Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық журналист әншілердің бастарынан өткен қызықты оқиғаларды айтып жұртты күлдірді

Қазақстандық журналист Жанар Оразымбет әншілердің басынан өткен қызықты оқиғаларын айтып жұртты күлкіге қарық қылды.

21728060_1306588849464322_2561058048290591705_n

Сурет: Жанар Оразымбеттің жеке парақшасынан

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

“Әнші байғұстарды да анау дейміз, мынау дейміз. “Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың” деген сөз өз алдына, сахнада неше түрлі жағдаяттарға тап болады ғой. Соның бір-екеуі есіме түсіп кетті.

Баяғыда әншілер егіс басына барып концерт беруші еді ғой. Пазик аптобуспен бір ауылдан екінші ауылға барады. О заманның әншілерінде де жан жоқ екен! Айдалада плойка деген, бигуди деген қайдан болсын?! Фэн деген атымен жоқ кез ғой ол. Бағдат апайымыз (Сәмединова) сондай концерттердің бірінде тарақпен орап-орап шашына “бигуди” салып, алаңсыз өз кезегін күтіп тұрған. Содан әлдебір себеппен кезегі ауысып кетеді де, конферансье Бағдат апайдың әнін хабарлап жібереді. Қапелімде не істерін білмей әбден сасқан Бағдат апай “бигудиін” шешем деп шашын әбден ұйпа-тұйпасын шығарып, шатастырып алады.

Қанша әуреленсе де тарақты ала алмайды. Сөйтіп, ақыры біраз шашын “шейіт” қылса керек. Ал енді Лашынның Алакөлге барғандағысы тіпті қызық. Түнде жәндік біткеннің бәрі жарыққа қарай ұмтылатын әдеті емес пе?!

“Сені сағындым” деп аузын аша бергенде тамағына лып етіп бір маса кіреді де кетеді! Анау антұрған не ары кетпейді, не бері кетпейді дейді. Екі көзден жас парлап жатыр. Не болса да айтып бітіруім керек деп көзімнің жасын сүртіп қойып айта бердім, айта бердім дейді.

Фонограмма болғаны мұндай жақсы болар ма? Әйтпесе өлген жерім сол болар еді! Бір кезде ән де бітті-ау әйтеуір! Сахнадан түссем “Не деген керемет ән! Не деген керемет әншісіз! Беріліп тұрып айтады екенсіз!” деп жатқан жұрт дейді.

Ал енді тағы бір әншінің қызықты оқиғасын айтсам… Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, иә. Ол да далада болған оқиға. Сахнаға көтерілер кезде әншілер ұзын көйлегінің етегін көтеріңкіреп шықпай ма? Сөйте бергенде бір ара зу етіп әлгі әншінің көйлегінің астына кіріп кетеді. Әнші байғұс не істесін?! Етегін ары-бері желпіп қойып әнін бастап кеп жібереді. Ана оңбаған арада да ұят жоқ екен!

Екі бұттан дым қалдырмай әбден шағып бітіреді ғой. Әлгі әншінің репертуарындағы сол ән де бір оңбағандай ұзақ ән еді. Ән біткенше екі саннан түк қалдырмайды ғой. Бір кезде шағып-шағып әбден масайраған жексұрын ара қонады. Сол кезде әзер шыдап тұрған әнші “Әп, бәлем, міне саған!” деп екі санды қысып кеп жіберіп… Сөйтіп, әнші де есесін жібермей арадан өшін алыпты.

Тағы біреуін айта салайын. Әншілердің бір тойдан екінші тойға барып, “кіріп-шығып” жүретінін білесіздер ғой. Солай бір тойдан шығып, екінші тойға кіріп барған әнші қыздарыңыздың бірі өзінен бұрын барып алып, кезегін күтіп отырған әншілерге “жағдайын айтып, жартылығын қойып”, тағы бірнеше тойы бар екенін айтып, “без өшірет” “айта салуға” рұқсат сұрайды. Сөйтеді де “Не той? “деп сұрайды ғой. Аналар “Сүндет той” дейді. Содан әншіміз әнінің алдында әлқиссасын бастап, “Кіп-кішкентай балапанды” “еркек” болуымен құттықтап, біраз жақсы сөздер айтады. Ол сүндет той емес, үлкен бір кісінің мерейтойы екен!” – деп жазады журналист Жанар Оразымбет.


Жіберіп алмаңыз:

Үйленгенін жасырып келген танымал әнші әке атанды

KeshYou тобының құрамы тағы да өзгерді

Анджелина Джоли талғамсыз таңдалған көйлегімен жұртты шошытты (фото)

Гүлзира Айдарбекова үйінде келін шайдың қалай өтіп жатқанын көрсетіп мақтанды (видео)

Талқылау