Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазККА-дағы жемқорлықты әшкере қылған студентті оқудан шығарып жатыр (фото)

Бір кездері оқу орнындағы оқытушылардың шәкірттерден заңсыз түрде ақша жинайтынын әшкерелеген Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенті бүгінде оқудан шығарылайын деп жатыр. Студенттің анасы ұлының білімі дұрыс бағаланбағанын айтып ашынды.

тынышпаев

Оқу орнының студенті Байсейіт Ержанның анасы Данышпанова Диляра ұлының сынақтан өте алмағанын растайтын бейнежазба мен жауап парақшасын ала алмай жүргенін айтады.

«Ұлым Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында 4-курста оқиды. Академияның проректоры Құттыбаев Ұлан Сансызбайұлымен жолығып, апелляция қағазын талап еттім. Алайда, олардың қағазды беретін түрі жоқ. Проректордан неге бермейтінін сұрасам, ол «бергім келсе беремін, бергім келмесе, бермеймін» деді. Ұлымның жауап парақшасын да көрсетпейді. Оқу орнының ректорына ұлымның жауап парақшасы мен бейнежазбасын көрсетуін сұрап, хаттама жазғанмын. Бірақ ол жақтан да ешнәрсе берілмеді. Хабарласып сұрасам, дайын еместігін айтады. Қашан дайын болатынын да айтпайды», – дейді Диляра Данышпанова.

Студентті анасы бұл жағдайдың ұлының академиядағы былықтарды әшкере еткеннен кейін басталғанын да сөз етті.

Әшкерелеудің нәтижесінде кафедра оқытушылары істі болған. Ақырында студент Байсейіт Ержанды мемлекеттік емтиханнан құлатып отыр. 4 жылдан бері шәкіртақы алып оқып келген студенттің анасын ректорат ата-ана ретінде қабылдамапты. Тіпті сөйлесуге құлықсыздық танытқан.

«Емтиханнан құлатса да, ұлымның сынақтан қанша балл алғанын көрейін десем, ол қағазды маған бермейді», – дейді студенттің анасы.

Ержанның анасы оқу орнындағы мұғалімдердің пара алатынын әшкере еткені үшін өз ұлын ғана емес, оны қолдаған басқа да студенттерді кейбір пәндерден мұғалімдердің қиындықтарды қолдан жасағанын айтады.

«Арыз жазған 12 бала әділеттік орнамаса диплом қорғамайтындарын айтты. Балам ара-тұра ауырып, сабақтан қалғаны болмаса, сабаққа тұрақты түрде қатысқан. Емтиханға да жақсы дайындалды. Сынақтан кемінде 60 балл алуым керек деп жүрген баланы, мүлде құлатып тастады. Сонда ол төрт жыл оқып, бітіретін кезде үш деген баға ала алмайды ма? Бала сондай қабілетсіз болса неге оны бірінше немесе екінші курстан бастап оқудан шығарып тастамады?», – дейді Ержанның анасы.

“Егер ұлымды расымен де емтиханнан құлататындай болса, бейнежазбасы бар ғой, соны министрлік, ректорат, ата-ана болып бәріміз көріп, ақ-қарасына көз жеткізейік. Неге оқу орны басшылығы бар құжатты көрсетпей отыр? Себебі видеода бала өз сұрағына жауап берген. Парақшасын толтырған. Сол үшін де оны көрсете алмайды. Академия басшылары студентті белсенділігі үшін жазаламаса неге бірден ашық әңгімеге көшпейді. Осылай бүркемелеп Ержанның басқа студенттерге үлгі болмауын қалап отыр”, – деп түйді ана.

Анасының сөздерін Ержанның өзі де растап отыр.

«Мұғалімдерге ақша жинаудан бас тартқаннан кейін жағдайымыз қиындай бастады. Емтиханға дайындалып кірдім. Тапсырған соң кемінде 60 балл жинайтын шығармын деп үміттенгем.  Өйткені бары 100 билет. Оны алдын ала бізге беріп қойған. Белсенділігім үшін аралық бақылауларда қинағанын көріп, бұрынғыдан да қатты күш салып дайындалдым. Жауап парақшамда бәрін жазғанмын. Оны көрсетпей отыр. Нәтижесінде , бір пәннен тек 16 балл ғана қойды. Енді мемлекеттік емтиханнан өтпегенім үшін оқудан шығармақшы. Бұдан бұрын былығы әшкереленген соң кураторымыз жұмысынан босатылған. Сол кезде Жанат Наймантайұлы “мен сендер бітіргенде жұмысыма қайтып келемін, диплом аламын деп армандамаңдар,  мен кеткеніммен сенің ісіңмен кафедра мұғалімдері айналысады” деп айтып кеткен еді. Ол сөздердің де менде аудиожазбасы бар. Ал, өзге оқытушылар сабақ кезінде  «Сендер адамды нанынан айырдыңдар, обалына қалдыңдар, емтиханнан қалай өтеміз деп отырсыңдар?”» деп айтып жүрді. Бұл айтқандарымды курстастарым да растап бере алады. Тіпті ақша бопсалап шаршатқан кураторымыз “Сендермен ерегісетін болсам, ешкім сендерді таппай қалуы мүмкін” деп қорқытуға көшті. Менде оның да аудио жазбасы бар.», – дейді студенттің өзі.

Ержан ақша талап еткен сөздер жазылған WhatsApp жазбаларының фотосын да көрсетті.

Студенттердің академияда оқу жылының екінші маусымынан бастап заңсыз ақша жинайтынын жария еткеннен кейін оқу орнының әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізіп, 4-курс студенттерінен заңсыз ақша жинаған 3 оқытушыны анықтаған болатын.

Өткен жылы да тура осы Академияда бітіруші студенттердің диплом алатын сәтте, оқу орны басшылығынан осындай қиындықтар көргенін көптеген басылымдар жарыса жазды. Бұл кезде де ректор студенттерді бағалаған комисси осындай шешімге келіп, олардың біліміне қанағаттанбады деп жауап берген еді. Ол кезде де студенттер факультет деканы мен ректордың орнынан кетуңн талап еткен еді.

“Екінші жыл қатарынан студенттерді мемлекеттік емтихан мен диплом қорғауда “білімдерін көрсете алмады” деген Академияның  жұмысы неге жалғасып кележатқаны да түсініксіз. Егер мұғалімдер балаға қажетті білім бере алмаса өздері емтихан тапсырып, білімдерін тексеріп көрсін. Әлде бұл көпшілікті көкейінде тұрғандай нағыз жемқорлардың мекені ме?” дейді Ержан Байсейіттің анасы Диляра.

pogudx3sd9h4mlj1jg_36348f0d

pogudx4cbb1mn4cbr_c76d76a3

pogudx4q9g3g5mjhj_54d3a161Сту

pogudx5928cjgicbc_e5c980d4

Студенттер берген группаның ортақ чатында жазылған хаттардан куратордың  өзге мұғалімдермен білім алушыларды байланыстырып отырғанын байқауға болады. Мұнда  топ басшысы ақшаны жинап, кураторға беріп отырғанын, куратор оны өзге мұғалімдерге жеткізетінін өздері жазған.

Көтерілген мәселеге байланысты Академия тарапы телефон арқылы сұхбат беруден бас тартты.

 

Талқылау