Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халал сауна, халал такси: Елімізде “халал” белгісі бар қызметтердің артықшылығы неде

Халал. Бұрын бұл сөз – шұжықтың сыртына, ет өнімдерінің тысына ғана шапталушы еді. Қазір, шұжықты қойшы, халал су, халал фитнесс, халал сауна дегендер қаптап алды. Алайда бұларға, ондай сертификатты беруші ұйым саны көп болғанымен, бізде оларды бақылаушы бірде-бір мемлекеттік мекеме бар дегенді естімеппіз. Аяқ киім халал, харам деп бөлінуші ме еді? Бөлінгенде қандай?!

Халал сауна, халал такси: Елімізде "халал" белгісі бар қызметтердің артықшылығы неде

Басқа емес, Астананың қақ ортасында сондай халал аяқ-киімдер сататын дүкен бар екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Советтік кезде, сосын тоқсаныншы жылдары шошқа қосылмаса, күллі асты адал деп білдік. Талғамадық. Бертінде білдік қой: Бісміллә деп бауыздалмаса, не сойсаңда, еті арам боларын. Ал қазір… Қазір, ұрттап алған қазақтың өзі, шұжықты халал ма,-деп сұрайтын болған…
Қазір кімнен сұрама, халал жайлы саған молдадан артық түсіндіріп бере алады. Жаппай халал-танушы болып кеткеніміздің бір пайдалы да тұсы бар екен… Мысалға, моңғолдар мыңғырған малын араб, иран жұртына сату үшін, қазақтан қасапшыларды сайлап жатыр. Ол, ол ма?! Тауықты қуырып беретін әлгі, әйгілі фаст-фуд бар емес пе?! Олар, Шымкенттің 30 жігітін арнайы алдыртыпты.

«Ең ақырғы 220 мың құс сойылса да, отыз адам тұрады. Оның 15 түскі, қалған 15- түнгі вахтада тұрады. Конвейрден келіп жатқан тауықтарды бісміллә деп сойып отырады. Соның еттері Қазақстанға келеді» – дейді Халал даму ЖШС орталығының директоры Бейбіт Мырзагелдиев.

Қуырылған тауық сирағын сарт тістегенде, шымкенттік жігіттерге бір алғыс айта саларсыз! Жә, сұрақ. Халал не үшін керек? Қарапайым қазақтың бұ жайында пайымы мынадай:

«Мұсылман халал тамақ жеу керек. Халал тамақ жегеннің жүрегі де таза болады» – дейді қала тұрғыны Сәуле Қожамұратова.
Жүрегі таза адамның дұғасы қабыл болады. Ал, күллі қиындықтан алып шығар дұға-тілеуің қабыл болуы үшін, харамның бір түйірі де өңешке түспесін,-деп ескертіп отырушы еді үлкендер. Иә. Мұсылман қауым, осы себепті халалды тұтынуға тырысады. Бірақ… Халалды мүминдерден бұрын, діні мүлдем бөлек жұрт көбірек алып жүр, соңғы күні…

«Халал мен үшін мұсылмандардың тағамынан бұрын, ол таза, табиғи өнім. Мұнда гмо жоқ. Мал азапталып сойылмайды. Ғалымдар айтып жатыр ғой» – дейді турист Керим Мбуаве.
Халалдың діни және дүние тұрғысындағы пайдаларын, жұрттың бәрі біледі, әне. Сұраныс жоғары. Содан да шығар, «халал» сөзі қазір  шариғат шартынан бұрын, брендке айналып барады. Дәлел?! Көп кәсіпкер, жейтінге де, жемейтінге де әлгі жазуды шаптап жатыр, қаптап жатыр. Жемейтін дегенде былай ғой: Халал сауна, Халал шаштараз, халал аяқ-киім дегендер шығып кетті.

«Халал тамақ дегенді түсінемін, ал енді халал қызмет, халал стамотология дегенде, басқа стамотолигия харам ба?» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.
Адалынан сөйлейтін, халалынан ғана ас-су ішетін депутаттың өзі түсінбей дал. Жарайды, тіске салар дәрілері табиғи шөптен жасалған шығар? Содан халал стамотология атанған болар?! Моншасы мұсылмандық әдепте шығар. Оны да түсіндік. Ал енді, халал аяқ киім деген не?!

Жұртты шулатқан халал аяқ-киім деген осы. Бізде, аяққа қондырып алдық. Халал дегеннен шығады. Егер аяқ-киім халал болса, оны қарның ашып кеткенде жеуге бола ма? Сонда, аяқ киімге тері қылайын деп жатқанда, малды бісмілләмен сойған ба? Халал аяқ киіммен харам жерге баруға бола ма,-деп сұрап жатады. Жо, бұл кәдімгі аяқ киім секілді. Тек бірер айырмасы бар. Сонымен, неге аяқ киімге халал деген ат қойдыңдар?!

