Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Қыздар жазалануға көніп, қол қойып отырған: Қызғаныштан қыздарды ұрдым деген өгей анаға қатысты сұмдық жайттар айтылды

Өгей қыздарын бірнеше жыл қорлап келген келіншектің арам пиғылы белгілі болды. Жетісай қаласының 28 жастағы тұрғыны бұл іске қызғаныштан барғанын айтыпты. Ол үшін жасөспірімдерді аяусыз ұрып-соғып, жазалаудың бірнеше түрін алдын ала ойластырған.

Қыздар жазалануға көніп, қол қойып отырған: Қызғаныштан қыздарды ұрдым деген өгей анаға қатысты сұмдық жайттар айтылды

Фото: kznews.kz

Келіншек жоспарын кәдімгі дәптерге жазып келіпті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды. 

Жасөспірімдерді жазалаудың жаңа әдісін жетісайлық келіншек қашан және қалай ойлап тапқаны белгісіз. Құдды "Жеті жарғы" секілді. Қыздардың үйде жүріп-тұруы былай тұрсын, олардың әрбірінің айналысар ісін белгілеп қойған. Жазылмаған заңнан ауытқығандар міндетті түрде жазаға тартылады екен. 

Өгей ананың өктемдігі соншалықты қыздарды қалай жазалауды жүйелеп, дәптерге сызып, жазып отырған. Мысал келтіретін болсақ, 8 ақпаннан бастап әрбір қыздың аты-жөнін жазып, 1,4,6,8,11,12 тіпті 150 мәрте таяқ жегендері көрсетіліп тұр. Солай бір айға дейін жалғасады. Ал, ең соңында, "уәдеде тұра алмасам өзімді таспен ұрып жазалаймын және ол үшін 150 мәрте, тағы 150 рет жаза тартуға әзірмін" деген жазба тұр. Ең соңында жазаны алушы қыздың аты-жөні, тіпті таныстым деп қол қойғаны да тұр. 

Бұл қолжазбаның қанша беттен тұратыны белгісіз. Біздің қолымызға тек, үш парақ үзіндісі ғана түсті. Осылайша бейкүнә қыздар келіншектен жылдан аса зәбір көріп келген. Алайда, адам төзгіссіз жағдайды бастан кешсе де, тіс жарып ешкімге ештеме айтпаған. Тек, бізге "әкеміздің бақытты болғанын қаладық" деп қысқа қайырды. 

“Жылай берсе 5 рет тағы да ұра береді, таяқ жейді. Білмеймін, немен ұратынын. Қолымен бе, темірмен бе, ол темірлерді көрсеңіз адамшошырлық", дейді қыздардың әкесі Нұрмаханбек Тойымбетов.

Сәрсенкүл апа Тойымбетовтер отбасымен көрші тұрады. Өгей шешенің озбырлығын кейуана тек соңғы кездері сезе бастапты. Өзге келіндермен ақылдасып, долы келіншекті жөнге салмақшы да болыпты. Бірақ онысынан ештеме шықпағанға ұқсайды. 

“Бізге қарамайды, бізді көрсе, үйге кіріп кететін екі қызы. Үйден шықпайтын. Ал, үлкен қызын қашан көрсеңіз әлгі әйелдің туып алған баласын көтереді де жүреді. Қолынан тастамайды. Ал, шешесі болса, құр екі қолын артына қойып алып, мен секілді жүреді. Кәдімгі туған анасындай болып, баланы көтеріп жүреді үлкен қызы. Қолынан бір тастаған емес”. - дейді көршісі Сәркенгүл Фазылбекова. 

“Біз қолдары кесіліп жүргенін көрдік, жанымыз ашыды, бірақ қолымыздан ештеңе келмейді. Біреудің баласына бірдеңе деп айта алмаймыз”, - дейді көршісі Қаламқас Айнабекова. 

Бүгін алтыншы күн ауруханада жатқан үш қыздың беті бері қарады. Бірақ өткен күннің белгісі енді ұмытыла қояр ма екен?!

“Тілімізді кемпірауызбен қысты. Саныма пышақ тықты. Мені басыммен қабырғаға ұрды. Шашымнан ұстап алып, сүйреді. Шашымның бәрін қырқып тастады”, - деді 12 жастағы қыз. 

“Шашлыктың таяқшасымен басымды, арқамды, қолымды тесіп тастады. Аяғыма 50 реттен кемпірауызбен ұрды. Аяғымды ыстық сумен күйдірді, қолымның барлығына ыстық су шашты”, - деді 14 жастағы қыз.

Дегенмен, күдікке ілінген келіншектің туыстары оған тағылған айыппен толық келіспейді. Қызым үш баланы бауырына басып, өз перзентіндей көрді. Біздің отбасы оларды қабылдады. Тек балаларға аздап ұрысқаны болмаса, қол ұшын тигізген емес дейді. Егер зорлық көрсеткені дәлелденсе, қандай жазаға тартылса да көнеміз деп отыр. 

"Олардың барлығы қыздардың жауаптарына қарағанда, диктовкамен айтып отырған нәрсе ғой", - деді күдікті келіншектің әкесі Пернебай Көбеев. 

- Күйеу балаңыздың туыстары қызыңызға берілген барлық той шығындары мен қалың малды қайтарып беріңіз дегені рас па?

-Рас, рас, иә! Олар маған қалың мал берген жоқ. Тойдың шығындарын қайтар деген.

-Енді қызыңызды ақтап алу үшін не істемек ойыңыз бар, аға?

- Енді адвокаттармен ақылдасып шешерміз. 

Осы күні үш жасөспірімге апасы қарайлауда. Болашақта қамқорлыққа алмақ ниетте. Ал, өгей шешелері қамауда отыр. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр