Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері: Ақынды қазақтың Пушкині деп атады

Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі көрнекті қазақ жазушысы, ақын, публицист, жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына тоқталып, оның бірнеше өлеңдерін ұсынады.

Қазақтың Пушкині атанған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері

Алаш арысы Мағжан Жұмабаев Шекспир, Пушкин, Соловьевтен бастап символизммен, технократиямен және Шпенглермен аяқталатын жалпы адамзаттық көркем және ғылыми мұраларға зейін қойып, қолға алған ақын. Біздің заманымызда кең таралған өмірлік мотивтер оның шығармаларында айқын көрініс тапқан. Көпжылдық үнсіздіктен кейін Мағжан Жұмабаев халыққа қайтадан ашылды.

Мағжан поэзиясында драмалық сарын да бар. Ол әділетсіздік пен қорлық, зұлмат және зорлық-зомбылықпен күресудің дұрыстығына толығымен сенген батыл адам.Мағжан сол заманның өзінде ұлы ақын Абайдың дәстүрін жалғастырушы мұрагер деп аталған. Ол алғаш болып қазақ поэзиясын дидактикадан тазартқан ақын.

Ақын шығармашылығын сол қиын кезеңнің нақты тарихи шындығымен органикалық байланыста қарастыру керек. Яғни, қазақ халқының өмірлік құрылымында бұрын-соңды болмаған өзгеріс, ең үлкен әлеуметтік төңкерістер дәуірінің келуімен бірге қарастыру қажет. Патшалық Ресейдің төңірегіндегі халықтың өміріндегі барлық алдыңғы қатарлы және прогресшіл  әрекеттер ұлт-азаттық қозғалыспен байланысты болды. Міне, сондықтан Мағжан Жұмабаев революцияға дейінгі кезеңдегі барлық шығарамаларында  халықты әйелдерге білім беруге шақырды. Ешкім де революцияға дейінгі ауылдағы қорғансыз қазақ әйелінің аянышты күйін Мағжан секілді нақты ашып көрсеткен  емес. Оған ақынның «Шын сорлы», «Жас келін», «Әйел» секілді өлеңдері дәлел болмақ.

Шын сорлы

Күн суық, қатты аяз, шыдар емес,
Қар борап соққан желмен қылып егес.
Кедейлер үсіп-тоңып, дір қалтырар,
Жылы үйде байлар жатар, уайым жемес.

Түн болып, қара тонын киіп еді,
Қатты жел барлық күшін жиып еді
Ақтарып астын үст қып, гулеп соғып,
Дөндегі қарды ойға үйіп еді.

Д үрілдеп сұп-суық жел соққан шақта,
Қар борап, үй айнала тыққан шақта
Шыдамай жан-жануар жел етіне,
Бүкшиіп теріс қарап ыққан шақта,-

Балтабай Оразкенді шаштан ұстап,
Нығарлап әр түкпірге сүйреп тастап,
Құт ұшырар естілген қатты дауыс:
«Анаң, енең!..Шық үйден! Жолыңды тап!»

Бейшара Оразкеннің түсі қашқан,
Жылауға, қозғалуға есі адасқан.
«Аяғым ауыр, қой деймін!»- деп айтқанда,
Дүр қамшы ойнап кеткен қайран бастан.

Балтабай бір қолымен есік ашты,
Тепкен соң, сорлы Оразкен далаға асты.
«Кірме, өл далада, иттің баласы!»- деп,
Бекітіп, іште тұрып есік басты.

Оразкен екпінменен құлай кетті,
Есі ауып, жансыз болып, сұлай кетті.
Әдейі өшіккендей тасбауыр жел
Д үрілдеп, астын үст қып борай кетті.

Оразкен бас көтерді есін жиып,
Көз алды дулап кетті от боп күйіп.
Басынан сорғалаған қап-қара қан
Ағады үлбіреген бетке тиіп.

Дәрмен жоқ, көзі тұнып, тұр балбырап,
«Жасаған, жарылқа!»- деп, жәрдем сұрап.
Қар борап, дүрілдеп жел соққан шақта,
Кетеді сорлы Оразкен дір қалтырап.

Жас келін

Жаңа түскен жас келін,
Кемпірлерге ас келін.
Орамал-шаршы бермесе,
Абұйырсыз тас келін.
Алғанға қабақ шытпаса,
Сонда болар бас келін.
Жаңа түскен келіншек
Болмайды тіпті еріншек.
Құдайдың берген тоқтығы –
Ac болады ірімшік.
Жас келіншек – тоқ қонақ,
Болмайды тіпті сұғанақ.
Арып-талып жүрсе де,
Ойлайтыны жақсы атақ.
Бұрқыраған дауылда,
Сабап құйған жауында,
Ләм деп бір сөз шығармай,
Жас келін жүрер сауында.
Бірін бірі іздескен,
Қараңғыда көздескен,
«Басым жерге кіргенше,
Жаным – сен!» деп сөздескен.
Жас келіннің күйеуі –
Мұңын ашар сүйеуі.

Әйел

Қылмыстан жазып Тәңіріге,
Қарсы келіп әміріне,
Қуылды Адам жұмақтан.
«Қайт,- деген,- қара жеріңе,
Бесігіңе, көріңе!»-
Бұйрық болды бір хақтан.
Батпас жарық күні жоқ,
Періштелер үні жоқ,
Айнала – өлім тып-тыныш.
Өткелсіз биік тауы бар,
Есепсіз түрлі жауы бар,
Қараңғы көрдей қорқыныш.
Жерге түсті жалаңаш,
Көңілде – қасірет, көзде – жас,
«Кеш, Тәңірі!»- деп сұрады.
Қорықты ма қатты жазадан,
Алда құр жалғыз азадан,
Зарлады, қатты жылады.
Жерде жалғыз зарығып,
Көктегі жұмақ сағынып,
Жылады баспай өксігін.
Жасты көріп, Жаратқан,
Ыстық дария боп аққан,
Ашты рақмет есігін.
Жұмақтың жібек желінен,
Жайнаған мәңгі гүлінен,
Хош иісін аңқытып,
Күміс кәусар суынан,
Суының алтын буынан,
Бетінде нұрын балқытып,
Көктің батпас Күнінен,
Періштелер үнінен,
Жұмақта хорлар лебізінен,
Өз нұрынан нұр бөліп,
Сезгіш, сүйгіш жан беріп,
Махаббат, рахмет теңізінен,-
Жаратты Тәңірі әйелді:
Бастасын деп бар ерді
Туралық, шындық жолына.
«Адаспассың, азбассың,
Тура жолдан жазбассың,
Ерсең,- деп,- мұның соңына!»
«Жұмақтан жырақ кеттім!-деп,-
Кешілмес күнә еттім!»- деп,
Жылама зарлап, налыма!
Жолбасшыңнан өрнек ап,
Сенің де көңілің болса ақ,
Жұмақ даяр тағы да!»
Өтті заман. Жас кепті.
Қорқыныш, қатер, қайғы өтті,
Ұмытты адам Алласын.
Жауыздың жасы жалған ба ед?
Жауыздық оған арман ба ед?
Жер жұтты ма уағдасын?
Кешегі әйел-періште
Адамды бастар ғарышқа,
Жүзі жарқын нұрлы айдан,-
Еңіретіп күң ғып сататын,
Еріккенде ойнап жататын
Болды, қалды бір хайуан.
Енді ежелгі көркі жоқ,
Көргені қорлық, еркі жоқ,
Естисің бе зарлы үнін?
Бұл ісіңді қоймасаң,
Әйелмен ылғи ойнасаң,
Жүрмесін көп боп бұл күнің!

Мағжан Жұмабаев үнемі езгіге ұшырап, озбырлық көргенді жақтап, олардың мұңын жырлады. Әсіресе, қазақ кедейлерін жаппай тыл жұмыстарына жұмылдыру кезеңінде ақынның ашулы үні ерекше шықты. Ақын 1916 жылы тыл жұмысына тартылған қазақтардың жағдайы туралы «Орамал» атты өлеңдер циклын жазды. Бұл өлеңде Мағжан сұр пальто киіп, қолына күрегін алып, жертаса қазуға кеткен сүйіктісіне арнап  орамал тіккен жас қыздың мұң-зарын жеткізеді.

Орамал 

Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп…
Күз сарғайтты қайыңды,
Мен де бірге сарғайдым.
Қара бұлт жауып айымды,
Жылаймын, күйем, зарлаймын.
Толып қалды төрт айға,
Күйікпенен күн өтгі.
Жарымды өкіріп отарба
Қанды жаққа әкетті
Елін ойлап қамығып,
Жүрегі толып дерт-шерге,
Жүр екен жаным жабығып
Осы күні қай жерде?
Жарқ-жұрқ сансыз көзі бар,
Бейне жынның ұясы,
Ың-жың, у-шу сөзі бар,
Түсірмес жарық қиясы.
Жылы жүзді жаны жоқ,
Қалада жүдеп жүр ме екен?
Жақыны жоқ, жары жоқ,
Жалған оған көр ме екен?
Солдатша сымдай киініп,
Шекпені оның сұр ма екен?
Күрегіне сүйеніп,
Суықта жаурап тұр ма екен?
Жатқан шығар ор қазып,
Жауға ма әлде өзіне.
Бұрыла алмай бой жазып,
Қайғы шығып жүзіне…
Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп?..
Орала берме, жібегім,
Тезірек жүрші, сен де, біз.
Сенсің қымбат керегім,
Алақандай ақ бәтес.
Қайғыдан өлсем, арман жоқ,
Ақиреттік жолдасым.
Көзімде жас қалған жоқ,
Кестеге сінді бар жасым.
Орамалды алып сорлыңнан,
Көзіңе жасыңды іріккенде,
Күрсініп ауыр, сәулемжан,
Көзіңді ақырын сүрткенде.
Жасаған ие, тілегім:
Аралассын жасқа жас.
Орала берме, жібегім,
Сенсің жаным, ақ бәтес.
Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп?..

Мағжанның туған жеріне және туған халқына деген сүйіспеншілігі шексіз. Оның шығармаларынан өткеннің жыры, бұрынғыны аңсап түңілген үні естіледі. Қазақ халқының өткенді дәріптеушілігі сезіледі.Мағжан Жұмабаев өлеңдері арқылы адамның рухани өмірінің ең күрделі жақтарын жеткізе алды. Оның табиғатқа деген сүйіспеншілігі жоғары рухтылықпен ерекшеленеді. Мағжан «Ертеңгі сәулелер» өлеңіарқылы алғаш болып шығыс поэзиясына лирикалық пейзаж енгізді.

Ертеңгі сәулелер

Көкте жүзіп жарық күн,
Нұрын шаша бастады.
Оянсын деп жер жүзі,
Алтын сәуле тастады.
Бірінші сәуле ұшты да,
Бозторғайды оятты.
Сескеніп, сасып торғайың,
Жалмаң қақты қанатты.
Көтеріліп аспанға,
Көктем жырын жырлады:
(Кірісті іске шаттықпен,
Жалқауланып тұрмады)
«Қандай жақсы ертеңгі
Саф ауада демалу,
Таза, жақсы ауадан
Бұл денеге ем алу!»
Екінші сәуле ұшты да,
Барып түсті қоянға.
Шаттықпенен секірді
Секситіп құлақ қоян да.
Шықты шөпке секіріп,
Ертеңгі тамақ іздеді.
Жұмсақ, тәтті сұлы шөп
Көп ішінен көздеді.
Үшінші сәуле тауықтың
Ұясына дәл түсті.
«Кукареку» деп әтеш те,
Қақты қанат, сілкіді үсті.
Тауықтар ұшып ұядан,
Қыт-қытқа басып, шөп-шарды
Аралап, іздеп бір тынбай
Арасынан кұрттарды.
Төртінші сәуле араның
Ұясына түсті дәл.
Балауызды ұядан
Шықты жимақ болып бал.
Терезеге отырды,
Қанатын түзеп оңтайлап.
Зұм-зұм ұшты, жөнелді,
Бал жиямын деп ойлап.
Иісі жақсы шөптерден
Ерінбей-талмай бал жияр.
Өлеңін айтып күңіреніп,
Жібектей шөпте хал жияр.
Бесінші сәуле тұп-тура
Түскен екен балаға –
Еңбексіз, жалқау, еріншек,
Істен қашқан шалаға.
Өткір сәуле көзіне
Оятам деп түссе де,
Айналған, жатқан, ұйықтаған,
Хабарсыз, дүние көшсе де.
Ойлап тұрсаң, мінеки,
Дәл осындай біздің жай.
Сәулесіне білімнің
Басқа жұрт ашқан көзін-ай.
Өнерлікпен көкке асқан
Көре алмадық азын-ай.
Жамылдық, жаттық, ұйықтадық,
Келдік өлер кезіне-ай!

Мағжанның поэзиясы өмірін бір минутқа да тоқтатқан емес. Оның өлеңдері халық арасында, атаусыз, ұжымдық халық шығармашылығы ретінде өмір сүреді. Көркем сөздің көптеген басқа да шеберлері секілді Мағжан тек поэзияда ғана емес, сонымен қатар басқа да жанрларда – прозада, публицистикада өзін танына алды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
19.12.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар