Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақты арандатқан әйел желі қолданушыларының ашуына тиді (видео)

Соңғы кезде әлеуметтік желі парақшаларында ұлтаралық арандату видеоларының көп тарап кеткенін байқауға болады. Жақын арада Павлодар облысында қазақ дәрігердің науқас баланы ұлтына қарап қабылдамағаны желіні шулақтан еді. Кезекті видеода тағы да қазақ пен орыс ұлтының сөзге келіспегендері түсірілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Атап айтсақ, Инстаграм парақшасында таралған видеода тек қазақ әйелдің сөйлегені көрінеді. Онда келіншек «Орыстар әбден басынған екенсіңдер. Қазақтарды басқарғыларың келеді. Біздің аузымызды жабасыңдар. Ойларыңа келгенді істейсіңдер. Мен өзімнің үйімдемін, өзімнің жерімдемін. Менің айтқанымды тарат, басқа да қазақтар көрсін», – деген.

Өзіне шабуылдаған келіншекке жауап қайтармақшы болған әйел ұлтына тиіспеуді айтып, телефонымен әйелдің сөзін әрі қарай түсіруді жалғастырады.

Бұны көрген желі қолданушылары видеода туындаған жағдайдың толық нұсқасы жоқ екенін атап, тек өзіне жасалған шабуылды түсірген келіншекке наразылық танытты. Қазақ әйелдің ұлтаралық сұрақты көтеріп, дөрекі сөйлегеніне қарамастан желі қолданушылары оны қолдады.

«Осының бәрін түсірген адам бәрін арандату үшін жасап отырғандай. Алдымен адамдарды ұрсысуға итермелейді, кейін соны түсіріп желіге таратады. Алдын ала ойластырған шығар, осылай ұлтаралық алауыздықты тудыру үшін», «Апаны өзі ашуландырған, сосын түсірген», «Видеоның басы жоқ. Тек ұрсысқан жерін ғана алған, өзі әйелді итермелеп, артынша үндемей құтылуды жөн көрген» деп жазылған пікірлердің басым саны видеоның авторын кінәлаған.

Ал авторға жақтасқан желі қолданушылары мәселені ұлтаралық сұрақты қозғамай-ақ шешуге болатынын атауда. Олар «Ұлтқа тисудің қажеті жоқ. Жаман ұлт жоқ, жаман адамдар бар», «Кім болса да басқа ұлт өкілдерін сыйлауға міндеттіміз» деп жазған.

Балалар алаңында туындаған жай ұрыс ұлтаралық алауыздықты тудырғанына алаңдаушылық білдірген жұрт адамдарды бір-бірін арандатпауға шақырып және мұндай жағдайларда азаматтарды жауапкершілікке тартуды сұрады.

«Видеоның авторы әйелді арандатып тұр. Мәселенің неден басталғанын білмейміз. Сондықтан осындай әрекетке барған адамдарды жауапкершілікке тарту керек», «Видионы түсіріп тұрған адам апаның қытығына тиіп, енді сол үлкен кісіні «жынды» қылып тұрғанын қарашы. Түсірген адамдарды жауапқа тарту керек», «Осындай жағдайларда жанжалды ұлттық мәселені көтермей ақылмен сабырмен шешу керек. Халық мезі болып кетті» деп жаздаы желі қолданушылары.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау