Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстаннан көшіп кеткендер не себепті өзге елді таңдағандарын айтты

Қазақстан ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитеті елден түпкілікті көшіп кеткен азаматтар саны жайлы деректер жариялады. Статистикалық дерекке сәйкес, өзге елдерге қоныс аударып жатқан азаматтар саны артып, ал Қазақстан төлқұжатын алғысы келетіндер азайғаны байқалады.

ымым

Сурет yvision.kz

Бұл туралы Азаттық хабарлайды

2015 жылы Қазақстаннан кеткен мигранттар саны 3,9 пайызға артып, 30 мыңнан асқан, ал 2014 жылы 28 мың адам кеткен. Көшіп жатқандардың дені ТМД елдеріне қоныс аударған. Мигранттар ішінде Қазақстанға ТМД елдерінен келгендер 84,4 пайыз болса, сол елдерге кеткендер үлесі 89,8 пайыз болған. Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, елден кеткендердің көбі – жоғары білімді әрі білікті мамандар, ал біліктілігі жоқ кадрлар саны екі пайызға жетпейді.

Бұрын қазақстандықтар қоныс аудару үшін Еуропаның Чехия, Болгария, Германия сияқты елдерін таңдайтын, қазір де көшіп барғысы келетін елдің территориясындағы тыныштыққа, соғыс қимылдарының бар-жоғына мән береді.

Қазақстандағы стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық байланыстар жөніндегі сарапшысы Санат Көшкімбаевтың пікірінше, қоныс аударғысы келген адам ең әуелі жайлы орын іздейді. Мұнай бағасы қымбат болған жылдары да Қазақстан азаматтары өзге елдерге көшкен.

Қазақстан қоғамы өкілдері елден кетіп жатқан азаматтардың көбею себебін теңге девальвациясы мен елдің экономикалық және саяси өміріне қатысты жайсыз болжамдармен байланыстырады. Экономист Бейсембек Зиябеков мигранттардың көбеюінің басты себебі Қазақстан экономикасындағы жағдайдың нашарлауында деп санайды.

BBS-тің Қазақстандағы өкілі Бахадора Тәжібаева «Болашаққа сенімсіздік, экономикалық дағдарыс, теңгенің құнсыздануы – жұрттың елден кетуінің басты үш себебі осылар. Қазақстанға да дәл осы – экономикалық және саяси себептермен келмейді» дейді.

Қазақстаннан өзге елдерге түпкілікті қоныс аудару процедурасы көші-қон полициясының территориялық органдары мен ішкі істер органдары рұқсатымен рәсімделеді.

Алматы тұрғыны Ирина Костевич елден көшуіне бірнеше себеп болғанын айтады. Біріншіден, ол өмірін түбегейлі өзгерткісі келген. Ол бұрынғы Алматыны шексіз жақсы көргенін, сүйікті қаласының тыныс-тіршілігін жақсы білгенін айтады. Бірақ ол қазіргі Алматыны жатырқайды, алып шаһар да оған «жат болып кеткен».

“Жаңа қаланы жатырқамай қабылдап, онымен біте қайнасып кеткен жандар бақытты шығар. Шын мәнінде, қаладан мен кеткен жоқпын, сүйікті қалам мені жатсынды. Оның үстіне, экологиясы да нашарлап кетті. Көп ауыратын болдым, отбасы мүшелерінің де денсаулығы сыр бере бастады. Лас ауа, сапасы нашар азық-түліктер – Алматы сияқты күрт үлкейген қалалардың соры ғой”, – дейді Ресейге көшкен Ирина Костевич.

Ирина «елден кетуімнің екінші себебі қазақ тілін білмегенім» дейді. Оның айтуынша, 1990-жылдары қазақ тілін өз еркімен үйрене бастаған. Бірақ Костевич «кейін тіл үйрену мәселесі мәжбүрлі науқандарға ұласты, ал мұндай күштеуді қабылдай алмадым, сондықтан елден кеткім келді» дейді.

Тағы бір бұрынғы қазақстандық Ольга Тен күйеуіне тиімді шарттар ұсынған соң Дубайға 2009 жылдың аяғында кеткен. Алматыда жаңа бастаған бизнесі қалғандықтан, алғашқы жылы ол екі қаланың ортасында жүріп, Дубайға көбінесе демалу үшін, турист ретінде келіп тұрған. Бір жылдан кейін отбасында егіз ұл бала дүниеге келіп, олардың бірінен неврологиялық диагноз анықталған. Ольганың Қазақстаннан түпкілікті кетуіне осы жайт түрткі болған. Ольга Тен «Өкінішке орай, туған елімде ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты әлеуметтік стереотиптер көп, сондықтан балаға жайлы, перспективасы бар ортаға кетуді ұйғардық» дейді.

“Дубайда тұрғанымызға бес жыл болды, оның төрт жылы бұрынғы күйеуімсіз, балаларыммен өтті. Алматыда отбасым мен дос-жараннан бөлек, бизнесім қалды, тіпті мамандығымды ауыстыруға тура келді. Ағылшын тілін жедел үйрендім. Қолымда бір жарым жасар балаларым болды да дереу жұмыс керек болды. Осылай туризм саласына ауысып кеттім, қазір қарапайым резерватордан бөлім бастығы дәрежесіне дейін жеттім”, – дейді Ольга Тен.

Талқылау