Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық енелер: келінім қызымдай бола ала ма?

Келінді қызыңдай қабылдау дұрыс па әлде бұрыс па? Ене мен келін бір-біріне бейімделіп кетуі үшін қанша жыл кетеді? Не істеу керек? Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасының білім беру үздіктерімен, әлеуметтену ғылымының маманы Мансия Садыровамен байланысып, осы сұрақтарға жауап тауып көрді

“Дүниеге бес қыз бен бір ұлды әкелгенмін. Бір түйір келінім бар. Соның тойында “Қыздарың кешірсін. Мен келінді қызымдай болады деп айта алмаймын. Себебі, ол қызымнан да жақын болады. Қыз бала жатжұрттық, бір отанға барып, түтінін түтетеді. Ал мен өмір бойы келініммен бір шаңырақтың астында барлық жақсылығымды да, ізгі тілегімді де барлығын біріктіремін. Сондықтан қыздарымнан келінім маған жақын” дегенмін. Сөздің түйінін айтқанда, ене өзінің бір кезде келін болғанын, келін кейін өзінің ене болатынын ұмытпау керек қой”, — дейді Қазақстан Республикасының білім беру үздігі Дилара Оразымбетова.

40 жыл бойы мектепте математика пәні бойынша білім беріп, қазіргі күні ақ жаулықты апа атанған Несібелі Қойшыбайқызы бәрінің төркіні, негізі тәрбиеде жатыр деген пікірмен келіседі.

“Тәрбиеге байланысты. Қазақ қызды жатжұрттық деп танып, оған барған жеріңе тастай батып, судай сің деп бекерге айтпаған ғой. Егер келін мен ененің арасында түсіністік болса, ол қызындай болып кетеді. Әрбір шаруаны ақылдасып істеу керек. Келін мен ене бір-біріне түсінісулері қажет. Арада сыйластық болуы тиіс”, — дейді ол.

Ене мен келін — бір үйдің ұйытқысы. Екеуі бір-біріне тез бейімделіп кету үшін екі жақты процесс жүруі керек.

“Әлеуметтануда әлеуметтік статус деген түсінік бар. Қыздың статусы бөлек. Халық үшін ол қыз бала. Тұрмысқа шыққанда ол біреудің келіні атанады, ана деген статусты иеленеді. Өмірдегі тәжірибеден байқағанымыздай, үлкенді сыйлап, енеден үйреніп, оған ана ретінде қарай білген дұрыс. Ене мен тұрмысқа шыққан қыз жақтан бір-біріне бейімделу процессі болуы керек.

Келіні түбінде қызындай болып кететін жағдайлар бірең-сараң шығар. Қызындай болу үшін ол жанұяға жан-жүрегімен беріліп, сол отбасының деңгейімен өмір сүруі керек. Көбінесе келіндер оқшау қағып жатады. Проблема сол отбасыныкі, өздері шешсін дегендей әңгімелер көбейеді. Кейде ене де өзінің бір уақытта келін болғанын ұмытып қалып, қатал қарап, келінінің көңілін қалдырып қоюы мүмкін. Бұл екі жақты процесс”, — дейді ұстаз.

Тұрмысқа шыққан қыз бірнәрсені білмесе, оны үйрету ененің міндеті дегенмен көпшілігіміз келісеміз. Профессордың сөзінше, келін де жаңа түскен үйге береке, бақыт алып келемін деген оймен келсе, мәселенің көп бөлігін шешу қиынға да соқпас.

“Негізінен, келін мен ене — сол үйдің ұйытқысы. Екеуінің қарым-қатынасы атасының, күйеуінің де қатынасына әсер етеді. Сондықтан екеуі де, әсіресе келін ақылдырақ болуы керек. Психологияда “қақтығыстық жағдайда айналып өт” деген ұғым бар. Келіннің мінезін білсеңіз, басқаша қарап, елемеуге болады дегендей. Кей-кезде келінге енесіне шай құйып берудің өзі қиын болуы мүмкін. Егер сізде ауырлық сезімі пайда болса, ене мен қатынасыңыз жақсы болады деп айта алмаймыз.

“Үйдің тауқыметін бәрін мен істеп жатырмын”, “неге мен” деген мәселелер бар. Қыз бала сол шаңыраққа келген соң, үйді берілген береке ретінде қараса, ене де түсінеді, көмектеседі. Жас болса, қарап отырмайды ғой. Кейде келін білмеуі мүмкін. Білмегенді ене үйретуі тиіс. Ене келінді менің ұлымның ұнатқаны ғой деп қабылдауы керек. Келін де енесінің мінезі болсын не болмасын сүйген жарымның анасы деп қабылдаса, барлық мәселе шешіледі деп ойлаймын”, — дейді Мансия Садырова

Қазақта ене мен келін арасындағы сыйластықтың, тәрбиенің арқасында талай өнегелі ұрпақтың дүниеге келгенін ұмытпаған жөн.

Талқылау