Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыс жағдайлары жақсы: Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар қалай жұмыс істеуде?

Ресми ақпарат бойынша бүгінде Кореяда 39 мың қазақстандық жүр. Олардың тек 12 мыңы ресми тіркелген. Ал аталған мемлекет аумағында заңсыз жүргендеріне 7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Осы сұраққа қатысты Stan.kz ақпараттық агентігінің тілшісі Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтардың бірінің пікірін білді.

Жұмыс жағдайлары жоғары деңгейде: Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар қалай жұмыс істеуде?
Есімін жасырын қалуын өтінген отандасымыз Корея мемлекетінде жұмыс істеп табыс тауып жүргеніне жарты жылдан асқан. Оның айтуынша ол жақта жалақы көлемі біздікіне қарағанда әлдеқайда жоғары, әрі уақытылы төленіп тұрады.

Не себепті Корея мемлекетін таңдадыңыз?

Менің алдымда жарты жыл бұрын досым Корея мемлекетіне жұмыс істеуге кеткен болатын. Кейін мені де ол жақтағы жұмыстың қолайлығын және табыстың көптігін айтып шақырды. Солай менде келісіп сол жаққа жақсы табыс табу үшін баруды жөн көрдім.

Барлық қажетті заттарымды алып әуежайға келдім. Жасыратыны жоқ, алдын ала адамдармен келісіп заңсыз түрде өту жолын таңдадым. Әуежайдағы тексерісте өзімді турист деп таныстырдым.

Осылайша Кореяға келдім, мені күтіп алған досым барлық жағдайымды алдын ала қарастырып қойған екен.

Қандай жұмысқа орналастыңыз?

Бұл жақта жұмыстың түрі үшке бөлінеді.  Біріншісінде кез келген жұмыс істейсің, ол жерде кәрістердің қасына көмекші боласың. Тілді жетік білмесең де жұмыс істеуге ебің болу керек. Екінші жұмыс түрі – ол құрылыс жұмыстары. Ол жерге кіру оңай болғанымен жұмысы өте ауыр. Үшінші жұмыс ұсынушылар зауыттар болып табылады. Бірақ олар міндетті түрде виза сұрайды. Визасыз қабылдайтын  зауыттар өте аз.

Мен бастапқы үш айда жұмыстың алғашқы түрін істедім. Күнделікті әртүрлі жұмысқа барып жүрдім. Соңғы екі айдан бері шыны шығаратын зауытта істеймін.

Жұмыс жағдайлары қолайлы ма?

Жұмыс жағдайлары өте жақсы, 12 сағат жұмыс істегенімізбен, үзіліс уақытылы беріліп тұрады, екі уақыт тамақтанамыз, арасында сүт, тәтті тоқаштар ұсынады, сусын, шай, кофе ішуге шектеу жоқ.

Жұмыс кестесі жұмысшының пайдасына қарай өте қатаң тексеріледі. Үзіліс уақыты міндетті түрде беріледі, бастысы жұмысыңды жақсы атқару. Әрі жұмыссыздық деген аз, өйткені бір қалада жүзден аса зауыт бар. Түрлі өндіріспен айналысады, тағы күріш егу жақсы дамыған.

Тағы бір ерекшелік жұмыс берушілер адал, табысыңды жемейді, істеген жұмысыңа және келісілген уақытта жалақыңды беріп отырады.

Табысыңыз қанша және күнкөріске қаншасын жұмсап, қаншасын жинап жүрсіз?

Бұл жақта күніне 30 мың теңгедей ақша табуға болады. Жұмыс тауып беріп отырған делдалдарға беретін ақша бар және қалғаны күнделікті күнкөріске жқмсалады. Ай сайын пәтерге теңгемен есептегенде достарыммен тұрғандықтан 30 мың, тамаққа 50 мыңдай және басқа қажетіме кететін ақшы сол 100-150 мың теңгені құрайды.

Айына 400-800 мың теңге көлемінде табыс табуға болады. Өзімнен артылған қаражатты жинақтап, әр айда әртүрлі көлемде ақшаны ата-анама жіберіп отырамын.  Ол шамамен 500 мың теңге көлеміндегі қаражат. Осында келудегі басты мақсатым табыс табу болғандықтан барынша үнемдеймін. Сондықтан мен күнкөріске кетер ақшаның көлемін барынша азайтып айтып отырмын.

Ақша аударуда қиыншылықтар туындамады ма?

Жалақыны карта арқылы аламыз, төлем уақыты келісімге байланысты. Күнделікті, аптасына, айына деп жұмысшымен келіседі, сол бойынша картамызға лақтырып отырады. Бір ыңғайлысы банктен шот ашып, Кореялық сим карта алып, банк шотына тіркейсің. Осылайша мобилдік қосымша арқылы Қазақстанның кез келген аймағына жіберуге болады. Ешқандай шектеу жоқ, артық банкке барып қиналмайсың, тек ұялы телефоның болса жеткілікті.

Табыс көзі жақсы деп сол жақта қалу ойыңызда болды ма?

Негізі табыс табу үшін осы жақта қалуға болады. Бірақ әрине өз жеріңді, отбасыңды сағынасың. Арасында барып тұратын мүмкіндік болса қала беруге болады. Бірақ ірі көлемдегі айыппұлға байланысты «жасыл дәліз» бойынша жылдың соңына дейін елімізге оралу жоспарымда бар. Осы уақытқа дейін де осы заңсыз жүргеніме байланысты өзіндік қиыншылықтар туындаған болатын.

Тіл мәселесін қалай шешуге тырысасыздар?

Тіл мәселесіне келер болсақ, жетік білу маңызды емес, бірақ жұмыс барысында кем дегенде сандарды қолданасың, сондықтан сандарды және қарапайым сөздерді үйренген дұрыс.

Тағам жеу талғамдарыңыз қандай?

Тағам жеуде бастапқыда біраз қиналдық, өйткені тамақтарының көбі ащы болып келеді. Қазір көбінесе күріш, балық, жұмыртқа жейміз. Кәрістер шошқаның етін көп жегендіктен біз ет жемес бұрын ненің еті екенін біліп барып қолданамыз. Дүкен сөрелерінде азық-түліктің түрлері көп. Кешкісін үйде өзіміздің тағамдарды жасап жеуге тырысамыз.

Қазақстанға қарағанда қандай айырмашылықтар байқадыңыз?

Біздің елмен салыстырғанда Корея мемлекеті елу жылға алда келеді деуге болады. Бұл жақта қолма-қол төлем деген жоқтың қасы, барлық жерде төлем картамен қабылданады.

Сонымен қатар адам құқығын қорғау саласы жоғары деңгейде жұмыс істейді. Кез келген сырттан келген азаматтың құқығы қорғалады, барлығы заңға бағынады.

Мұнда заводтардың көптігі соншалық, жергілікті халық тек өз өнімдерін ғана қолданады. Өздері тұтынып қана қоймай, экспортқа шығарады. Сонда заводтың көптігінің арқасында басқа да мемлекеттерді өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Біздің мемлекетімізде де өндіріс саласы жақсы дамыса деп тілеймін.

Кореяда жүріп нені үйрендіңіз?

«Көз қорқақ, қол батыр» демекші біз қазақтар бәрін істей аламыз, тек мүмкіндік берілсе деймін. Осында жүрген қаншама қазақтар түрлі жұмыстар істеп өздерінің шебер екендерін көрсетіп жүр. Қазақстанда жүргенде өзіме сенбей, қолымнан көп нәрсенің келетінін білмей жүрген екенмін. Сондықтан ең алдымен өзіме деген сенімім артқанын байқадым.

Басқа мемлекетке табыс табу үшін баратын жастарға не дер едіңіз?

Бұл жаққа келген жастардың көздері ашылып, жұмысқа деген ынталары көбейе түседі деп ойлаймын. Сондықтан жастарға айтарым басқа мемлекетке жиі шығып, көп елдерді көріп Қазақстанмен салыстыру мүмкіндігіне ие болғандары дұрыс.

Естеріңізге салсақ, Корея мемлекетінің билігі «жасыл дәліз» тәртібін іске қоспақ. Демек ол жақтағы қазақстандық жұмысшы мигранттары жарты жыл көлемінде жеті миллионға жуықтайтын айыппұлды төлеместен Кореядан шыға алады. Осы тұста жылдың соңына дейін көптеген отандастарымыз елге оралуы мүмкін.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау