Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық дипломаттар шатаққа ұрынып шетелді тағы шулатып жүр

Қазақстандық дипломаттар атаққа ие болып емес, шатаққа ұрынып шетелді тағы шулатып жүр. Бұл жолы Ұлыбританиядағы елшілік қызметкері мас күйінде көлік айдағаны үшін ұсталған. Тұманды альбионда жүріп жол ережесін жиі бұзатын қазақстандық дипломаттар да бар екен.

photo_130812

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон дипломаттарға ашулы. BBC бетіндегі материалда министр Британия заңын бұзған елшілік қызметкерлерін елден шығарып жіберетінін айтып ашуланған. Солардың ішінде ащы суға сылқия тойып көлік айдаған қазақстандық дипломат бар. Мас күйінде полицейге ұсталған қызметкерден бөлек, біздің дипломаттар жол ережесін жиі бұзатын көрінеді.

АҚШ, Қытай мен Қазақстан елшілігінің қызметкерлері көлікті мас күйінде айдағаны үшін айыпталды. Араларында жол ережесін бұзғандар да бар. “Егер дипломат жасаған қылмыс күрделі болса, біз елшіліктен иммунитеттен бас тартуын сұраймыз. Дипломатиялық иммунитеттен бас тартылса, ондай қызметкерлерді елден шығаруға тырысамыз” деді олар.

Елшілік қызметкерінің мас күйінде ұсталғанын біздің министрлік мойындады. Тек тентек суды жұтқан дипломат емес, техникалық қызметкер деп ақталды. Тіпті, оны жұмыстан шығарып жібердік деп отыр. Ал елу жыл сыртқы істер саласында қызмет етіп, бірнеше мемлекетте елші болған Сайлау Батыршаұлы қазіргі дипломаттарға көңілі толмайды. Қызметкерлер тарапынан жауапкершілікті сезіну жоқ деп ашынып отыр.

“Ол өзінің емес Қазақстанның атынан жүр ғой, сондықтан жүріс-тұрысы, киім киісіне дейін қадағалау керек. “Қазақ елшісі сөйтіпті” деген аттың өзі жаман”, – дейді қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы.

Отандастарымыздың шетелді шулатқаны бірінші рет емес. ЮНЕСКО-ның төрағалығы кезіндегі Олжас Сүлейменовтың кеңесшісі, ақын досының ұлы Валерий Толмачев Париж-Рим бағытындағы ұшақты шулатып, жолаушы мойнына пышақ кезегені бар еді.
Ал, Лондонда автотұрақ тәртібімен жол ережесін бұзудан “рекордсмен” атанған Рахат Тұрлыхановты министрлік бастан асқан айыппұлы үшін елге қайтарған.

Ұлыбритания Қазақстанды айыппұлдан жалтарушы борышкерлер тізіміне енгізіп қойғаны қашан. Себебі Лондондағы елшілік қызметкерлері соңғы он жыл ішінде 3 миллион долларға заң бұзыпты. Бірақ қарызды төлеуден біздің министрлік үзілді-кесілді бас тартқан. Себебі заң бұзушылықпен келіспейтін тұстар көп. Ал қазір шетелдегі дипломаттар жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлды өз қалталарынан төлеп жүрген көрінеді.

Талқылау