Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ауыр атлетке 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды

Қазақстандық ауыр атлет Денис Улановқа 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды. Екі жылдан кейін бұйырған медаль Ашхабадта өтіп жатқан ауыр атлетика бойынша әлем біріншілігінде берілді, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Қазақстандық ауыр атлетке 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды

Ашхабад қаласында өткізіліп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Уланов 2016 жылғы Олимпиада ойындарындағы өзіне тиесілі медалін Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аянның қолынан алды.

Еске сала кетсек, Риода өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 4-орынға жайғасқан еді. Екі сайыс нәтижесі бойынша Уланов 390 келіні еңсеріп, додаға қатысқан румыниялық Габриель Синкарян да осындай нәтиже көрсетті. Румыниялықтың салмағы жеңіл болғандықтан, қола жүлдені еншілеген-ді.

Десе де біраз уақыттан соң Синкарянның Олимпиада ойындарында допинг қолданғаны анықталып, спорттан шеттетілді. Сондай-ақ, оның аталған додадағы көрсеткіші жоққа шығарылды. Осылайша, қола медаль Денис Улановқа табысталды.

Денис Уланов

«Бұл жүлдені тұтастай екі жыл күттім. Әрине, Олимпиада тұғырында тұрғандай сезім болған жоқ. Десе де, бұл сәтті де жақсы орайластырып, еліміздің туын көкке көтерді. Мұның бәрі жақсы әсер қалдырды.

Қола медаль алғаныма енді сене бастадым. Барлық тексеру аяқталып, жүлдеге қол жетті. Менен медальді қай кезде алғым келетінін сұрап, хат жазған болатын. Бірден әлем чемпионатында табыстағанын қаладым.

Еліміздегі спортты дамытуға қосқан үлесі үшін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Спортшыларға үлкен мүмкіндік сыйлаған ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен біздің федерациямыздың басшысы Жанат Түсіпбековке де алғысым зор. Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес», – дейді Уланов.

Ал Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында Уланов 89 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол алған жарақатына қарамастан 352 келіні еңсеріп, 14-орынға атабан тіреді.

Спортшы 2020 жылғы Олимпиада ойындарының фавориттері қатарында.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау