Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кенеттен болатын жүрек өлімі синдромы кімдерге қатерлі

Ұлттық ұсыныстарға сәйкес, кенеттен болатын жүрек өлімі ретінде науқастың ауру белгілері асқынған сәтте не бір сағат ішінде көз жұмуы түсініледі.

68cd847c8ad612323939f950e04fe0ae

Біз сирек орын алады деп санағанымызбен, кенеттен болатын жүрек өлімі кең таралған. Статистика бойынша, Ресейде осы себептен көз жұматын адамдар саны – шамамен 2200 000-250 000-ге жуық. Дерттің атауынан-ақ белгілі болғандай, өлім күтпеген жерден орын алады. Адам бір қарағанда  сау болып көрінгенімен, аяқ асты көз жұмуы мүмкін. Мұның себебі неде? Ол кімдерге қатерлі? Бұл сұрақтарға кардиолог дәрігер Павел Дергоусов жауап берді.

Қауіпті катализаторлар

Кенеттен болатын жүрек өліміне әкелетін себептер көп. Олардың қатарында төмендегілер аталады:

  • Жүректің ишемиялық ауруы. Ауру себебінен науқас көз жұмған жағдайлар үлесі 80%.
  • Дилатациялық және гипертрофикалық кардиомиопатия (жүрек бұлшықетінің белгісіз дерті).
  • Оң жақ қарыншаның ырғақсыздандырғыш дисплазиясы.
  • Жүрек қақпақшаларының ақауы.
  • Өмірге қауіп төндіретін жүрек соғының ырғақсыздығының дамуына алып келетін тұқымқуалайтын аурулар (Бругад синдромы, QT интервалының ұзару синдромы).
  • Тәждік артериялар даму ауытқушылығы.
  • Улану (ішімдіктен, есірткіден).
  • Кей дәрі-дәрмектерді көп мөлшерде қабылдау.

Кенеттен болатын жүрек өлімінде жасқа байланысты шектеу жоқ: ол егде жастағы адамдар мен жастар арасында да кеңінен таралған. Жалғыз айырмашылығы – ауытқушылықтың дамуында. Жастар арасында жүрек бұлшықетінің белгісіз дерті, миокардит және есірткіден улану белең алса, егде жастағы адамдарда кездесетін ауру себептерінің көш басында –дегенерациялық аурулар (жүрек жеткіліксіздігі, жүрек қақпақшаларының ақауы).

Мұның барлығы қарынша тахикардиясы, қарынша бүлкілдеуі сынды қарынша ырғағының бұзылуына алып келіп, кей жағдайда соңы қайғыға ұласады.

Қалай анықтау керек?

Кенеттен болатын жүрек өліміне алып келетін себеп көп болғандықтан, белгілері де түрлі болуы мүмкін. Тіпті, кей жағдайларда ауру белгілері байқалмайды да. Өкінішке орай, кенеттен болатын жүрек өлімінің бірінші және жалғыз белгісі ретінде көбінесе естен тану байқалады. Басқа белгілеріне кеуденің батып, күйдіріп, ашытып, қысылып ауруы, денеге күш түскенде ауру белгілерінің үдей түсуі, жүректің жылдам не баяу соғы, қан қысымының күрт төмендеуі, сіңір тартылуы жатады.

Қиындық туғызатын бір фактор – аурудың аяқ асты орын алуы. Яғни көшеде, ғимаратта. Ал алғашқы медициналық көмекті айналасындағы жандар көрсетуі тиіс. Олардың барлығының медициналық білімі жоқ екендігі тағы бар.

Көмек алғашқы минутарда-ақ көрсетілуі керек (түрлі себептерге байланысты адам 5 минут ішінде өліп кетеді, ал температураның төмендігі бұл уақытты ұзарта алады).

Егер адам ес-түссіз күйде болса, тыныс алмаса (немесе тыныс алуы қалыпты болмаса) және жүрегі жиырылса (ұйқы күретамыры арқылы тексеріледі), алдымен жедел жәрдем шақырып, бірден жүрек-өкпе реанимациясын жасай бастау керек. Бұл сондайлық оңай шара емес. Оны дұрыс жасау үшін, алдын-ала үйрену қажет. Бүгінде бұл шараның жік-жапсарын түсіндіретін видеороликтер ғаламторда жеткілікті. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек курсын өтуге, арнайы әдебиеттер оқуға болады. Және арнайы қуыршақтың көмегімен жаттыға аласыз. Сонда қажет болған жағдайда әлдекімнің өмірін құтқарып қалу мүмкіндігіне ие боласыз.

Егер жүрек-өкпе реанимациясының негізгі алгоритмдерін атайын болсақ, ол мынадай сипатта. Бүгінгі көзқарас бойынша, көкірек қуысын (семсер тәрізді өсіндіден 2 саусақ жоғары) минутына 100-120 рет жиілікпен жаныша басу ең маңызды әрекет болып табылады. Дәл осындай жиілік қан айналымын ең төменгі деңгейде ұстап тұрады. Көкірек қуысын басу тереңдігі шамамен 5 см болуы тиіс. Ал мұндай шараны жасап көрмеген адамдар өкпе жасанды вентиляция («ауыздан ауызға» үрлеу) жасай алады. Жүрек-өкпе реанимациясын жедел жәрдем келіп жеткенше не адам қозғалысқа келгенше жалғастыру керек.

Алдын алу шаралары

Белгілі болғандай, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу жеңіл. Барлық адам бала күнінен бастап тұрақты түрде медициналық қараудан өтуге дағдылануы тиіс.

Жүрек өліміне алып келетін аурулардың заманауи диагностикасы дерттен аман алып қалу мақсатында алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.

Әсіресе жүрек қызметінде кінәрат бар, отбасы мүшесі кенеттен болатын жүрек өлімінен көз жұмған, естен танған науқастар денсаулығын жіті қадағалауы керек. Сонымен қатар аталған ауытқушылықты болдырмас үшін, зиянды әдеттерден, себепсіз дәрі-дәрмек қабылдаудан аулақ болған абзал. Әрине, дерттің алдын алу үшін өмір салтына өзгеріс енгізу де маңызды. Алдын алу шараларының ең жақсысы – дұрыс тамақтану, шылым шегуден бас тарту, салмағыңызды қалыпқа келтіріп, тұрақты түрде спортпен шұғылдану.

Талқылау