«Халал сөзін қолдануымыздың 3 концепциясы бар. ол адал баға, адал сапа және таза былғары» – дейді сатушы Бақтан Бағдадұлы.

Адал бағасы мен адал сапасына көндік. Ал, халал былғары дегені қалай?! Сонда, біз аяққа ілген кебіс харам ба?! Сүйретпең ненің терісінен қапталса да, бәрібір емес пе?!

«Қазіргі жастардың аяғынан жағымсыз иіс шығады. Түрлі грибоктар көбейіп кетті. Соның бәрі осы шошқа, жылан терісін қолданғаннан болады. Ол терілер аяқпен тікелей контактқа түседі. Содан, ол терілерден адамның терісіне әсер етеді» –  дейді сатушы Бақтан Бағдадұлы.

Халал аяқ-киім дегені сонда  таза теріден тігілген, бағасы сапасына сай, алдамайды дегені ғой?! Алдамайды дегеннен шығады. Қалада, халал такси дегендер шыққан. Иә, алдамайды. Сол үшін, халал деген ат алыпты…

«Халал такси деп өзім қойғам. Басты айырмашылығы  менің кабинамда темекі шегілмейді. Мастарды тасымаймын. Көп таксистер сияқты, балағат сөйлемеймін. Пассажирдің ығырына тиіп, саясат соқпаймын. Ең бастысы  300 теңгеге апаратын жерге, 500 теңге сұрамайм» – дейді такси жүргізушісі Әбдірахман Уәлижанов.

Соңғы сөзі баршамызға ұнаған сияқты ғой. Рас, көп таксист 300 теңгенің жеріне мың сұрайтын уағы көп. Сөйте тұра, бәрі жамандайды, сыбанып отырады. Бірақ, байқасаңыз, бұл жүргізушінің тізіп шыққан артықшылықтың баршасы кәдімгі, нағыз таксист жасауы тиіс міндеттер емес пе?! Соған қарағанда, біздің қоғамда, ешкім өзінің міндетін шын, нақ істемейді-ау осы?!

«Енді қазір осы әзілден кейін шығып тұр. Менің Қордайда бір досым бар, милицияда істейтін. Халал милиция дейді. Біраз адам білетін шығар енді. Сонда неге халал милиция дегенде ол өліп бара жатса да біреуден бір сыйлық алмайды, оны бір аппақ жолынан ешкім аударта алмайды. Ол өте семьясына адал. Жүрген жерінде шын мәнінде милиция» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

Шын мәніндегі милиция дегеннен шығып тұр ғой. Бізде, шын, нағыз дегендер аз. Ал пайда болса, шын өнім, нағыз деген өтпейтін, сендірмейтін сияқты. Содан халал атауын тықпалап жүрген сияқтымыз. Ал енді, кейде халал сөзін орынсыз жерлерде пайдаланып жатады. Соның бірі халал бала-бақша. Жәй ғана шариғат шартына сай бақша десе, болмай ма?! Басқа бөбектер сонда, харам жайға барып жүр ме? Тура, сонда «халал су»-ға да қатысты айтуға болады. Сонда «Халал су» маркасынан басқа су харам болғаны ма деген ой келеді. Әлемдегі ең таза зәм-зәм суын да «халал су» деп айтпайды ғой.

«Ал балабақша, монша, аурухана сияқты орындарды сертификаттаудың қажеті жоқ. Балабақшада ислами тәрбие жұмыстары жүргізілуіне байланысты оны халал деп айту орынсыз болады. Себебі, балабақшаның оқыту бағдарламасында мұсылмандық тәрбиенің қамтылуы оны халал деп атауға негіз болмайды. Егер бұлай айтар болсақ, діни тәрбие бермейтін балабақшалар харам болғаны ма?» – дейді «Халал даму» ЖШС  орталығының директоры Бейбіт Мырзагелді.

Халал сөзін бей-берекет әр жерге тықпаштау енді тиылатын шығар? Себебі, адал индустрияны мүфтият өз қолына алып жатыр, минитсрлікте соған бар жағдайды жасауда. Енді, ешбір балабақша, қонақ үй, мектеп немесе колледж, такси қызметіне және тағы басқаларына халал, харам үкімі үлбіреп тұрмайды. Халал енді  тек тамақ өнімдеріне ғана беріледі. Ал қызметті адал еткіңіз келсе, сол имам-молдалар шарт-талабын айтып, көмек бере алады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау