Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық онкологтар етті шектен тыс тұтыну рак ауруына соқтыратынын айтып дабыл қақты

Етті шектен тыс тұтыну ас қорыту жолының рагына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қазақстандық дәрігерлер хабарлады. Асқазан рагы Қазақстандағы онкологиялық аурулардың арасында екінші орында тұр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

20140117122415

Мамандар онкоаурулардың әсерінен болатын өлім санын азайта алғанымызбен, республика бойынша күн сайын 100 кеселді ісік саны тіркелетінін айтады. Бүгінгі бүкіләлемдік онкологиямен күрес күнінде дәрігерлер қазақстандықтарды өз өмірлерін жақсартып, медициналық тексерістен ұдайы өтіп тұруға шақырды.

Дәрігер-онкологтар ет асқазанның бірінші қауіпті жауы екенін айтады. Олар бұл тағамнан толық бас тартуға емес, орташа деңгейде пайдалануға кеңес етеді. Майлы тағамдар да ісіктің пайда болуына әсер етеді екен.

“Ет тағамын көп мөлшерде тұтыну бұл үлкен проблема. Әйелдер мен ерлер арасындағы тоқ ішек рагы бізде алдыңғы орындарда тұр. Асқорыту жолындағы рак кесірінен көз жұму бойынша әлемде Қазақстан бірінші орынға шыққан”, – дейді Алматы қаласының бас онкологы Диляра Қайдарова.

Дәрігерлер келтірген статистика бойынша, рактан өлім құшу 7 пайызға азайған. Тіпті ауыр жағдайдағы науқастардың өзі өмір сүруді жалғастыра алған. Бірақ, ауыратындар саны бәрібір жоғары. Қазақстанда онкоаурулар бойынша күн сайын 100 дерек тіркеледі екен.

“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы енді 25 жылдан соң әрбір екінші еркек пен әрбір үшінші әйел ракпен ауыруы мүмкін екенін айтты. Бұл өте сұмдық статистика! Соның алдын алу үшін дұрыс тамақтануды жолға қою қажет”, – дейді “Ракка бірге қарсы тұрамыз” қорының атқарушы директоры Гүлнар Кунирова.

Қазақстандық белгілі джаз әншісі Жанна Саттарова бұл ауруға қазір кәдімгі тұмау секілді қарай бастағанын айтады. Аз уақыт бұрын бүкіл ел оның емі үшін қаражат жинаған еді. Әртіс ауруға берілмей бар күшімен күресіп, қазір денсаулығын біртіндеп түзеп келеді.

“Әрине, алғашқы кезде мен үшін бұл үлкен қорқыныш болды. Бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Отбасымды не істеймін, көп жұмысыма әлі үлгермедім деп уайымдадым. Сосын мен берілсем, онда өміріммен қош айтысатынымды білдім. Барша адамға күресуге, нағыз өмірдің мәнін түсініп өмір сүруге кеңес беремін”, – дейді Жанна Саттарова.

Әнші жергілікті дәрігерлерге барып емделуге шақырады. Қазақстандық дәрігерлер шетелдік әріптестерінен еш кем емес, дейді ол. Әнші бұған өз тәжірибесінен көз жеткізген. Тиісінше, отандық дәрігерлер де қауіпті ісіктерді емдей алатын қажетті заманауи технологиялардың бар екенін де айтты. Рак тек қатты асқынып кеткен кезде ғана өлімге апарып соғуы мүмкін. Дәрігерлер, сондықтан да уақытылы тексеруден өтіп тұруға шақырады.

Талқылау