Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның солтүстігіндегі көлде балықтар жаппай қырылуда (видео)

Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының тұрғындары Жақсы-Жалғытау көліндегі балықтардың жаппай қырылуына алаңдаулы. Куәгерлердің бірі көлдегі ахуалды видеоға түсіріп, желіге жариялаған.

Қазақстанның солтүстігіндегі көлде балықтар жаппай қырылуда

«Біздің көлімізге не болғаны түсініксіз. Судың бетінде қырылып қалған алабұғалар қалқып жүр. Кейбіреулері әлі де тірі, арасында жыбырлап қояды. Балықтар дәл суда өліп жатыр. Жағалау бойында өлген балық қаптап  тұр. Яғни, барлығы 1,5-2 километр жолақтың бәрінде балық жатыр. Мүмкін оларды әдейі улаған шығар, болмаға суға бір нәрсе болды», – дейді видео авторы.

Қазіргі уақытта бұл орында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу бөлімінің мамандары жұмыс істеуде. Олар балықтардың не себептен қырылып жатқанын анықтап жатыр.

Ведомстваға көлдегі ахуал туралы су қоймасын жалға алушы хабарлаған. Ол балықтардың жаппай қырылып жатқанын өткен аптада байқаған. Жақсы-Жалғытау көліндегі жағдайды естіген мамандар дереу сол жерге кеткен. Алдын ала есептеулерге сәйкес, 80 келіге жуық балық, оның көбі алабұға қырылып қалған. Балықтардың қырылу себебі әлі белгісіз, бірақ сарапшылардың өз болжамдары бар.

«Нұсқалар әртүрлі. Бірақ жақын маңдағы ауыл шаруашылығы алқаптарын дәрілеу әсер етсе керек. Бұл дәрілер желмен ұшып келуі мүмкін. Бірақ нақты себебі қажетті зерттеулер жүргізгеннен кейін белгілі болады», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар дүниесі және балық ресурстар бөлімінің меңгерушісі Ерлан Тәшімов.

Талқылау