Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар тығып ұстап отырған доллардан құтылуға кірісті

Жұрт күтпеген жерден  доллардан бас тартып жатыр. Елімізде АҚШ ақшасына сұраныс айтарлықтай азайыпты. Бүгін Ұлттық банк төрағасы осындай тосын мәлімдеме жасады. Адамдардың тығып ұстап отырған долларын жаппай қайта сатуына не себеп? Бір жылда бірнеше мәрте құнсызданған теңгенің болашағы қандай. Бұл туралы КТК арнасының сайты хабарлайды.

dollars_padenie

Сурет: dixinews.kz 

Былтырдан бері долларға таласқан жұрттың арыны басылған секілді. 390 теңгеге дейін көтерілген кезде, жаппай АҚШ ақшасын сатып алып, қарық болған. Енді бағам сәл түскен соң халық тығып ұстап отырған көк қағазын дереу теңгеге айырбастап жатыр екен. Ұлттық банк төрағасының сөзіне  сенсек, тұрғындар бір айда 277 миллион долларын сатып жіберген. Бұл   соңғы 10 жылда болмаған жайт. Тосын әрекетке бас банкирдің өзі таңданысын жасыра алмады.

“Халық шетел валютасын сатып алуды азайтты. Тіпті доллардан жаппай құтылуға кіріскен. Бұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Әсіресе, ақпан айында тұрғындар  АҚШ ақшасын  молынан өткізіп, теңгеге ауыстырып алған”, – дейді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Ақышев бұл өзгерісті өзінің алғашқы жетістігі ретінде көрсеткісі келетіндей. Оның үстіне долларды өткізу күшті қарқын алатынына сенімді. Бірақ, бұған Ұлттық банктің өзі мәжбүрлеп отыр. Себебі қайта-қайта құнсызданып, сенімнен жұрдай болған ұлттық валютаның еңсесін тіктеу үшін кісі қызығарлық қадамға барған. Яғни, теңгемен депозит ашқандардың сыйақысын бірден 14 пайызға өсіріп, долларға қатысты үстемақыны 2 пайызға дейін төмендеткен еді. Сондықтан артық ақшасы барлары қолындағы долларын дереу теңгеге ауыстырып, депозитке салуға асығып жатыр.

Осылайша экономикадан сауаты бар адамдар пайдаға кенелуге кіріскен. Оның үстіне соңғы айларда теңге нығайып келеді. Тегеуріндік танытуына әлемдік мұнай бағасының бір жарым есеге көтеріліп  40 долларға дейін өсуі себеп. Қазір бір доллар 339-340 теңгеден сатылып жатыр. Ал сарапшылар ұлттық валюта тұрақталды деп қуануға ерте дейді.

“Ертеңгі күні теңгемен не болады десек, бұл мұнайдың бағасына қарау керек біріншіден. Екіншіден Ресей рублі қайда бара жатыр соның «рубль-доллар» деңгейін бақылап отыру керек. Осы екі мәселе ең біріншіден біздің теңгеміздің жағдайына әсерін білдіреді” , – дейді сарапшы Меруерт Махмұтова.

Алайда, қаржы нарығындағы болмашы тұрақтылықты уақытша құбылыс деуге болады. Десек те, Ұлттық банк төрағасының болжамдары оптимизге толы. Данияр Ақышев, биыл инфляция деңгейі 8 пайыздық межеден аспайды деп сендіріп отыр. Яғни, бұл көрсеткіш азық-түлік, қызмет көрсету бағасына еш әсер етпейді.

Талқылау