Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық өмірінде көрмеген қызға көмектесу үшін мемлекетті кезуде

Қарағандыдан көлігімен қайырымды жандарды іздеп шыққан жігіт Ақтөбеге жетті. Жасұлан Сейсенханов осылайша жаман ауруға шалдыққан сәбиге қажетті ақшаны жолай кездескендерден жинамақшы. Қазір төрт қаланы аралап, қолына түскен қаражатпен шетелде ем алып жатқан екі жарым жастағы Әдемінің шотына аударған. Енді тағы сегіз облыста болып, сапарын қыркүйектің ортасына таман аяқтауды көздеп отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Снимок экрана (125)

Жасұлан Сейсенханов жаман ауруға шалдыққан Әдемі Қуанышбектің жайынан әлеуметтік желі арқылы хабардар болыпты. Кішкентай бүлдіршіннің ата-анасы науқас қызын шетелге апаруға қаржы жағынан қиналған. Қарағандылық жігіт қалтасынан бөліп берері болмаса да, құр қарап отырмауды ұйғарған. Ол үшін еліміздегі облыс орталықтарын аралап, қайырымды жандардан қаржы жинауды жөн санапты.

«Жалғыз өзім сапарлап жүрмін. Жолай кездескен адамдарды алып кетемін. Олардың жолақысына берген ақшасын жинап, Әдемінің шотына аударамын. Жолаушыларға қайырымдылық шараларға бей-жай қарамау керектігін түсіндіремін», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Жасұлан Сейсенханов.

Жасұлан сапары туралы әлеуметтік желіде хабарлап отырады. Сол арқылы естіген еріктілер мен меценаттар күтіп алып, ақшасын беріп жатыр. Қайырымды жігіттің қолдауына кішкентай Әдемінің жақындары риза. Өйткені олар бұған дейін үш рет бөбектерін Корей еліне апарып химия курсын алған. Төртінші рет ем алуға енді 400 мыңнан астам теңге қажет. Қазір Әдемі Қуанышбек Сеулдегі ауруханада әжесімен жатыр. Ал жетпеген қаражатты ата-анасы Жасұлан сияқты қайырымды жандардың көмегімен жинауда.

«Кореяның врачтарымен сөйлестік. Олар жүз пайыз емдеп жібереміз қыздарыңызды. Бірақ сіздерге осындай сумма қаражат керек деді. Сол себептен біз басқа адамдардан көмек сұрап отырмыз. Өйткені ондай ақша қолымызда жоқ», – дейді  Әдемінің анасы Назгүл Алғамбарова.

Қайырымды жандарды іздеп шыққан Жасұлан Ақтөбеде бір күн аялдап, Оралға аттанды. Батыс өңірін аралап болған соң, оңтүстікте болады. Ал қыркүйектің орта шенінде Алматыға жетіп, қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін қайырымдылық концертіне қатысады. Ол жерде жиналған ақшаны Әдемінің жақындарының қолына табыстау көзделген.

 

Талқылау