Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық арулардың жаңа махаббаты: Ерік Хамидуллаев деген кім?

Жақында Ерке Есмаханның бейнебаянына түсіп, талай аруды тамсандырған Тәуекел Мүсілім, Асылхан Төлепов сынды дарынды актерлердің қатарына Ерік Хамидуллаев есімді азамат қосылды. Еріктің айтуы бойынша, ол Ерке Есмаханмен бірге жұмыс істегеннен кейін, оның әлеуметтік желілерде танымалдығы артып, Instagram парақшасында жазылушылар саны бір күннің ішінде 60 мыңға жеткен екен. Актер Stan.kz ақпараттық агенттігінің редакциясына берген сұхбатында Ерке Есмаханмен қалай танысқанын, қазақстандық каскадерлердің қанша табатынын және қандай қыздарды ұнататынын айтып берді.

Қазақстандық арулардың жаңа махаббаты: Ерік Хамидуллаев деген кім?

Ерік, ең алдымен бізге сіздің өнер жолын, оның ішінде актерлық өнерді неліктен таңдағаныңызды айтып берсеңіз. Жалпы, өнерге деген қызығушылық қанша жасыңыздан бастап пайда болды ?

Өнерге бала күнімнен жақынмын. Әу демейтін қазақ жоқ демекші, отбасымда өнер адамдары болмағанымен, ән айтатын туысқандарым бар. Атам сырнаймен ән салғанды ұнатады. Сондықтан өнерге деген махаббат қанымда бар деп айта аламын. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген кездері білім ордасында өтетін мерекелік шараларға үнемі қатысып, ән айтып, биді де билейтінмін. Оқушы кезімде биге қызыққаным сонша, оның ішінде брейкданс бағытында билегенді жақсы көретінмін. Жалпы, мектепте белсенді оқушылардың бірі болдым деп айтсам да болады.

Брейк данспен әлі күнге дейін айналысасыз ба?

Жоқ, айналыспаймын, бірақ  ән айтып, өлең оқумен қатар брейк дансты билей білуімнің арқасында, Алматы қаласында орналасқан Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне грантқа түсіп, бүгінгі күні актер атанып отырмын.

Ерке есмаханның "Аэропортына" түскен актер бейнебаянда әншімен неліктен ұрысқанын білмейді

Қателеспесем, Жүсіпбек Елебеков колледжіне грантқа түсу үшін үміткер шығармашылық емтиханнан жоғары балл жинау керек. Брейк данс арқасында грантқа түстім дедіңіз. Емтиханның қалай өткенін толығырақ айтып беріңізші.

Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2011 жылы мен мектеп бітіргеннен кейін, інім екеуіміз Талдықорғаннан Алматыға келіп, оқуға түсуге қажетті құжаттарымызды Ж.Елебеков атындағы РЭЦК-ке тапсыратын болып шештік. Інім цирк бөлімін жанына жақын тартса, мен атам секілді ән орындағанды ұнататын болған соң, вокал бөлімінде білім алуды қаладым. Алайда маған қабылдау бөлімінде сол мекемеде сабақ беретін ағай сыртқы келбетіме қарап, кино және телевидение факультетіне түсуге кеңес берді. Әнге деген қызығушылығымды байқаған ол, актерлық бөлімнің ішіне ән де, би де, кіретінін түсіндірді. Бағымды сынап көрейін деген ойменен, тәуекелге бел буып, кино және телевидение факультетіне қабылдану үшін шығармашылық емтиханға дайындалдым. Емтихан күні комиссия мүшелеріне брейк дансты билей алатынымды айтып, сальто сынды акробатикалық трюктарды жасап, олардың көңілдерінен шықтым десем де болады. Шындығын айту керек, оқуға түсіп кетемін деп ойлаған жоқпын. Бірақ, сол күннен бастап менің кино әлеміне жолым ашылды десем, артық айтқаным емес. Осының барлығын ойлап отырсам, бүгінгі күні менің студенттік шақтағы армандарымның барлығы орындалып жатқан секілді.

Үш жылдық оқуыңызды бітіргеннен кейін киноға түсу туралы ұсыныстар болды ма? Жалпы, біз сіздің каскадер Бауыржан Әбішевтың қарамағындағы Kazazkh Union Team атты актерлар тобының мүшесі екеніңізді білеміз. Топта неше жыл жұмыс істейсіз? Бауыржан Әбішевпен қалай таныстыңыз?

Оқуымды бітіргеннен кейін отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу мақсатында әскерге аттандым. Актерлық шеберлігімді әскерден келген соң жалғастырамын деп шештім. Негізінен колледжді бітіргеннен кейін Kazakh Union Team тобына қосылуға мүмкіндігім болды. Алайда анам Талдықорған қаласында жұмыс істегенімді қалағаннан кейін, әскерден келген соң бір жыл көлемінде туған қаламда орналасқан театрда жұмыс істедім. Алматыға барғым келіп-ақ тұрды. Ақырында, Талдықорғанда театр мәдениетін жетік үйреніп , оңтүстік Астанаға қайтып келдім. Kazakh Union Team тобына ең алғаш рет қосылғанда Бауыржан ағай менің мүмкіндіктерімді бақылап, каскадер болу қолымнан келетінін байқаған соң, маған бейнебаяндар мен шағын роликтерге түсуіме мүмкіндік берді. Бүгінгі күні біз тобымызбен бірге Қазақстан қалаларын аралап, жергілікті халыққа экшн-қойылымдар қоюмен айналысамыз. Қазіргі таңда Бауыржан Әбішев өз тобымен бірге қазақстанда түсіріліп жатқан фильмдердің басым бөлігіне каскадерлық трюктарды қоюмен айналысады. “Брат или брак”, “Зор” фильміндегі төбелестер мен трюктарды Kazakh Unioт Team тобының қойғанын мақтанышпен айта аламыз.

Ерке есмаханның "Аэропортына" түскен актер бейнебаянда әншімен неліктен ұрысқанын білмейді

Қазақстанда каскадер болып жұмыс істеген тиімді ме? Қазақстандық каскадерлердің жалақысы қандай?
Каскадерлардың жалақысы тәжірибелілігіне байланысты әр түрлі. Жалпы айтқанда жаман емес. Жалақы аз болған жағдайда біз көліктің астына секіріп, өмірімізге қауіпті трюктерді жасамайтын едік.

Ең бірінші сомдаған рөліңіз есіңізде ме?

Әрине, Бейбіт Өнер есімді режиссердің “На другой стороне” деген фильмінде Данияр есімді бұзақы баланы ойнағанмын. Ол жылдары тәжірибем болмаса да, жұмысымды жақсы атқарып шыққаныма сенімдімін. Негізінен, фильм режиссердің дипломдық жобасы болғаннан кейін, киноға түскен актерлер де, режиссер де туынды көп қаралым, 3 миллион көрсетілім жинайды деп ойлаған жоқ. Кинода қозғалған тақырыптың қоғамдағы өзектілігінің арқасында туынды жақсы көрсеткіштерге жетті деп ойлаймын. Көшеде мені адамдар осы қысқаметражды фильмге түскенімнен кейін тани бастады. Алғашқы рөлім болған соң, бар ынтамды салып ойнадым.

Ерке есмаханның "Аэропортына" түскен актер бейнебаянда әншімен неліктен ұрысқанын білмейді

Даниярды сомдау сізге қиынға соқты ма? Кейіпкерді алып шыға алдым деп ойлайсыз ба?

Алғашқы рөлім болған соң, бар ынтамды салып ойнадым, кейіпкерімді көрсете алдым. Даниярдың іс-әрекетін түсіну үшін бұзақы балалармен де сөйлестім. Бірақ шынайы өмірде мен Даниярға мүлдем ұқсамаймын.

Өмірде қандайсыз? Мінезіңіз қандай?

Бос уақытын кітап оқумен өткізетін сабырлы адамдардың қатарына кіремін. Бірақ, бір қызығы маған көбінесе мінезіме мүлде ұқсамайтын кейіпкерлерді сомдау туралы ұсыныстар көптеп түседі. Мінезіме сай келмейді деп өз-өзіңді көрсетуге берілген мүмкіндікті жіберіп алғым келмейді. Сондықтан жоба жақсы болса, кез келген рөлдерді ойнауға дайынмын.

Ерке есмаханның "Аэропортына" түскен актер бейнебаянда әншімен неліктен ұрысқанын білмейді

Бізге қазіргі уақытта сіздің “Аға” атты фильмге түсіп жатқаныңыз белгілі. Құпия болмаса, фильмде қандай рөлді сомдайтыныңызды айтып беріңізші

Мен бұл кино туындыда қарындасымен бірге жетімдер үйінде өскен Боран есімді жігітті ойнаймын. Сюжет бойынша  полиция қызметкерімін, бірақ қарындасымды адам сатумен айналысатын қылмыскерлер алып қашқаннан кейін, дәрменсіздіктен оны құтқару үшін бандиттермен достасып, олардың сеніміне кіремін. Фильм көрермендерге ұнайды деп үміттенемін.

Кино түсірілімі кезінде басыңыздан өткен қызықты оқиғалар болды ма?

Режиссермен ұрысу, келіспей қалу секілді оқиғалар болған емес. Бірақ осы “Аға” фильмін түсіру барысында басымнан бір қызықты жағдай өтті. Өте маңызды әрі ішінде төбелесі бар көріністі қоюымыз керек болатын. Негізінен, біз, каскадерлер мұндай көріністерде қобалжымаймыз, бірақ кейбір актерлерге осындай қойылымды ойнап шығу күрделі. Актер әріптесім сасып қалды ма білмеймін, сценарий бойынша ол басымнан ойыншық қарумен ұруы керек болатын, бірақ оның орнына басымнан ауыр, темір қарумен бір ұрды. Сол мезетте жерге құлап түскенімді білемін. Есімнен танып қала жаздадым (күліп)

Ерке есмаханның "Аэропортына" түскен актер бейнебаянда әншімен неліктен ұрысқанын білмейді

Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшаңыздан қазақша әндерге кавер жасап, оқырмандарыңызды қуантып жүретініңізді байқадым. Жалпы актерлықпен бірге әншілікті алып жүру ойыңызда бар ма? Жақын арада сізді қазақ эстрадасынан көре аламыз ба?

Менің қазіргі ең басты мақсатым — актерлық шеберлігімді шындап, оны шарықтау шегіне жеткізу. Иә, продюсерің болайын деген ұсыныстар жоқ емес, бар. Бірақ жақын арада ән жазып, бейнебаян түсіремін деп уәде бере алмаймын, себебі ол менің жоспарымда жоқ. Бір жағынан, мен әншілігіммен жұртты тамсандыратын қоңыр дауыс иесі емеспін. Сондықтан қазір мен барлық уақытымды киноға арнаймын.

Өлең айтқанды жақсы көресіз, мюзиклға қатысу туралы ойлап көрдіңіз бе?

Талдықорған қаласында мюзикл түсірілейін деп жатыр. Егер кедергілер туындамаса, басты рөлді сомдауым мүмкін.

Қазақстандық арулардың жаңа махаббаты: Хамидуллаев Ерік деген кім?

Сіздің кино саласындағы жобаларыңыздан бөлек, отандық әншілердің клиптерінде сомдаған рөлдеріңіз жайлы сөз қозғағым келіп тұр. Жасыратыны жоқ, Ерке Есмаханның клипіне түскеннен кейін, халық арасындағы танымалдығыңыз да арта түсті. Жалпы, Ерке Есмаханның клипіне түсу туралы ұсыныс қашан және қалай түсті?

Наурыздың 28 күні маған Аида атты кастинг директоры хабарласып, бейнебаянға түсуді ұсынды. Бейнебаянның Ерке Есмаханның әніне түсірілетінін білгенннен кейін бірден келісімімді бердім. Түсірілім бірінші сәуір күні болады дегенге мені алдап тұрған шығар деп те ойладым. Қуанғаным сонша бірінші кезекте жағымды жаңалықты анама естірттім.

Ерке Есмаханмен алғашқы кездесуіңіз қалай өтті? Бейнебаянға түсерде қобалжыдыңыз ба?

Әрине, Ерке Есмаханның көңілінен шықпай қаламын ба деген қорқыныш болды. Бірақ Еркемен жақынырақ таныса келе оның өте қарапайым қыз екенін түсіндім. Екеуміз бірден тіл табысып кеттік. Бейнебаяндағы ұрысып қалатын көрініске бірнеше рет дайындалдық, соңында өзімізге қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Бір жарым айдан кейін бейнебаян жарық көрді. Бастысы көрерменге ұнады.

Ерке есмаханның "Аэропортына" түскен актер бейнебаянда әншімен неліктен ұрысқанын білмейді

Ерке Есмаханның бейнебаянынан кейін сізге деген еліміздегі арулардың көпшілігінің қызығушылығы артты. Жалпы болашақта жаныңызда қандай жардың болғанын қалар едіңіз?

Ерке Есмаханның бейнебаянында сымбатты болып шықтым ба білмедім. Бірақ “Аэропорт” шыққаннан кейін көп қыздар маған әлеуметтік желілер арқылы қызықты хабарламалар жаза бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары да мені Тәуекел Мүсіліммен салыстыра бастады. Инстаграмда Еркеге дейін 24 мыңдай жазылушым болған, Еркеден кейін бір күннің ішінде олардың саны елуге жетті. Қазір алпыстан асты (Күліп)

Қыздарға қоятын талапатарыңыз бар ма?
Ең бірінші тәрбиесіне,  сосын сүйкімділігіне көңіл бөлемін.  Сұлу болып тұрып, тәртібі нашар болғаны жарамайды. Сондай-ақ арамызда сыйластық болу керек.

Қазақстандық арулардың жаңа махаббаты: Хамидуллаев Ерік деген кім?

Тәуекел Мүсілімге ұқсаймын деп ойлайсыз ба? Жалпы өзіңізге сізді Тәуекелмен салыстырған ұнайды ма?

Екеуміз екі түрлі, салыстыруға келмейтін адамдармыз деп ойлаймын. Мен кино әлеміне енді-енді қадам басып келемін, ал Тәуекел болса керісінше тәжрибесі мол, режиссерлардың арасында үлкен сұранысқа ие актерлердің бірі. Жеке басым Тәуекелден көп нәрсені үйренуіме болады деп санаймын.

Ерік, өзіңіз айтқандай, бейнебаян жарық көргеннен кейін, видео басындағы диалогты кейбір көрермендер қатты сынады, бейнебаянға мүлдем керек емес деп айтып жатты. Тағы біреулер Youtube сайтында “екеуі неге ұрыса береді” деген сынды пікірлер айтқан. Жалпы, бейнебаян басындағы диалогқа өзіңіз көрермендік көзқарасыңызбен қарағанда қандай баға берер едіңіз? Диалог керек пе?

Менің ойымша, бейнебаянның басында кейіпкерлердің арасында диалог болмаған жағдайда, ол өзге бейнебаяндардан мүлдем ерекшеленбейтін еді. Көптің аузына қақпақ болу мүмкін емес, диалог біреуге ұнамағанымен басқа адамдарға ұнап жатты. Жалпы, “Аэропортты” көрермендер алғаш рет көрген кезде, әркім екі кейіпкердің бір-бірімен неліктен ұрысып жатқанын анықтауға тырысты. Шынымды айтсам, Ерке екеуіміз бейнебаян түсірілімі кезінде нақты не үшін ұрысып жатқанымызды білген жоқпыз. Бейнебаян соңында кейіпкеріме қандай жұмыс ұсынғаны мен үшін де жұмбақ болып қалды.

Сіздің пікіріңізше, бейнебаянның кемшіліктері мен артықшылықтары неде?

Бейнебаяндағы бір көріністі көрермендердің көпшілігі қатты сынның астына алды. Ерке Есмахан да өз сұхбатында сол көріністі айтқан болатын. Бейнебаянда менің артымда күн, ал Еркенің артында жаңбыр мен қар жауып тұрғандай көрінеді. Бұл көрініс екеуіміздің мінезіміз екі түрлі екеніне қарамастан, бір-бірімізді ұнататынымызды суреттеп тұр.

Inmode Almaty дүкендер желісінің моделі атанғаныңызға қанша уақыт болды? Жалпы Қазақстанда сәнмен айналысу ер адамның жұмысы емес деген түсінік бар. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?

7-8 ай көлемінде Inmode дүкендер желісінің басты моделі саналамын. Ер адамдардың сән әлемінде жүруіне қарсы емеспін. Бірақ ер азаматтардың қасын жұлып, модель екенмін деп, қыздарға еліктеуіне қарсымын.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

 

 

Талқылау