Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист: Димаштың бұрынғы көмекшісі мені ұрып, залдан қуып шықты

Әнші Димаш Құдайбергеннің бұрынғы PR-менеджері Алпамыс Шәрімов журналистерге ұрсам деп басы бәлеге қалды. Журналистің бірі Алпамыс Шәрімовтің өзін арқасынан ұрып, залдан қуып шыққанын айтты.

“Жайық Пресс” ақпараттық агенттігінің тілшісі Динара Кіндербаева айтуынша, Алпамыс Шәрімов ұйымдастырған гранд-балл соңы дауға ұласқан.

“Орал қаласында өтіп жатқан гранд-балдың даумен өтіп жатқаны бірінші рет емес. Шараға келген журналистердің бәрі тұрып тұрды. Маған суреттен бөлек, видеокадрлар керек болғандықтан баған жанында тұрдым. Бір кезде Алпамыс Шәрімов мені киімімнен ұстап “кет бұл жерден” деді. Ол кешті өткізгендіктен уайымдап тұрған болар деп ойладым. Жерлесіміз деп жүрген адамның істеп отырғаны”, – деп жазады Динара Кіндербаева желіде.

Айтуынша, Алпамыс Шәрімов бұдан кейін де қайта келіп, айқайға басқан. Тіпті арқасынан ұрып жіберген көрінеді.

“Мен Динара Сәтжаннан сұхбат алып тұрғанмын. Сұхбаттан соң бірден суреттерді тексеріп айлайын дедім.Осы кезде біреу арқамнан қақты. Бірнеше рет қағып жібергеннен ауырғанын сездім. Қарасам тағы Алпамыс. “Саған кет дедім” дейді ашуланып. “Менде неңіз бар? Ұрмаңыз мені дедім”. “Ұрам. Ұрам. Бұл жерден кет” деп еріктілерден мені сыртқа шығаруын сұрады. Мен қарсыласқаныммен қоймады. Бір кезде Алпамыстың “Ақ Жайық” арнасының тілшісі Ержан Өтепқалиевпен ерегесіп тұрғанын көрдім. Оған даусын көтере айқайлады, – дейді журналист.

Айтуынша Шәрімов тілші жігітке “сен кімсің, бұл жерден кет” деп айқайлаған. “Өзің кімсің?” деген сұраққа “Мен осының иесімін. Балдың иесімін” деп жауап берген.

“Осы кезде мен араластым. Алпамыс, сіз неге құқығыңыз жоқ нәрсені істеп тұрсыз? Арқамнан неге ұрып тұрсыз? Адамдарды мал көріп тұрсыз” дедім. Ол мені ұрмағанын айтты. Бірақ оның алдында ғана “ұрам” деген өзі еді. “Оңбаған екенсің” деп қарап тұр”.

Жандалдан соң Шәрімовтың әріптесі, Қарлығаш есімді хореограф журналистерден кешірім сұрап, түсіністікпен қарауды сұраған.

“Осыдан кейін әріптесі Қарлығаш келіп, кешірім сұрады. Алпамыстың уайым үстінде жүргенін айтты. Біздің киіміміз сай келмейтініне ренжігенін жеткізді. Бірақ, дресс-код талабын ұстанбаған ұлттық арнаның тілшісімен басқаша қатынаста болды. Ал, біздің қарапайым тілшілердің, дресс-кодпен жүретін жағдайымыз бола бермейді. Балға дейін басқа түсірілімде боламыз. Астық даласында жүріп сюжет жасауымыз мүмкін. Немесе осы баллдан шығып, сол жаққа баруымыз мүмкін. Тіпті, киім ережесін бұзсақ та продюсердің мұндай қатынас ұстауға қақысы жоқ еді. Жерге түс, гранд-балдың төресі, мүмкін сол кезде адамдар саған жақындайды”, – деп жазды Динара Кіндербаева.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау