыстым. Жанкүйерлердің қолдап-қолпаштағаны да бойыма ерекше рух берді. Қытайлық қарсыласым оңай шағылатын жаңғақ емес. Алайда мен оны алдын ала зерттеп, соның нәтижесінде күшті көбірек қайда жұмсау керектігін түсіндім. Екінші жағынан, өзге боксшылар секілді оң не сол қолдың айқын басымдылығы менде жоқ. Яғни, екеуімен де бірдей жұдырықтаса беремін. Меніңше, барлық стильді үйренгенде ғана үлкен жетістікке жетуге болады.

– Бәрекелді! Әйткенмен кез келген спортшының ұлы арманы Олимпиада шыңын бағындыру ғой. Сені биыл Риода көреміз бе деп үміттенгенбіз. Өкінішке қарай, салмақ категорияң Олимпиада бағдарламасына кірмейді. Үш келідей салмақ қосу қиынға соқты ма?

– Бәрі Алланың қалауымен. Жұлдызым жарқырайтын күн әлі алда. Бұйырса, 2020 жыл менің жылым болады.

– Аузыңа май. Оған дейін де елімізде әйелдер боксы қанат жайып, жаңа есімдер дүниеге келер. Бұл спорт түріне деген көзқарас әзірге шетелде мықтырақ болып тұр. 

– Дұрыс айтасыз. Онда бір спортшының жанында бірнеше адам еріп жүреді. Бірі массажист, бірі диетолог, бірі дәрігер дегендей… Екі жаттықтырушысы және бар. Мұндай жағдайдан кейін оларға жүлде алмаудың өзі ұят қой (күліп). Бізде де, шүкір, жағдай жаман емес. Қыздар боксы Олимпиада бағдарламасына енгеннен кейін бұл спортқа қызығатын бойжеткендер біршама көбейді.

– Дүниежүзілік жарыстарға барғанда, әділетсіздіктер жиі болып тұра ма?

– Әрине. Күн мен түн секiлдi жеңiс пен жеңiлiс алма-кезек ауысып келедi. Жеңгенде қалай қуансаң, жеңiлiстiң салмағын дәл солай арқалай білуің керек. 2012 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында үнді қызы алдымды орап кеткен. Төрт раунд бойы қарсыластым, әлiмнiң жеткенiнше жұдырықтастым. Сонда да жеңiс қарсыласыма бұйырды. Бірақ әр сәтсіздікке жаси берсең, көздеген мақсатыңа жете алмайсың ғой. Ондайларға мән бермеуге тырысамын.

– Спорттық карьераңды он жасыңда бастапсың. Үйдегілер боксқа баруыңа қарсы болмады ма?

– Балалық шағым Алматы облысындағы Іле ауданының Жетіген ауылында өтті. Бір күні сондағы мектепте бокс үйірмесі ашылды. Кішкентай кезімнен спортқа жақын едім, дереу әлгі үйірмеге жазылдым. Алдымдағы ағам, әпкем, інім, сіңлімнің ешқайсысы спортқа әуес емес-тін. Менің боксқа қатысатынымды естіген соң, анам аздап қарсы болды. Үлкендер жағы «Қыз баласың ғой, боксты қайтесің?» деген сияқты ақылдарын да айтқан. Спортқа деген махаббатым бәрінен басым түсті ме, ешкімді тыңдамадым. Алғашында менің салмағымда қыздар болмаған соң, ұл балалармен бірге жаттығып жүрдім. Солармен жұдырықтасатынмын. Үш айдан кейін Алматыдағы спорт мектеп-интернатына оқуға қабылдандым. Сол кезден бері Жұмабек Өмірзақов менің бапкерім болды.

– Боксты таңдағаныңа өкінетін кездер бола ма?

– Жоқ. Негізі бізді сәтсіздіктер шыңдайды ғой. Бірақ қатты таяқ жеген кезім болған жоқ. Спортқа келгелі бір рет қана мұрным қанап, соққы алыппын.

– Қазір қыздар құрамасын жаттықтыратын бапкрлер арасында әйел бапкерлер өте аз. Өзің спорттық карьераңды аяқтаған соң, бапкер болғың келмей ме?

– Әлбетте, болғым келеді. Қазірдің өзінде бокстың өзім білетін тактикасын сіңлілеріме үйретіп жүрмін.

– Отандық боксшылардан кімдерді үлгі тұтасың. Шетелдіктерден ше?

– Бекзат Саттархановты үлгі тұтамын. Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Марина Вольновалардың шеберліктеріне тәнтімін. Шетел боксшыларынан Флойд Мэйвезер, Рой Джонс, Мэнни Пакьяо ұнайды.

– Бүгінде жұртшылыққа кәдімгідей танылып қалдың. Халықтың құрмет-қошеметі «жұлдыз ауруына» шалдықтырмады ма?

– Мен ондай аурумен ешқашан ауырмайтын шығармын (күліп). Кейде жолшыбай мені көріп қалып «Сен анау бокс­шы қызға ұқсайды екенсің» деп айтып жатады. Ондайда жымиып «Мен ғой сол» деп жауап беремін. Көлік айдап жүріп жол ережесін бұзғанымда «Ағай, асығыс едім. Жібере салыңызшы» деп өтініш айтқан кездерім болған. Биылғы Қазақстан чемпионатына дайындық кезінде құрбым екеумізді тәртіп сақшылары тоқтатты. Бізді көріп: «Ой, бұл біздің спортшылар ғой! Мына қыз – Әлем чемпионы» деп жанындағыларға әбден мақтап, бізді жібере салған. Осындай жағдайларда танымалдылығым көмектеседі.

– Сенің қолыңдағы татуировканы байқап қалдық. Құпия болмаса айтшы, ол нені білдіреді?

– Татуировкамда қолғап, Олимпиада шеңберлері және Тудағы қыран бейнеленген. Бұлар – мендегі армандардың символы іспеттес.

“Астана ақшамы” газеті, 2016 жылғы 14 маусым

 

Талқылау