Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысы: Туристер қызығушылығын тудыратын көрнекті тарихи орындардың топтамасы

Республиканың оңтүстік-батысында орналасқан ірі әкімшілік аймақтардың бірі (1938 жылы құрылған). Жалпы аумағы – 226 мың шаршы шақырым, халық саны 820,5 мың адам. Солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен, шығысында Түркістан облысымен және оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. 7 ауданы (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған), 3 қаласы (Қызылорда, Арал, Байқоңыр) бар.  

Алаштың анасына баланған Сыр өңірі адамзат өркениетінің көне ошақтарының бірі. Сыр елі – ұлттың ұясы, қонар қиясы. Небір жаугершілік, зобалаң заманда халқымыз Сырдың бойына келіп жан сақтады, күш біріктіріп жеңісті жолын бастады. Берекелі жерінің асты да, үсті де құт!

"Сыр елі – астаналар мекені", "Сыр елі – жыр елі", "Сырдың жері – Тұранның төрі" сөздері бүгінде құлаққа сіңісті қағидаларға айналды. Бұл киелі аймақтың қайталанбас тарихын, Алаш жұртының қарашаңырағы мен түркі халықтары жасаған өркениеттің ошағы болғандығын аңғартады.

Елбасының "Сыр – Алаштың анасы... Бұл – дана Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейі Кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, тамаша жазушы Әбдіжәміл мен Қалтайдың, тағысын тағы көптеген ардақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сол үшін де Қызылорда күллі қазақ үшін қасиеті ортақ жер", – деген сөзінің орны ерекше.

Топырағынан кие дарыған бұл өңірде түркі жұртының абызы Қорқыт ата өзінің мәңгілік мекенін тапса, адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышты бағындыруға аттанды.

Ұлы Дала төрінен орын алған өлкенің қай бөлігіне барсаңыз да, қарт тарихтан шер тартатын сан алуан мұраларға қол жеткізесіз. Бұл Ұлы дария бойында жасаған өркениеттің қазақ тарихында алатын орны ерекше екенін тағы бір мәрте аңғартып, тарихтың керемет тұңғиығына жетелей түседі.

Бүгінде заманауи ақпараттық технологиялар арқылы Қызылорда облысының  ескерткіштерімен танысу үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. 150 тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы қамтылған арнайы сайт (www.virtualmap.xyz) қолданысқа енгізіліп, 150 ескерткішке  QR-код тақтайшалары орнатылған.

Ендеше, Сіздерді Сыр өңірінің ең қызықты тарихи орындарымен танысуға шақырамыз!

БЕГІМ АНА МҰНАРАСЫ

​Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан. ІХ-ХІ ғасырлармен мерзімделеді.

Бегім ана мұнарасы сол кезеңге тән сәулет өнерінің үздік туындысы. Мұнара аңыз бойынша атақты Қарабура әулиенің қызы, кіршіксіз махабат пен әділдіктің үлгісі саналған,  жазықсыз жаланың құрбаны болған Бегім анаға арнап тұрғызылған. Халық зиярат жасайтын және перзент тілегендердің тілектері қабыл болатын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.  

КЕРДЕРІ КЕСЕНЕСІ

Арал ауданы Қаратерең  ауылынан 65,2 шақырым жерде орналасқан. ХІV-ХV ғасырлармен мерзімделеді.

Кесене (мавзолей) бірнеше ғасыр Арал теңізі су астында қалғандықтан, біраз жерлері бүлінген. Деректерге сүйенсек, ғимарат ХІV ғасырда салынған және бұл өңір елді мекен болған дегенге саяды.Табылған ғимараттың биіктігі – 1,5 метр, аумағы 50 метрді алып жатқан төбешік. Ұзындығы – 23,5, ені – 9,5 метр. Құрылыста 19х5х19см, 10х5х10 см, бұдан кіші көлемдегі қыштар кездеседі. Сонымен бірге керамикалық заттар, қыштар мен адам мүрделері табылды

ЖАНКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

Қазалы ауданы Жанкент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 500 метр жерде орналасқан. Оғыз мемлекетінің IX-X ғасырларда ордасы болған.

Араб тіліндегі жазба деректерде Жанкент қаласы Карьят ал-Хадиса, ал-Мадина ал-Джадида деп аталса, парсы деректерінде Дих-и-Нау, түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Қазақша аудармасында барлық атаулар "жаңа қала", "жаңа қоныс" мағынасын береді.

Бүгінгі күні Жанкент қалашығында ашық аспан астындағы мұражайдың алғышарты жасалып, консервацияланған нысандарды – қорғаныс қабырғалары мен мұнараларын, цитадель, көптеген тұрғын үй орындарын және Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрін көрсететін бөлме композициясын көруге болады. Сондай-ақ қалашықтың тарихи кезеңдері бейнеленген "JANKENT" стеласы орнатылған.

ЖАНҚОЖА БАТЫР КЕСЕНЕСІ

Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан.

Жанқожа батыр ескерткіш кешені 1992 жылы халық батыры және көріпкел әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне арналып салынған және баба рухына тағзым жасайтын қасиетті орын.

ӘЙТЕКЕ БИ ЕСКЕРТКІШІ

Қазалы ауданы Әйтеке би кенті аудандық әкімдік ғимараты алдында орналасқан.​

​Ескерткіш 2018 жылы Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан Кіші жүздің биі – Әйтеке би Байбекұлына есімін ұлықтау мақсатында еңселі ескерткіш бой көтерді. Ескерткіштің ашылуына арнайы Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Әйтеке би кесенесінен топырақ әкелінді.

​Ескерткіш тұтас граниттен жасалған, авторы – Қазақстан Суретшілер jдағының мүшесі, мүсінші Қазбек Сатыбалдин.

БӘБІШ-МОЛА  ҚАЛАШЫҒЫ

Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 47 шақырымда орналасқан. Б.з.д. ІҮ-ІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Бәбіш мола қалашығы Сырдариядан бөлініп шыққан Жаңадария арнасының оң жағалауында орын тепкен сақтардың ордасы болған қала. Қалашықта сақталған құрылыстар "Үлкен үй" жоспары кірер есіктен басталып, екі көлемді мұнаралармен жиектелінетін анфиладты ғимаратымен ерекшеленеді. Үйдің шығыс бөлігінен аршылған жоспары мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады. Бәбіш мола қалашығы басқа аймақтармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалада қолөнершілер мен ұсталар керамикалық ыдыстар, қару-жарақ, сауыт-сайман, ат әбзелдерін, алтын мен күмістен теңдесі жоқ әшекей заттар жасаған. Бұған қалашық орнынан табылған археологиялық бұйымдар айғақ бола алады. ​

ШІРІК-РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ

Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 87 шақырымда орналасқан. Б.з.д. ІV-ІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі. Қалашық Сыр бойы халқының Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған. Шірік-Рабат қаласында үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Шірік Рабат қаласы ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Кейінгі зерттеулер бұл ескерткіште сақ тайпаларының жерлеу кешендері орналасқан пантеон деп болжам жасалды.
 

Талқылау