Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың жауы қазақтың өзі: Елбасын мадақтағаны үшін сынға қалған актриса елге жауап берді

Елбасыны туған күнімен құттықтап, оның мақтауын асырған актриса Қарагөз Сүлейменованың басы дауға қалды. Танымал өнер иесін көпшілік “жағымпаз” деп сынға алған. Елдің сөзіне шыдамаған актриса өзін сынға алғандарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақтың жауы қазақтың өзі: Елбасын мадақтағаны үшін сынға қалған актриса елге жауап берді

“Көпшілігіңіз Елбасыны құттықтап жазған постыма түрлі пікір қалдырып, негативті ойлар жазып жатырсыздар. Әуелі, егемендіктің қалай келгенін біз де көзімізбен көрдік. Кеңес заманында автобуста, қоғамдық орындарда қазақша сөйлесең айналаңдағылар түтіп жеп қоятын. Қазір сол күндерді артта қалдырдық. Кез келген тағамды нан мен сүтті алу үшін де саулап кезекке тұрған кездер көзден бұлбұл ұшты. Қазіргі күні әрбір екінші үйде кемінде бір машинадан бар. Балаларымызды шетелде оқытуға талпынып жатырмыз. Білім шекарасы кеңейді. Алынып жатқан кредиттер арқылы қаншама отбасы баспаналы болды. Ал сол айтып отырған Қытайдағы баспанының көлемі қандай? 5 кв метрге ас бөлмесі де қонақ бөлмесі де сыйып отыр. Соған қарамастан бұл елде тәртіп бар. Барыңызды базарлап үйрену керек. Болмайтын дүниеге шашылып, тойға миллиондап кредит аламыз. Соңында оған мемлекет кінәлі. Үйдегі есіктің топсасы түсіп кетсе де оны Елбасыдан көру әбестік”, – дейді Қарагөз Сүлейменова.

Өнер иесінің айтуынша, еңбектенген адам қашан да табысқа жетеді. Сол үшін де үйде жатып, бар мәселеге президентті кінәлаудың өзі ағаттық, дейді Досхан Жолжақсыновтың жары.

“Мәселемізді жергілікті билікке, ауыл, аудан, қала, облыс әкімдеріне жеткізе алмаймыз. Себебі құрығы ұзын. Төске шабуға қорқамыз. Кейде бар жұмысты игере алмай, көпке өкпе артамыз. Бәріміз жоғары жақта отырғымыз келеді. Қарапайым еңбекті бәлсініп, кеуде соғамыз. Ондай адамдар барлығымыздың ортамызда, біздің де ағайын-туыстың ішінде бар. Бірақ адал еңбектің наны қашан да берекелі болады. Тек еңбек қана адамды жетістікке жетелейді. Менің де отбасым біреуден ілгерінді, біреуден кейінді еңбектің арқасында ешкімге қол жаймай күнін көріп келеді. Үлде мен бүлдеге оранып, ешкімнің нанын тартып жеп отырған жоқпыз. Талмай еңбек қылған адамға мүмкіндік қашан да табылады. Ал оңай табыс еш жерде жоқ. Өзге елдерде мемлекет басшысы түгіл, жұмыс беріп отырған мекеменің басшысына тіл тигізіп, ауыр сөз айтуга болмайды. Заңмен жазаланады. Ал сіздердің жазып отырған дүниелеріңіз болмысымызға, мәдениетімізге жат.

Әйел адам аузына келгенін айтып жазса, үйдегі ұрпаққа қандай тәрбие? Мұндай сөзбен егемендіктің қадір қасиетін қалай сезінеміз? Таңертеңнен кешке дейін тек тойда жүрген жоқпын. Ел ішін мен де аралап келдім. Ел ішіндегі адамдарды қатты жақсы көремін. Нағыз еңбек сіздердікі.

Еңбектеріңізді, көңілдеріңізді бағалаймын. Теледидардан мінберге шығып сөйле дейсіздер.. Күнде тек өлім-жітім, жоқшылықты насихаттасақ, қалай дамимыз?Әрқайсымыз шығып ұрандата беретіндей телеарна ойыншық емес қой. Елдің саясатын жүргізіп, халыққа оң бағыт – бағдар, рухани дүниелер беріп отырған киелі орын. «Көшпенділер» фильміндегі Қалдан Сереннің сөзі ойыма оралып тұр: «Әр қатынның айтқанын істей берсем, менің хандығым қайсы».

Әрқайсымыз әр жаққа тартсақ, мемлекетіміз қалай өседі? Қазақтың жауы қазақтың өзі. Аяқтан тартпай, жұмылып жұдырық болсақ, еңбекке талпынсақ жағдайымыз нашар болмайды. Уақытымызды бос сөзге шығын қылмай, білім алып, сауаттылыққа ұмтылсақ , қазақтың қыздары, аналары ұрпағына өнегелі тәрбие үйретсе қандай жақсы? “Қазақты тек қамшылап отыру керек” – деген түсініктен арылатын уақыт келді, ағайын”, – дейді Қарагөз Сүлейменова.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау