Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жаңа кадрлық тағайындаулар жүргізілді

Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық тағайындау жүргізілді. Сенат Төрағасының орынбасары сайланып, жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметінің өңірлердегі басшылары жаңа қызметтеріне кірісті.

photo_17430

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Бұдан өзге, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның аймақтардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы департаменттерінің де басшылары тағайындалды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Марат Сапарұлы Өсіпов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары қызметіне кірісті. Бұған дейін Марат Сапарұлы Алматы қалалық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тізгінін ұстап келген еді. Сондай-ақ, ол ҰҚК орталық аппараты конституциялық құрылымды қорғау жөніндегі департаменттің жетекшісі де болып қызмет атқарды.

Ал, Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Сергей Громов Сенат төрағасының орынбасары қызметіне сайланды. С. Громов 1959 жылы 6 қаңтар айында туған, ұлты орыс. Білімі жоғары. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын, Алматының политология және басқару институтын, «Әулие-Ата» университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары: ассистент, оқытушы, Институттың комсомол хатшысы райкомның бірінші хатшысы, совхоз парткомының хатшысы, бас директор, аудан әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігінің инспекторы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратының жетекшісі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партия төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс атқарған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері вице-министр лауазымдарына Айгүл Шайымова және Инна Ахметовалар тағайындалды

А.Шайымова 1979 жылғы 12 қаңтарда дүниеге келген. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ді, Қаржы полициясы академиясын тәмамдаған. Осы уақытқа дейін еліміздің қаржы полициясында қызмет істеген. Аталған ведомтсвоның құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық байланыс басқармасының кіші инспекторы, инспекторы, аға инспекторы, аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы болып қызмет сатыларын өткен. Қызметтік биографиясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы деген жолдар да бар. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, сондай-ақ қаржы полициясы және прокуратура органдарының ведомстволық медальдарымен марапатталған.

Алматы қаласында 1974 жылы дүниеге келген Инна Ахметова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Алматы қаласы Жетісу аудандық әкімшілігінде жұмыс істеген. 1999 жылы ҚР Президенті Әкімшілігіне ауысып, аға референт, консультант, мемлекеттік-құқық бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болған.

Шығыс Қазақстанда экономика саласына жетекшілік жасайтын облыс әкімнің орынбасары болып Қуат Тұмабаев тағайындалды. Ол осыған дейін ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарған. Қ.Тұмабаев 1980 жылдың 30 қазанында Семей қаласында дүниеге келген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің инвестициялық саясат және жоспарлау департаментіндегі бюджеттік инвестицияларды жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің директоры болып жұмыстар атқарған.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы болып Владимир Беккер тағайындалды. Азаматтық қорғау полковнигі В.Беккер 1965 жылғы 18 қарашада Семей облысы Үржар ауданының Благодатное ауылында туған. Алматы жоғары техникалық училищесін, Шығыс Қазақстан облысы өңірлік университетін бітірген. Азаматтық қорғау саласында 1986 жылдың қазан айынан бастап қызмет атқарады. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары болған.  Ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Төтенше жағдайлар органдарының ардагері», «Өрт сөндіру қызметінің үздігі» төсбелгілерімен, «Төтенше жағдайлар органдарының құрметті қызметкері» орденімен марапатталған.

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің бұйрығымен Қатонқарағай ауданының әкімі болып Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы тағайындалды.  А.Нұрғожин 1966 жылы ШҚО Бесқарағай ауданында туған. Аудан әкімі болып тағайындалғанға дейін ол ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болды.

Осы облысқа қарасты Гулбокое ауданына 1959 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында дүниеге келген Қалихан Байғонұсов  әкім болып келді. Ол Өскемен қалалық жол-құрылысы институтын,  Мәскеу қаласындағы Замануи гуманитарлық институтын бітірген. 1998-2001 жылдары Катонқарағай ауданының Белов ауылдық округінде әкім болып жұмыс істеді. 2007-2011 жылдар аралығында Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болса, кейіннен Бесқарағай ауданына әкім болып тағайындалды. 2013 жылдың шілде айынан 2014 жылдың шілдесіне дейін ШҚО табиғат ресурстарын пайдалану және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарған. 2014 жылдың шілде айынан Катонқарағай ауданына әкім болған еді.

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро төрағасының орынбасарлары болып, Алик Шпекбаев пен Талғат Татубаев тағайындалды. Сондай-ақ, ҚР құқық қорғау органдарындағы кадрлық саясат мәселелері жөніндегі ҚР Президенті жанындағы комиссия мен ҚР-ның Премьер-Министрі облыстар, Астана мен Алматы қалалары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро аумақтық департаменттерінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшыларын тағайындауды келісті. Сонымен мынадай аумақтық бөлімшелер басшылары тағайындалды: Астана қаласы бойынша – Әзбергенов Дулат Байдалыұлы;  Алматы қаласы бойынша – Өтеев Шаттық Тынымбайұлы; Ақмола облысы бойынша   – Исақов Нұржан Әзімханұлы; Ақтөбе  облысы бойынша – Сунтаев Қайрат Имятұлы; Алматы облысы бойынша –Потанин Сергей Александрович; Атырау облысы бойынша – Ахметжанов Марат Мұратұлы; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – Досанов Ғалымбек Нұрмыханұлы; Жамбыл облысы бойынша – Қожабаев Мақсат Аманқұлұлы; Батыс Қазақстан облысы бойынша – Әшірбаев Әділхан Қасымханұлы; Қарағанды облысы бойынша   – Ибраимов Ержан Кебекович; Қостанай облысы бойынша – Усенов Данияр Бекбергенұлы; Қызылорда облысы бойынша – Қарымсақов Мұрат Секешұлы; Маңғыстау облысы бойынша –Нәлібаев Мақсұт Ибрайханұлы; Павлодар облысы бойынша – Шакенов Денис Владимирович; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – Қабдула Шыңғыс Қайыпұлы; Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша – Ахметов Мұрат Жамбылұлы.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың өкімімен және облыс мәслихаты депутаттарының келісімімен жергілікті полиция қызметінің басшысы болып полиция полковнигі Дулат Қазақпаев тағайындалды. Д.Қазақпаев 1962 жылы ШҚО Жарма ауданында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1983 жылдан бастап жұмыс істейді. 1996 жылдан 2013 жыл аралығында Бесқарағай ауданы ІІБ бастығының орынбасары, ШҚО ІІД Әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап, ШҚО Аягөз ауданы ішкі істер бөлімі бастығы болған.

Полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов Алматы қ. ІІД-ің жаңадан құрылған Жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Алматы қ. ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келген болатын. Подполковник Байкенов өзінің ішкі істер саласындағы мансап  жолын 2004 жылы Алмалы аудандық ІІБ қарасты учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметінен бастаған. 2007 жылдан бері қаланың әр түрлі аудандарында қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелерін басқарып келді. Сондай-ақ, метрополитендегі ІІБ бастығының орынбасары және Түркісіб ауданының ІІБ бастығының орынбасары қызметін  атқарған.

Атырауда өңір ІІД жергілікті полиция басшысы қызметіне Нұрым Оразбаев тағайындалды. 50 жастағы Н.Оразбаев құқық қорғау органдарында 1986 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Еңбек жолын Атырау қаласы ІІБ учаскелік инспекторы болып бастады. Білімі жоғары – ҚР ІІМ Алматы жоғары мектебін бітірген. 2008 жылдан бері  Атырау облысы ІІД бастығының орынбасары болған еді.

Орал қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшылығына осы кезге дейін БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бастығы қызметін атқарған Мүсілім Жәрдемовтің кандидатурасы ұсынылып, ол депутаттар тарапынан толық қолдау тапты. Полиция подполковнигі Мүсілім Ғилманұлы 1974 жылы көршілес Саратов облысы Озинки ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан ол учаскелік инспектордан бастап қызмет баспалдағымен өрлей отырып, 2013 жылғы мамырда БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары, 2014 жылдың шілдесінен басқарма бастығы болып тағайындалған.  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универститетін 2008 жылы заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Сол секілді осыған дейін Орал қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полициясы бөлімшесі қоғамдық тәртіпті күзету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған полиция аға лейтенанты Берік Тілеулиев қалаға қарасты Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды.

Белгілі қаржыгер, экономист, ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Әнуар Сәйденов «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол бұған дейін «БТА Банк» банкінің төрағасы, «Bank RBK» АҚ тәуелсіз директоры қызметтерін атқарған.

Талқылау