Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық балеттің әртістері өз жұмыстарының қиын тұстарымен бөлісті

Бүгінгі күні біз көршілес жатқан Қытай, Ресей мемлекеттерін әдемі дауысымен таңғалдырып жүрген отандастарымыз жайлы көп естиміз. Алайда, театр өнерінің, оның ішінде балеттің де еліміздің әлемге танылуына үлкен үлесін қосып жатқанын біле бермейміз. Қазақстанда әлемдегі ең үздік балет бишілері өнер көрсеттеді. Еліміздің бетке ұстар балет бишілері Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне бұл салада жұмыс істеудің тиімді тұстарын, кемшіліктерін, қандай қиындықтарға тап болып, Қазақстанның атын шетелде қалай танытып жүргендерін айтып берді.

Қазақстандық балеттің жарқын жұлдызы Досжан Табылды еңбек жолын 16 жасында Абай атындағы Опера және Балет театрында бастаған. Оны көрермен Спартак рөлін сомдаған ең жас әртіс ретінде таниды. Дәл осы рөлінің арқасында Досжан Гиннес рекордтар кітабына еніп, тек қазақстандық емес, халықаралық деңгейдегі актер ретінде көрерменнің сүйіктісіне айналды. Ол 2007 жылы Парижде орналасқан United Dance Company театрында жұмыс істеп, Европалық турға қатысып, Германия, Австрия, Голландия, Швейцария елдерінде қойылымдарда өзінің кәсібилігін көрсетіп, Қазақстанның атын әлем сахнасында жаңғыртқан болатын.

Отандық және әлемдік деңгейдегі үздік бишілердің бірі Бахтияр Адамжан да Қазақстанды өз өнері арқылы шетелде танытып жүр. Ол осыдан бір жыл бұрын, яғни 2017 жылы өткен Valentina Kozlova International Ballet Competition (VKIBC) байқауында жеңіске жеткен. Сонымен қатар,  былтыр “Сахнагер” ұлттық театр премиясы Бахтиярды “Балеттің үздік әртісі” деп атады. 2018 жылы өткен Dance Open фестивалінде ол “Мисс Виртуозность 2018″ деген атқа да ие болған. Балет бишісі Андрес Лиеп продюсерлық орталығының қадірлі қонағы саналады.
“Балетке дейін күреспен  айналысқанмын. Бірақ ата-анам мені өнердің осы саласына берген соң, 11 жасымнан бастап бар бос уақытымды балетке арнадым. Менің балетті еркектің жұмысы емес деп санайтын таныстырым немесе достарым жоқ. Білмеймін, жеке  басым ондай түсініспеушілікке тап болған емеспін. Негізінен, балет — қиын мамандықтардың бірі екені белгілі.  Егер спортшылар аптасына 2-3 күн жаттықса, балет бишілері күн сайын дене шынықтырумен айналысады”,— дейді Бахтияр Адамжан.

Расында, Қазақстандағы балеттің деңгейіне шетелдіктер таңғалып, бишілерімізге ыстық ықыласын, құрметін білдіріп жатады. Art Classic компаниясының директоры, кезінде АҚШ-тың Нью-Джерси қаласында орналасқан New Jersey Ballet Company деп аталатын компанияның солисті болған Данияр Шмановтың сөзінше, біздің отандық балет әлемдегі ең үздік бес балеттің қатарына кіреді екен.
“Менің ойымша, балет еркектердің жұмысы емес деп айтатын адам ешқашан театрға барып, ондағы балет бишілерінің өнерін көрмеген. Егер көрсе, олай айтпайтын еді. Себебі осындай қиын жұмысты атқару әрбір еркектің қолынан келмейді. Осы мамандықты тек батыл азаматтар ғана таңдайды деп айта аламын. Әлемдік танымалдығы бар театрлар біздің азаматтарымызды дүниежүзіндегі үздік бишілердің бірі санайды”, — дейді Данияр Шманов.

Бір пайыз дарының болса, тоқсан тоғыз  пайыз еңбектенуің керек демекші, балет бишілері мықты маман атанулары үшін күн-түн демей 6-8 жастарынан бастап үздіксіз жаттығуға мәжбүр. Әрине, алғашында бала болған соң болашақ бишілердің басым бөлігі жаттығу жасағаннан гөрі, далада доп қуып ойын ойнағанды жөн көргендерін бірнеше басылым беттерінде осыған дейін де айтқан болатын. “Астана Опера” театрының бишісі, ҚР Президенті Қорының лауреты Серік Нақыспеков те біздің редакциямызға балетпен алғаш айналыса бастағанда қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді:
“Басында мені Алматыдағы Алексей Селезнев атындағы хореографиялық училищесіне қабылдамай қойды.  Себебі мен барған  кезде  училищеге қабылдау уақыты өтіп кеткен еді. Бірақ әкем менің сол жаққа түсіп кетуімді қалағаннан, кейін екеуіміз көп уақытымызды училищеде өткіздік. Ешкім мені қабылдағысы келмеді, бірақ сол жердегі мұғалім мені байқап қалып оқуға түсіп кетуіме көмектесті. Алайда сабақ үлгерімім нашарлаған жағдайда, оқудан шығып кететінімді ескертті. Сегіз жылдың ішінде мен училищенің үздік оқушыларының бірі атандым. Оқу орнын  бітіріп,  білімімді арттыру үшін Санкт-петербургте орналасқан  А. Я. Ваганова атындағы орыс академиясында оқыдым. Сосын Екатеринбург қаласында бір ай жұмыс істедім. Еліме оралып, Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Опера және Балет театрында бір жыл қызмет еттім. Қазір “Астана Опера” театрының бишісімін”, – дейді Серік Нақыспеков Бүгінгі күні Серіктің қоржынында әлемдік жарыстардан алған бірнеше марапаттары бар. Ол 2009 жылы Берлинде өткен, әлемнің үздік бишілері қатысқан Tanzolymp байқауының жеңімпазы.  2017 жылы Мәскеуде өткен, үздік  балет бишілері қатысқан байқауда жеңіске жеткен. Нью-Йоркте болған Valentina Kozlova International Ballet Competition сайысында  3- орынды иеленген. Театрдың үздік қойылымдарында, нақтырақ айтқанда Серік “Лебединое озеро” балетінде сарай сайқымазағын, “Спартак” атты қойылымда басты рөлді ойнайды.
Stan.kz ақпараттық агенттігі еліміздің үздік балет бишілерінен балет жайлы пікірлерін анықтап, Қазақстандық балеттің болашақта әлемдегі ең үздік балетке айналатынына көзін жеткізді.

 

Автор: Шаймерден Айару

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау