Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бейбіт Атамқұлов қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды

Осы аптада Қазақстанның орталық атқарушы және жергілікті органдарында ауыс-түйістер орын алды.

3f6b42ed77e585348734052f504070ba-small

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындалды. Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов 1964 жылы туған. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Санкт-Петербор мемлекеттік экономика және қаржы университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Норильск тау-кен металлургия комбинатының мыс қорытатын зауытында балқытушы болып бастады, 1985-1991 жылдары Шымкент қорғасын зауытында металл балқытушы, ауысым шебері, инженер-технолог, жетекші инженер болып жұмыс істеді. 1991-2006 жылдар аралығында коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.

2006-2012 жылдары дипломатиялық қызметте болды. Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы, Бруней-Даруссаламдағы,  Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы болып тағайындалған.

2012 жылғы қазаннан Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы, 2014 жылғы тамыздан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болған.

2015 жылғы 8 тамыздан – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды.

***

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін бітірген.

1980-1993 жылдары – Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, бөлім бастығы. 1997-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті протокол қызметінің бас сарапшысы, Қазақстан Республикасының Стамбул қаласындағы Бас консулы, 1999-2004 жылдары – ҚР Президенті протоколының бастығы, 2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті протоколының бастығы – Қазақстан Респубилкасы Президентінің кеңесшісі.

2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2007 жылы 19 қаңтарда Түймебаев ҚР Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. 2010 жылы 7 қазанда Қазақстанның  Түркия  Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі  болып  тағайындалды. 2011 жылғы 3 наурыздан Қазақстан Республикасының Албаниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарып келді.

***

Осы аптада Мемлекет басшысының Өкімімен Марат Алмасұлы Әзілханов Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. Марат Әзілханов 1965 жылы дүниеге келген. Қарағанды қаласының мемлекеттік медициналық университетін (1988 ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясын (2000 ж.) тәмамдаған.

Еңбек жолын 1988 жылы бастады. 1988-1992 жылдар аралығында Қызылорда қаласының қалалық ауруханасының интерн-дәрігері, Қызылорда қаласының №5 емханасының хирург-дәрігері лауазымдарын атқарған. 2013-2014 жылдар аралығынде ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы. Ал 2014 жылдың тамызынан Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды.

***

Бұл аптаның басында ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды. Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова – Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «композиция және фортепиано» мамандығы бойынша тәмамдаған. Көптеген музыкалық туындылардың авторы.

Әр жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушысы, концертмейстері, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы болып қызмет етті. ҚР Мәдениет министрлігі Мәдениет және өнер істері жөніндегі комитет төрайымы болған. 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры міндетін атқарды.

***

Бұл аптада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Әнуар Омарходжаев холдингтің басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі болып сайланды.

Әнуар Омарходжаев Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «инженер-механик» мамандығы және Бермен институтын «өнеркәсіптік техника инженері» мамандығы бойынша үздік бітірген. Көп жыл бойы халықаралық қатынастар және мемлекеттік қызмет салаларында жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және ҚР дипломатиялық өкілдіктерінде түрлі лауазымдарда қызмет етті.

Әр жылдары ҚР Президенті Протоколының бас инспекторы, ҚР Премьер-Министрі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Протокол қызметінің басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының Хатшылығы меңгерушісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары болды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталды.

Талқылау