Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеудесін тесіп өткен: Шымкентте 12 жастағы жеткіншек тоққа түсіп қалды

Шымкентте 12 жастағы жеткіншек көпқабатты үйдің ауласында тұрған трансформатордың тоғына түсіп қалды. Сол қолынынан денесіне кірген тоқ оң жақ кеудесін тесіп өтіпті. Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан оның сол қолын сақтап қалу үшін барын салуда. Болмаған жағдайда, білек тұсынан кесіп тастаудан басқа амал жоқ деп отыр. Ал анасы болса жауапты компания неге қауіпті нысанның аузын құлыптамай, жай темірмен байлай салған деп ашынып отыр. 

Сурет: «Еуразия бірінші арнасы»

Достарымен жасырынбақ ойнап жүрген 12 жастағы Кирилл есігі ашық тұрғын нысанның ішіне кіріп кеткен. Сол-ақ екен, іштегі жоғары кернеулі токқа қосулы тұрған темірді ұстап қалып, мұрттай ұшқан, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".

Дәрігерлер жасөспірімнің жағдайы ауыр деп отыр. Сол қолынан кірген тоқ оң жақ көкірегін тесіп шығыпты. Салдарынан денесін 4-ші дәрежелі күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр. Енді есін жинай бастапты. Ақ халаттылар әзірге баланың қолын сақтап қалудың бар амалын қарастырып отырғандарын айтады. Болмаған жағдайда, сол қолының білек тұсынан кесіп тастауы мүмкін екен. 

«Алғаш бізге келіп түскен кезде қолы ісіп келген. Сол ісік сәл бәсеңдей бастады. Ісігі азайған соң, қолын кеседі», - дейді Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Қайрат Имаш.

Бауыр еті баласының жағдайын естіген анасы жанын қоярға жер таппай жүр. Өйткені Кирилл Еленаның отбасындағы қыздан кейінгі көрген жалғыз ұлы екен. Күйеуімен ажырасып кетіп, екінші рет тұрмысқа шығыпты. Сол күні анасы үйде қызымен бірге қалып, ұлы аулаға ойнап кеткен көрінеді. Кенет көршілерінің бірі келіп, не болғанын айтқанда, есінен танып қалған. 

Трансформатор көпқабатты тұрғын үйдің ауласына орналасқан. Айналасында балалар ойын алаңшасы мен футболға арналған жер бар. Сондықтан кез келген бала жүгіріп жүріп, есігі ашық тұрған нысанға кіріп-шығуы ғажап емес. Оның үстіне, сол күні Шымкентте нөсерлетіп жауын жауған. 

«Ұлым ішке кіргенде оны тоқ өзіне тарта бастағанын айтты. Сол кезде ол сақтану үшін бір темірге жабысқан. Сол-ақ екен, оны бірнеше рет тоқ ұрып, жерге құлатқан. Орнынан әрең тұрғанда, әлгі күш өзіне қайта тарта бастапты. Содан амалын тауып, сыртқа шыққан. Осы жағдайдан кейін, жарықпен қамтамасыз етуші мекеме трансформатор есігін сыртынан құлыптап тастады. Сонда олар бір адамның тоққа түсуін күтіп жүрді ме? Жоқ әлде міндетті түрде адам жазым болуы қажет пе? Менің ұлымның жазығы не? Енді оған кім кінәлі?» - дейді зардап шеккен баланың анасы Елена Прудникова.

Есігі ашық тұрған трансформаторды сол маңдағы тұрғындар бірден ұялы телефонға түсіріп алған. Ертеңгі күні сотта куәлік ету үшін. Ізінше, энергетиктер жетіп келіп, есіктеріне құлып салып үлгеріпті. Тіпті, есік сыртына сыры кеткен жазбаларды қайта сырлағанға ұқсайды. 

Оның үстіне, әлі күнге ешкім келіп бізден кешірім сұрамады, керісінше, балаңа неге дұрыстап қарамайсың деп өзімізге тап беруде, дейді ашынған ана. 

Осы дерек бойынша жауапты компания өкілінен сұхбат сұрағанымызда, тергеу ісіне қатысты әзірге ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Ал қалалық полиция департаменті бірыңғай тіркеу базасына енгізіпті. 

Талқылау