Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Киіз үйді паналаған 8 балалы әйелге ауылдастары үй салып жатыр

Алматы облысында 8 балалы жалғыз басты ана киіз үйде тұрып жатыр. Әйел қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу үшін емес, амалы жоқтықтан осындай жағдайға түскен. Айгүл Иманғалиева күйеуімен ажырасқаннан кейін осылайша далада қалған.  Дегенмен жақын арада көп балалы отбасы қоныс тойын тойлауы мүмкін. Себебі, балалардың жағдайына алаңдаушылық білдірген ауылдастары қаржы жинап, оларға үй салып беруге кіріскен,-деп жазды КТК арнасы.

киіз-үй

Айгүл Иманғалиева қазір іргетасы қаланған жер теліміне қайта-қайта келіп, ертерек үйді бітіріп, кіруді армандап жүр. Ол бес жыл бұрын  Қоғалы кентінен Қапшағайға көшіп келген. Көп балалы ана сол кезде ақшасыз, баспанасыз әрі жұмыссыз далада қалған еді.

«Мен Қапшағайда ойынханалар бар, сонда жұмысқа тұрамын деп келген едім. Бірақ, ол жоспарым жүзеге аспай қалды. Дегенмен мейрамханада ыдыс жуамын қазір»,-дейді әйел.

Балалардың  анасы жұмыс істеп ақша тапқанымен ол тамақтан артылмасы анық. Ал бұл отбасына осынша баламен пәтер жалдаудың өзі қиынның қиыны екен.

«Үй иелеріне 8 балам бар десем ешкім мені есігінен аттатпайды. Сондықтан пәтер жалдар кезде үш балам бар деймін. Соңғы жалдаған үйімде қожайын ойламаған жерден келіп қалды. Мені балабақша ашып алды деп сол мезетте қуып шықты»,-дейді Айгүл.

Бір жыл бұрын көп балалы анаға жер телімі берілген. Үй салуға қаржы болмағандықтан әйел киіз үй құрып алған. Осы жерде 8 баламен түнеп, осында тамақтанады. Есесіне бұрынғыдай баспана қожайынынан балаларын тығып, жалтақтап отырмайды.

 Ауылдықтар көше бойына құрылған киіз үйді көргенде таң қалған. Кейіннен әйелдің жағдайын білген кәсіпкерлер қаржы жинап, оларға үй салып беруге кірісіпті. Қазір баспананың іргетасы құйылып қойған. Енді кірпішті алып беретін демеуші табылыпты. Еріктілер күн суытқанша үйді бітіруді жоспарлап отыр екен.

 

 

Талқылау