Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әншілер жаңа жылдағы жоспарларымен бөлісті

Дүниежүзі ескі жылды шығарып салып, Жаңа жылды қарсы алды. Халқымыз өткен жылға есеп беріп, жаңа мешін жылынан жақсылықтар күтеді. Ал, біздің әншілеріміз мерекені қалай тойлайды? Келер жылға жоспарлары қандай? Жаңа жылдан соң қайда барып демалмақ?

музарт

 

Әншілермен Stan.kz сайтының тілшісі сұхбаттасып қайтқан болатын.

Мейрамбек Беспаев, «МузАрт» тобының әншісі

мейрам

– Біз жаңа жылды үйде, достарымызбен қарсы аламыз.  Теледидарда болатын концерттік бағдарламаларды бала-шағамен тамашалап отырғанға не жетсін?! Ал, демалу туралы жоспар жоқ. Жалпы демалыс бізде жазда болады. Біздің балалар Түркияға барғанды ұнатады.

Келесі жылы бізде той жылы болғалы тұр. Жоспарымыз өте көп, соның бәрі іске асса екен деген үмітіміз зор, жақсылық болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бастысы денсаулық, бақыт тілеймін!

Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі

сакен

– Жаңа жылды қарбаласып күтпейміз. Жаңа жыл келеді, Григориан күнтізбесі бойынша 1 қаңтар менің туған күнім, қазақша жаңа жыл, 22 наурыз менің анамның туған күні. Біз екі жылды да ренжітпейміз, жақсы қарсы аламыз. Жұрттың бәрі бірінші жаңа жылмен құттықтаса, екінші туған күнмен құттықтап, жан-жақтан қоңырау соғып жатады. Саған жақсылық тілеп жатса, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Ең бастысы балаларды Аяз атаға сендірмей, Аллаға серік қостырмау жағынан тәрбиелеуіміз керек.  Отбасымда шырша қойып, керемет етіп күтпейміз. Жаңа жыл келді жаңа оқу жылының, жұмыс жылының басталуы деп қабылдаймын. Демалуға қатысты, менің шетелге шықпағаныма көп болды. Осыдан 10 жыл бұрын 20 отбасы Түркияға барып қайтқанбыз. Бірақ алыс жақын шет елдерде болып жүрмін. Таяуда Миланда болдым. Қытайға, Мәскеуге жарыстармен барып жүрміз. Бірақ мұның бәрі жұмыс барысы. Сол, «МузАрт» ұжымы демалысқа барғанда жанымыздағы Бас гитарашы Ерлан деген жігіттің әйелі төртыншы қызын күтіп жүргендіктен бара алмаған еді. Менде сол кезде осындай жағдай болса екен деп армандадым. Дүниеге сәби келсе екен, соның қуанышынан «ешқайда бара алмаймын» деп айтсам деп Алладан тіліген едім.  Аллаға шүкір, дүниеге қызым келіп, енді үш жыл қатарынан бара алмаймыз. Бірақ, Қазақстан ішіндегі демалыс орындарына барып тұруға тырысамыз. Мен ұлыммен Сарыағашта болдым. Бірақ Қазақстанның жақсы жерлері шетелден қымбат, ал қызмет көрсетуі төмендеу. Сол себепті бір барған адам екінші рет барғысы келмейді. Сондықтан қызмет көрсету жағы дамыса деген үмітім бар.

Бала кезден бойымызға сіңіп қалған Григориан күнтізбесі бойынша жұрттың бәрінің есеп беретін кезі желтоқсан айы. Мұны қалайық, қаламайық, біз ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы  аламыз. Десекте, жалғыз жаңа жылдан емес, бір Алла Тағалаға сыйынып, кез келген жыл мезгілінде, кез келген таңда жақсылық күтеміз. Ертеңнен үміт етеміз. Келер жылымызда енді қуанышқа, жақсылыққа, берекеге, ырысқа толсын дегім келеді. Шын жүрегімнен елбасына ұзақ ғұмыр тілеп жүрген адаммын. Сол кісінің денсаулығы мықты болса екен.

Кенжебек Жанәбілов, «МузАрт» тобының әншісі

кенже

– Жаңа жылды отбасыммен, Алматы шаһарында қарсы аламыз. Бала-шағаны алып, тауға шығып кететін әдетім бар өзімнің. Жаңа жыл деген бұл Аяз атаға алдану емес. Бұл өткен жыл қандай болды, келер жыл қандай болмақ деген ойлар, алға қойған жоспарын пысықтау. Осы жылдан келесі жылға аман жеткізгеніне Аллаға шүкір дейміз. Сонымен қатар үйдегі кішкентайларды қуанту. Олар да есейген соң Аяз атаның кім екенін біледі. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

2015 жыл біз үшін өте маңызды жыл болды. Мен үшін де, «МузАрт» үшін де, дүниеге келіп жатқан нәрестелеріміз бар. Менің өзім жеке бейнебаян түсірдім. Ал, келесі жылы «МузАрттың» 15 жылдығы. Оған үлкен жоспарымыз бар. Онан соң күзге қарай жеке ән кешімді бергім келеді.

Алмас Кішкенбаев, әнші

алмас

– Әлемде көптеген жағдайлар орын алуда, адамдарға жағымсыз дүниелер болып жатыр. Сондай нәрселер біздің басымызда болмаса екен деген тілегім бар. Жаңа жылда еліме тек ғана тыныштық тілеймін!

Алға қойылған жоспарларым өте көп. Оның барлығын жүзеге асыру үшін қаңтар айынан бастап жұмысқа кірісуім керек. Сондықтан ешқандай демалыс жоқ. Тыңдарманымды жаңа ән, жаңа бейнебаянмен қуантамын. Онан бөлек тағы бір тосын сыйым бар. Оның барлығын алда көресіздер.

Әли Оқапов, әнші

али

–  Жаңа жылда ешқайда бармаймын, үйде, отбасыммен бірге боламын.   Келер жылға көптеген мақсаттар, армандар бар. Ең біріншіден, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын. Мен үшін де үлкен мереке болады. Сондықтан көреміз. Бәрі Алланың қолында, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Талқылау