Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін ОҚО-да 44 үй салынады

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  ОҚО-да «Бәйтерек Девелопмент» жобасын жүзеге асырмақ. Банк бекіткен жобалар бойынша 2017-2018 жылдары өңірде жалпы саны 2528 пәтерді құрайтын 44 көпқабатты тұрғын үй салынады.

IMG_9833

 

«Бұрындары біз салымшыларға дайын үйді ұсынатынбыз. Қазір керісінше, құрылысы әлі басталмаған үйлердің жобаларын ұсынып жатырмыз. Осынша бөлмелі пәтер бар, мынанша қабатты тұрғын үй. Әрлеу жұмыстары мынадай деп бағасын көрсетеміз. Егер ол жоба салымшының көңілінен шығар болса,  өзінің жеке есеп шоты  арқылы сайтымыздағы онлайн дауыс беруге қатысып сол жобаға дауыс береді», – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО филиалының директоры Қасымбек Мәліков.

Бұл өз кезегінде салымшылардың тұрғын үй байқауына қатысуда пәтердің жобасына, көлеміне, мекен-жайына, бағасына қарап таңдау жасауына мүмкіндік береді. Мәселен, Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесі мен «Тұлпар» және «Тұран» шағын аудандарынан бой түзейтін 1352 пәтерлі, 26 көпқабатты үйге салымшылар арасында 10 желтоқсан күні байқау өтті.  Сол байқауда бақ сынап жеңімпаз атанғандардың бірі Гүлнар Әбілқасымқызы.

IMG_5959

«Мен 2011 жылдың қараша айынан бастап, «Қазақстаннның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысымын. Осы уақыт аралығында 3 миллион теңгеден астам қаржы жидым. Сосын Төлеметов көшесінің бойынан салынған 9 қабатты үйден 3 бөлмелі пәтер аламын деп өтініш жазып едім. Байқаудан жеңіп шықтым. Пәтерімнің көлемі 74 шаршы метрден асады. Барша қазақстандықтарды Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есеп шот ашып, баспана алуға шақырамын. Сеніңіздер, армандар орындалады», – дейді ол.

Егер сіздің, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есеп шотыңыз болса, үйіңізден шықпай-ақ банктің сайты арқылы электронды өтініш беріп байқауға қатыса аласыз. Қазіргі таңда, 1176 пәтер салымшылар арасында байқауға шығарылды.  Олар Шымкенттегі «Тұлпар», «Тұран» шағын аудандары мен Түркістан қаласынан салынады. Пәтерлердің көлемі 33 пен 81 шаршы метр аралығын құрайды. Ал, бағасы шаршы метріне 150 000 мен 183 000 теңге аралығында. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын 44 үйдің құрылысы 2018 жылдың ақпан айында бітеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасына басында баспанасы бар салымшылар да қатыса алатынын айта кеткен жөн. Ал, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ОҚО дағы филиалында 44 мыңнан астам салымшы бар. Олардың депозит қоры 21 миллиард теңгені құрайды.

Талқылау