Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда мешіттерді бұзып жатқанының тағы бір дәлелі көрсетілді

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында екі жылдың ішінде 20-дан астам мешіт ішінара немесе толықтай қиратылды, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian-ге сілтеп.

Бұл ақпаратты ғаламтордағы ашық дерек көздерді зерттеген талдаушылар анықтады. Олардың арасында ғарыштан түсірілген суреттер болды. Ал, бұрын-соңды сол жерлерде өмір сүрген тұрғындардың айтуынша, кезінде ол орындарда мешіттер мен басқа да діни ғимараттар болған. 

Нәтижесінде, сарапшылар 2016 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде 31 мешіт пен екі ірі мазардың елеулі түрде бұзылғанын санап шықты. Яғни, осы мешіттердің 15-і және екі мазар толықтай жойылған. Тізімге сондай-ақ, қажылыққа барушылар келетін Әсім имамның қабірінің айналасындағы кешен де кірген. Сонымен қатар, мешіттердің мұнаралары мен күмбездері де толығымен жойылғаны атап айтылды.

Айта кетсек, 2017 жылдан бастап батыс елдері Қытайды СУАР аумағында қайта тәрбиелеу лагерлер желісін құруда деп айыптап келеді. Оларда миллиондаған ұйғыр мен басқа да мұсылман этникалық топтарының өкілдері ұсталуда деп хабарланды. 

Бейжіңде мұндай орталықтар экстремизмге қарсы тұру бағдарламасының бөлігі болып табылады және ондағыларға пайдалы жұмыс дағдыларын беруге көмектеседі делінеді. Бірақ, қайта оқытудан өткен адамдардың сөзіне қарағанда, лагерлердегі адамдарды азаптаған.

Ал, Қытай билігі мұндай орталықтарда мұсылмандарды қинап ұстап отырғаны туралы хабарды ұзақ уақыт бойы жоққа шығарып келді. Алғаш рет өткен жылдың қазан айында ғана Қытайда лагерлердің бар екені мойындалды. Сонда СУАР парламентінің ресми құжаттарының бірінде, оларда «идеологиялық тәрбие береді, ойды, тәртіпті түзеуге және мемлекеттік тілді – қытай тілін үйренуге көмектеседі» деген ескерту көрсетілген еді.

Талқылау