Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Керемет емес пе: Әлима Көпейдің анасы қуанышты жаңалығымен бөлісті

Қатерлі ісікке шалдыққан Әлима Көпейдің анасы бүгін қуанышты жаңалығымен бөлісті. Америкадағы үздік клиникалардың бірінде ем алып жатқан бүлдіршіннің анасы Айжан Көпейдің сөзінше, соңғы тексеру нәтижесінде Әлиманың омыртқасы мен өкпесінде қатерлі жасушалар жоқ екені анықталған. Өмірде ғажайып бар, дейді қуанышын жасыра алмаған ана, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Керемет емес пе: Әлима Көпейдің анасы қуанышты жаңалығымен бөлісті

Бұған дейінгі тескеру барысында бүлдіршіннің омыртқасында әлдеқандай өсінді бары анықталып, ата-анасы үрейленіп қалған еді. Оның не екенін нақтылау үшін, бірер күн бұрын биопсия жасалған. Қатты қобалжыған Айжан Көпей көпшіліктен дұға жасап, қызының жағдайы жақсы болғанын тілеуін сұраған еді.

Ал бүгін Әлиманың ата-анасы қуанышты жаңалығымен бөлісті.

«Ғажайып бар. Омыртқасы таза. Өз ойымды қалай жеткізерімді де білмеймін. Тек айналамдағылардың бәріне алғыс айтқым келеді.

Ең басты жаңалық – АФП деңгейі өздігінен 21-ге түскен. Бұл керемет емес пе? Сонымен қатар омыртқасында қатерлі жасушалар жоқ, ал өкпесіндегі метастаздар дегені тек тыртық болуы мүмкін. Сондай-ақ, омыртқасындағы өсінді отадан кейінгі тыртыққа ұқсайды», – деп жазды Айжан Көпей Instagram-парақшасында.

Бүлдіршіннің анасының айтуынша, Әлиманың ағзасы қалпына келуі үшін 4 апталық үзіліс берілген. Мұнан кейін АФП деңгейін анықтау үшін қорытынды тексеру жасалып, әрі қарайғы ем-дом жоспары шешіледі.

«Егер бәрі жақсы болса, әр ай сайын АФП деңгейін анықтап, бақылауда ұстайды. Егер оның деңгейі жоғарылап кетсе, жоғары дозалы химиотерапия мен бағаналық жасушалардың алмастырылуы қажет болады», – дейді Әлиманың анасы.

Айжанның сөзіне қарағанда, бағаналық жасушаларды өсіріп, ағзаға орналастыруға шамамен 700 мың доллар (259 млн теңгеден аса) жұмсалады. Бұл ауруханадағы басқа да шығындарды есепке алмағандағы сома екен.

«Алайда мен сенемін, Жаратқанға сенемін және мойынсұнамын», – дейді Айжан Көпей.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін денесінің 50 пайызы қатерлі ісікпен зақымдалған Алима Көпейдің анасы дәрігерлер үшін опық жегенін айтқан еді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау