Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың тағамдары Байқоңырдан ұшырылатын әрбір экипаждың ас мәзіріне енгізілмек

Айдын Айымбетов ғарышқа ұшар алдында ол ұлттық тағам элементтері бар азық-түліктерді өзімен бірге ала баратыны айтылған болатын. Қазақстандық ғарышкер үшін 9 тамақтан тұратын «Дастарқан» мәзірі әзірленген.

144

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Мәзірге құрғақ бие сүтінен жасалған, түрлі дәмдеуіштер, дән, қарақат қосылған ірімшік, құрт, кондитерлік өнімдер, өрік-мейізден кептірілген шығыс тәттілері, жылқы етінің сорпасы, лимон қосылған шай енген. Азық-түлік Қазақ тағамтану академиясында жасалды. Осы ретте ғарышкерлерге арналған тағам мәзірі жайында Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында жастармен кездесу барысында Қазақ тағамтану академиясының арнайы азық-түлік биотехнологиясы зертханасының жетекшісі Юрий Синявский кеңінен баяндап берді.

Атап айтқанда, Қазақ тағамтану академиясы 25 жыл бойы орбиталық кешендерге қазақ ұлттық тағамдары элементтерімен арнайы азық-түлікті жеткізуге қатысып келе жатыр. Бұл тұрғыда бірінші кезекте ғарыштағы сапар кезінде адамның ағзасына кері факторларды тағамдардың көмегімен төмендетуге ерекше мән беріледі. Яғни, ғарышкерге салмақсыздық жағдайы, қимыл белсенділігінің аздығы, жоғары және төмен тоқ жиілігі, стресстік, сондай-ақ штаттан тыс жағдайлар кері әсер ететіні анық.

«Бұл теріс әсерлерді төмендету үшін арнайы тағамдар әзірленеді. Алайда олар ғарышкерлердің базалық тағам мөлшері мен мәзіріне кірмейді. Базалық мәзір бір тәулікте ағзаға қажетті негізгі заттармен қанағаттандырады. Бірақ та, соңғы кезде ғалымдар тек осы мәзірмен ғарышкерлердің бейімделуі проблемасын шешу мүмкін емес екенін анықтады. Ғарыш стансасында болуы мен Жерге оралу үдерістері адам ағзасына физиологиялық тұрғыда ауыр ықпал етеді. Яғни, барлық жүйе қайта реттелу үрдісінен өтеді. Сондықтан да бұл жағдайда бізге осы кері факторлардың тәуекелін төмендету қажет болады. Ал базалық мәзірмен біз оны жасай алмамыз», – деді Юрий Синявский.

Бұл ретте отандық ғалымдар ғарыштағы кері факторларды төмендетуге бағытталған тағамдар топтамасын құрумен бірінші қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің экспедициясынан бастаған болатын. Ғарыштағы дастарқан мәзірі қазақ тағамдары элементтерін қамтуы тиістігі назарға алынды. «Дастарқан» атты алты жобаны жүзеге асыру барысында мәзір үнемі жетілдіріліп отырды. Осы орайда Айдын Айымбетов «Дастарқан-6» жобасын тәжірибеден өткізді.

«Кез келген ғарыш экспедицияларында станса бортындағы экипаж мүшелігінде қай елдің өкілі болса, сол мемлекеттің күні атап өтіледі. Бұл тұрғыда Қазақстан, Малайзия немесе Дания күні деп белгілейді. Сол күндері еліміздің қызықты тарихи мәліметтері жайында айтумен қатар, ұлттық тағамдардан дәм татқызады. Біз ғарышкерлер тамақтанатын мәзірде бірінші, екінші, үшінші тағам түрлерін және дисерттерді енгізуге тырыстық. Олардың барлығына биологиялық пайдалы заттар қосылды. Бұл өз кезегінде ғарышкерлердің иммунитетіне жақсы әсер етіп, стансадағы салмақсыздықтың кері ықпалын төмендетті», – деп түсіндіріп өтті ғалым.

Атап өтерлігі, ғарышта адамның остеопорозы белсенді түрде дамиды, яғни кальций құрамы жойыла бастайды. Сондықтан да ғарышкер тамақтанатын ас мәзірінде сүттен жасалған өнімдер міндетті болуы тиіс. Осы орайда кальциймен тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін ірімшікпен тамақтандыру керек. Оның 100 граммында адамға тәулігіне қажетті норма бар көрінеді.

20160408181645

«Бортқа қазақтың ұлттық тағамдары элементтерін қамтитын өнімдерді жеткізу мақсаты қойылғаннан кейін, біз дәстүрлі өнім болып табылатын бие сүтінен жасалған өнімге тоқталдық. Бие сүті өзінің химиялық құрамы бойынша бірегей өнім екенін атап өткен жөн. Сондықтан осы мәліметтерді ескере отырып, Айдын Айымбетовтің бортта тамақтанатын өнімдердің құрамына азық-түліктің тұтас топтамасын даярладық. Бұл тағамдарда ағзаға ең қажетті дәрумендер қамтылды», – деді Қазақ тағамтану академиясының өкілі.

Белгілі болғандай, астронавтар мәзіріне сонымен қатар «Жұлдыз», «Бәйтерек», «Байқоңыр» деген атаумен түрлі көкөніс салаттары да ұсынылған.

Талқылау