Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеңес заманында қаралмаған тарихты Қазақстан ғалымдары қайта зерттемек

Кеңес заманында тиісті деңгейде зерттелмеген тарихи оқиғаға отандық тарихшылар енді тереңдеп ден қоя бастап, зерттеу жұмыстарын қолға алды.

1454442237_photo

Бұл туралы “31.kz” хабарлайды.

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толды. Бір ғасыр бұрын патша өкіметінің әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы шыққан ереуілдер, жаппай көтеріліске ұласқан. Жаппай қарсылық сипат алған Жетісу мен Торғай өңірі ұлт-азаттық көтерілістің негізгі орталықтары саналды. Осы секілді Кеңес заманында тиісті деңгейде зерттелмеген тарихи оқиғаға  отандық тарихшылар енді тереңдеп ден қоя бастапты.

Жетісу жерінде Қарқара ереуілі деп басталған көтеріліс шілде айында басталған. Негізгі себеп – әскердегі қара жұмысқа адам бермеу. Алғашында стихиялы түрде басталған ереуілдер Бекболат Әшекеев, Жәмеңке Мәмбетовтер басшылық еткен үлкен көтеріліске ұласты. Тіпті, көтерілісшілер Әшекеевті хан сайлады. Көрші Қырғыз елі қозғалыстың 100 жылдығын тойлауды бастап кетті деген отандық тарихшылар бұл сала әлі де терең зерттелмей жатқанын айтады.

“91 жылға дейін көтерілісті зерттеу партиялық принциппен жүрді. Оның ішінде большевик болғаны үшін Амангелді Иманов пен Жетісу жерінде Тоқаш Бокинді ұлықтау, осы қаладан екеуіне де ескерткіш орнатты, парк, көше аттары берілді, – дейді тарихшы Рашид Оразов.

Ал патша жарлығына қарсы шығып, кейінгі кеңес режимін де мойындамаған өзге көтеріліс көсемдері елеусіз қалған. Тарихшының айтуынша, мұрағат қорында 1916 жылғы қозғалысқа қатысты деректер әлі де көп. Айналысқа енгізу қажет дейді. Ал ғалымдардың бір тобы 45 томдық дерек жиналған Қытай мұрағаттарын да ақтарыпты. 1916 жылғы көтеріліске қатысты Қытай деректеріне үңілген тарихшы Нәбижан Мұқамедханұлы шекара асқан қандастар саны 300 мыңға жуық дейді.

“Тек Қазақстан жеріндегі мәселе емес, бұл – үлкен халықаралық мәселеге айналған. Ресей мен Қытай арасында кескілескен келіссөздер жүрген. Ресей әскерлері Қытай территориясына өтіп барып босқындарды атқылаған. Оларға тоқтау салған. Айтады, 500 әскер 2 пулеметпен келіп, біздің шекараның жанында босқындарды тоқтатып, оқ жаудырды дейді. Өлген адамда сан жоқ”, – дейді тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқамедханұлы.

Қытай билігі шекараны бұзып кірген сан мыңдаған адамдарға босқын деген мәртебе беруден бас тартқан. Себебі оларды қамтамасыз ету керек. Сондықтан Ресеймен ұзақ келіссөздер Қытай аумағына кірген қазақтарды кері қайтару жолында болыпты. Көтерілісті зерттеген тарихшылар әлі де тың деректер жариялаймыз деді.


Оқи отырыңыз:

Болашақ тарихшылардан өзге студенттер “Қазақстан тарихын” оқымауы мүмкін

Томирис заманына тиесілі әйел жынысын қорғайтын бұйым ғалымдарды әуреге салған

 

Талқылау