Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға заң бойынша тегін 10 сотық жер таратылмақшы

Қазақстандықтарға заңда көрсетілген 10 сотық жер беріле бастайды. Тегін жер телімдері еліміздің жеті аймағында дайындалып жатыр.

10_sotok

Сурет egov.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Анатолий Сапун бар өмірін көпқабатты көне үйде өткізіп келеді. Он жыл бұрын азаматтарға тегін жер беріледі дегенді естіп құжат тапсырған. Сөйтіп, әр жыл сайын жақсы жаңалықтан үміт күткен.

“2006 жылы алайын деп шештім. Керекті құжаттарды өткізсең тегін жер телімдерін үлестіретін бағдарлама бар еді. Бірақ, жер де, ештеңе де берілмеді. Әлі осы көне үйде тұрып келеміз”, – дейді Анатолий.

Жалғыз Анатолий емес, тегін жерден дәмелі болғандардың қарасы көп. Ең ұзақ кезек күткен Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарының тұрғындары екен. Павлодар облысы, осы уақытқа дейін бар болғаны 69 жер телімін ғана берген.

“2005 жылдан бері аймақта 5 мыңға жуық жер телімі берілді. Қазіргі таңда арнайы есепте 22 мың өтініш тұр”, – дейді Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының өкілі Райхан Елеусізова.

Заң бойынша жер су мен жарығы бар мекендерде ғана беріледі. Осылайша 10 сотық жерді беру мәселесінің ұзаққа созылуын елді-мекендердің дайын жоспарлары болмауымен түсіндіреді. Онсыз кез-келген аумаққа су мен жарық апаруға болмайды. Ал жыл соңына дейін жер телімдері ел тұрғындары үшін еліміздің 7 аймағынан қарастырылмақ. Олар – Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары. Ал қалған аймақтарға күте тұруға тура келеді.

Жер телімдерінің өте баяу берілгеніне қарамастан қазақстандықтар жеке жер телімдерін алуға деген құлшыныстарын тоқтатар емес. Кезекке тұрып, құжат тапсыру жергілікті жерлердегі Халыққа Қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Бұл үшін өтінішті толтырып, жеке куәліктің көшірмесін жасатып және басқа жер телімім жоқ деген анықтаманы алып келу керек.

Республикада арнайы есеп 2005 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше осы уақытта 400 мыңнан астам адам жеке жер теліміне ие болған. Үйдің құрылысы үшін үш жыл уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде олар жер телімін пайдаланбаса, жер мемлекетке қайтарылады.

Талқылау