Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар күйеуінің тегіне өтуге жаппай қарсылық танытты

Қазақстандық журналист Марат Тоқашбаев әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында әйелдердің тегін ауыстыруға қарсылық танытты.

5_main

Сурет: www.voxpopuli.kz 

Марат Тоқашбаев Facebook желісінде әйелдің фамилиясы өзінікі болу керек деп жазады. Оның айтуынша, әйел тегін күйеуінің тегіне ауыстыру батыс мәдениетінен, әсіресе, кеіестік кезеңдегі орыс ұлтынан қалған салт екенін айтады.

“Әйелдің некелескеннен кейін күйеуінің фамилиясына көшуі негізінен еуропалықтардан, қала берді кешегі кеңестік кезеңде орыстардан ауысқан салт. Қазақтың өз төл дәстүрінде әйелді «пәленшенің келіні» немесе «пәленшенің әйелі» деп атау қалыптасқан. Қазақ әйелдері ешқашан қайын атасының, қайынағаларының атын атамайды. Тіпті күйеуінің де атын айғайлап атай бермеген. Сондықтан күйеуінің фамилиясына көшу бұл ата салтты бұзып, қайын аталарының атын атауға мәжбүрлейді. Мысалы, Тұраров Қайыптың әйелі Сәбира фамилиясын Тұрарова деп күйеуінің фамилиясына өзгертсе, аты-жөнін сұраған орындарға Тұрарова деп фамилиясын айту арқылы атасының атын мізбақпай жариялап тұрады.

Кеңестік кезеңде, колхоздастыру шағында некедегі әйелдер орыстық әдетпен күйеуінің фамилиясымен жазылып кетті. Сол аналарымыз дәрігерге, кассаға, ресми орындарға барғанда қайынатасының атын атап қоймауы үшін қасына баласын, қайын сіңлісін, т.б. ертіп жүріп, фамилиясын соларға айтқызатын. Өткен ғасырдың 70, 80-жылдарында тұрмысқа шыққан қыздар байыбына барып жатпастан дәстүр солай ғой деп күйеуінің тегіне көше салатын болды.


Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде: «Кімде кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе … Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті соған болсын», – деген ғой. Осы хадис әйелдердің фамилиясын күйеуінің фамилиясына ауыстырудың дұрыс емес екендігін анық ұқтырып тұрғандай”, – деп жазады ол.

Мұны желі қолданушыларының барлығы дерлік бірауыздан қолдаған. Олар әр әйелдің өз тегінде, өз әкесінің атында қалуды дұрыс деп санады.

Талқылау