Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекова 100 жаста (видео)

Қазақстанның халық артисі Хабиба Елебекова 100 жаста. Ғасыр жасаған тұлғаның мерейтойы халықаралық театр күніне орай, өзі 68 жыл бойы түрлі рөлдерді сомдаған әкемтеатр сахнасында атап өтілді.

елебекова1

Бұл туралы 31 арна жазды.

Қазақтың танымал өнер қайраткерлері бастап, артистер қауымы Әуезов театрына жиылды. Ішінде еліміздің мәдениет министрі де бар. Театр сахнасында ардақты ана, аяулы жар, атақты актриса – Хабиба Елебекова. 1935 жылғы Сталин заманынан бастап 100-ден астам рөл сомдаған актрисаға көпшілік орынынан тік тұрып, ұзақ құрмет көрсетті. Қошеметтен кейін Хабиба апа Мағжанның жырларын жатқа оқыды.
елебекова
«Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,
Жылы, тәтті у тарады қаныма,
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына»,-деп жиналғандарға Қазақстанның халық артисі Хабиба Елебекова өлең оқып берді.

93 жасында “Біржан сал” киносына түскен Хабиба ана жасы егде тартса да, қарттықтың өнерге шектеу бола алмайтынын дәлелдеді. Бұған дейін қазақта жүзге жеткен артистердің болмағанын айтқан Асанәлі Әшімов сахна төріне биыл бір ғасырға аяқ басқан Айша Абдуллинаны шақырды. Шымкенттен арнайы келген актриса құрбысын құттықтап, көпшіліктің қолқалауымен қонақ кәде жасады.

Хабиба Елебекова жары дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековпен бірге көп балалы отбасы болса да, театрдан бір елі жырақтамайды. 2006 жылға дейін “Естайдың Қорланы” атты пьесада басты рөлдердің бірін сомдап келді. Тіпті әлі күнге дейін театр ұжымының құрамында.

« Өнерге деген, өмірге деген сүйіспеншілігін бойына мол дарытқан адам. Бүгінде біз тағылым ретінде, сол кісіден ғибрат ретінде көп нәрсені үйренудеміз. Бұл теардың мәртебесі, драма театр арқылы бүкіл қазақ өнерінің қуанышы»,-деді М. Әуезов атындағы академиялық драма театрдың директоры Ерлан Біләл.

Жұртшылық қошеметіне бөленген кейуанаға Президенттің құттықтау хаты табысталды. Бала, немересіндей болып кеткен әншілер қауымы өнер көрсетіп, тұлғаның туған жерінен келген ел азаматтары Қарқаралының ыстық сәлемін жеткізді.

Талқылау