Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның 5 қаласында вакцинация төлқұжатын сатқан дәрігерлер ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық бөлімшелері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар және Тараз қалаларында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялаудың жалған паспорттарын заңсыз сатқан медицина қызметкерлері мен басқа да тұлғаларды анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Жоғарыда көрсетілген адамдар ақша табу мақсатында денсаулық сақтау органдарының міндеттері мен мораль нормаларына қайшы, азаматтарға жалған вакцинация жүргізген. Осылайша, жалған вакцинация паспорттарын 5 000-нан 30 000 теңгеге дейін ақшалай сыйақы үшін сатқан. Аталған фактілер бойынша қылмыстық кодекстің 385-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша 7 сотқа дейінгі тергеп-тергеу басталды. Яғни жалған құжаттарды қолдан жасау”, – деп мәлімдеді агенттік. 

Қазіргі уақытта олардың атына жалған вакцинация паспорттары берілген 37 азамат, сондай-ақ жалған құжат жасауға қатысы бар 12 адам, оның ішінде 8 медицина қызметкері анықталды.

Басқа күдікті тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасуда.

“Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға жалған вакцинация паспорттарын пайдаланғаны үшін 160 АЕК (467 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынатынын, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынатынын еске салады. Паспортты тікелей қолдан жасаған адамдарға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне қатаң жаза қарастырылған. Оларға 2000 АЕК (5,8 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ”, – дейді агенттік. 

Талқылау