Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кездесу кезінде қыздың өзі үшін ақша төлегені дұрыс па?

Елімізде еркектерге тәуелді болғысы келмейтін, гендерлік теңдікті талап ететін нәзік жандылардың саны күн санап артуда.  Бұған дәлел ретінде көптеген мысалдарды келтіруге болады. Жоғары лауазымдағы әйелдерден бастап, өзінің жеке кәсібін дөңгелеткен келіншектерге дейін. Ендігі сұрақ өз құқықтарын алға тартып жүрген қыз-келіншектер ер азаматпен кездесу кезінде өздері үшін ақша төлегендері дұрыс па? Туындаған сұраққа жауап алу үшін Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Алматы қаласының тұрғындары арасында кішігірім сауалнама жүргізді.

Кездесу кезінде қыздың өзі үшін ақша төлегені қаншалықты дұрыс?

Сұраққа жауап бергендер екі топқа бөлінді. Біріншісі бұл ойды құптаса, екіншілері керісінше қыз-келіншектердің мұндай әрекет жасауына жол бермеу керек екенін айтты.

Аталған жағдай қазіргі қоғамда жиі кездесетінін естіген орта жастағы Сергей таңырқағанын жасыра алмады. Оның ойынша қыз балаға әрдайым қамқорлық таныту керек, олар қаншалықты мықты көрінгенімен жандары өте нәзік екенін мәлімдеді.

«Қыздардың өздері үшін төлегендері дұрыс емес. Барлық шығынды еркектер өздері көтергені дұрыс. Бұндай жағдайды тіпті естімеппін. Қалай сонда ер бала қызды кездесуге шақырып тұрып, оның өзі үшін төлегеніне немқұрайлылық танытады? Басқа мемлекетте қалай екенін білмеймін, бірақ біздің қоғамда бұлай болмауы керек. Қазіргі жастарға бұның дұрыс емес екенін айтып жеткізу керек», – дейді Сергей.

Сауалнама барысында бұл сұрақ көбінесе ер азаматтардың наразылығын тудырғандай көрінді. Дегенмен арасында қыздардың еркіндікті қалайтынын ескере отырып, мұндай жағдайдың қалыпты болып бара жатқанын атаған еркектер де болды.

Солардың бірі 27 жастағы Азамат өзінің құрбысына барлық мәселе бойынша еркіндік беретінін жеткізді. Ол тіпті кездесу кезінде құрбысының өзі үшін төлеуіне де қарсылық танытпайтыны атады.

«Мен мүлде қарсы емеспін. Өйткені ол менен тәуелді болғысы келмейді. Және өзінің табысы бар, өзінің жеке пікірі бар. Қазіргі заманда бұл қалыпты жағдай, бұрынғы кездегідей әйелдер үйде отырып, балаға қарап отырмайды. Себебі бүгінгі балаларды да дамытатын сол аналары, бірақ болашақ ұрпағымыз саналы болсын десек, әйелдеріміздің көзі ашық, жеке пікірлері бар, табысты болулары керек. Ал біз еркектер олардың шешімдері қандай болса да әрдайым тек қолдау көрсетуіміз қажет», – дейді Азамат.

Ал нәзік жандылардың өздері бұған не дейді екен!? Әрине, олардың ішінде гендерлік теңдікті құптағандары да болды. Алайда әйелдер қауымының көпшілігі ер азаматтардың алдында өздерінің әлсіз екендерін сезініп, өздеріне деген қамқорды жылы қабылдайтындарын айтты.

«Әрине ер адам кездесуге шақырғаннан кейін, ол барлық шығынды өзі төлегені дұрыс. Әрі қоғам еркектердің табыс әкелетініне, әйелдердің соны ұқсататынына көніп қалған. Сондықтан ер азаматтың әйелден өзін бір саты жоғары ұстап, үйленгеннен кейін де барлық жағдайын жасап бергені дұрыс деп ойлаймын. Сонда біз келіншектер өзіміздің әлсіз, әрі нәзік екенімізді сезініп, жұбайларымыздың алдында иіліп тұрамыз», – дейді Нағима атты алматылық келіншек.

Бірақ үйленуге бел буған қыз бен жігіттің бір-біріне көрсеткен қолдауы кезінде қыздың өз қалтасынан ақша шығарғанын қалыпты санайтын қыздар да бар болып шықты.

«Жігітіммен қыдырған кезде арасында оның ақшасы жептей қалатын кездер болып тұрады. Әрине ондай жағдайда мен оған қолдау көрсетіп, тіпті екеуміз үшін де төлейтін кездерім болды. Әрине әрбір жігіттің алдында мұндай ашықтық көрсетіп қажет емес, дегенмен сол азаматты өзіңнің болашақ жарың ретінде қабылдасаң неге оған көмектеспеске», – дейді Арай.

Әрине, қанша адам болса, сонша түрлі пікірлер болады. Дегенмен, гендерлік теңдік жолында күрескен қыз-келіншектерге осынша тәкаппарлық танытудың қажеті бар ма бүгінгі қоғамда? Және бұл мәселе еркектердің өзіне деген сенімділіктерін азайтпайды ма? Осы сұрақтар әркімнің түйтігінде қалып қоятына сөзсіз. Алайда қоғамды қалыптастырушы өзіміз болғандықтан, жақсы өзгерістер енгізуге де өзіміздің талпынғанымыз жөн болар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау