Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүргізуші куәлігін қалай қалпына келтіруге болады?

ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті жүргізуші куәлігі жоғалған не ұрланған жағдайда не істеу керектігі жөнінде кеңес берді, деп хабарлайды Stan.kz.

«Егер жүргізуші куәлігі ұрланса, полицияға ұрлық туралы өтінішпен шағымдануыңызға болады. Ол жерде сізге куәлікті қалпына келтіруге мүмкіндік беретін анықтама беріледі. Егер тек жүргізуші куәлігін жоғалтып алсаңыз, мұндай анықтама қажет емес», – дейді Әкімшілік полиция комитеті.

Әдетте жүргізуші куәлігін әмиянға салып жүргендіктен, ол басқа да құжаттармен бірге ұрланады. Мұндай жағдайда жеке куәлік те жоғалуы мүмкін.

«Ең алдымен, жеке куәлігіңізді қайта жасату керек, өйткені ол құжатсыз сіз жүргізуші куәлігін ала алмайсыз. Егер тек жүргізуші куәлігін ғана жоғалтып алсаңыз, мұндай анықтама қажет емес», – дейді полиция.

Жүргізуші куәлігін қалпына келтіру үшін, мамандандырылған ХҚКО-ға немесе әкімшілік полицияның емтихан-тіркеу бөліміне жүгіну керек.

Жоғалу себебіне байланысты ЖК алу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

1) ЖК алуға толтырылған бланк (өтініш) ‒ Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (МХҚКО) ол қажет емес, өйткені оны МХҚКО қызметкері автоматты түрде толтырады;

2) жеке басты куәландыратын құжат;

3) мекенжай анықтамасы ‒ МХҚКО-да ол да қажет емес, өйткені сұрау салу автоматты түрде өңделеді;

4) медициналық анықтама және оның көшірмесі (Астананың МХҚКО-да медкомиссияны сол жерде өтуге болады);

5) мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат (түбіртек, қазіргі уақытта ЖК беру үшін төленетін мемлекеттік баж сомасы 3 006 теңгені құрайды).

Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін Қазақстан Республикасы СІМ-нің дипломаттық корпуспен жұмыс жөніндегі ұйымының жолдамасы қосымша болу керек.

Құжаттарды тапсырғаннан кейін уақытша жүргізуші куәлігі беріледі, ол берілген күнінен бастап бір ай ішінде жарамды болады. Бұл ретте (егер сұрау салулар жіберу немесе оларға жауаптар алу, жүргізуші куәлігін жоғалтып алумен байланысты барлық жекелеген мән-жайларды анықтау үшін қосымша уақыт қажет болса) оны қосымша тағы бір рет отыз тәулікке ұзартуға болады. Оны тіркеу-емтихан қабылдау бөлімі (ТЕБ) бастығы жүргізеді.

Құжатта көрсетілген мерзім аяқталған соң, жаңа жүргізуші куәлігі беріледі. Куәлікке «Жоғалғанның орнына» деген белгі жасалады

«Жоғалған, ұрланған, сондай-ақ жарамсыз болып қалған куәліктің орнына басқа ЖК алу кезінде емтихан тапсырылмайтынын есте сақтау керек. Бұл жоғалған ЖК-ның қолданылу мерзімі өтпеген жағдайға қатысты. Егер жоғалтқан ЖК-ның қолданылу мерзімі өтіп кетсе, онда Жол қозғалысы ережесі бойынша емтихан тапсыру арқылы біліктілікті растау керек болады. Сонымен қатар уақытша ЖК жоғалған кезде жаңа ЖК теориялық және тәжірибелік емтихандар тапсырусыз беріледі», – дейді комитет мамандары.

Сондай-ақ, Қазақстанда жүргізуші куәлігі шет мемлекеттердің жоғалған жүргізуші куәліктерінің орнына берілмейді.

Кейіннен табылған жүргізуші куәлігі жаңа жүргізуші куәлігі берілген сәттен бастап өзінің заңдық күшін жоғалтады және олар жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға белгілеген тәртіппен жою үшін міндетті түрде ТЕБ-ке тапсыруға жатады.

Оқи отырыңыз:

Ақтөбеде 52 адамның өмірін жалмаған өрттің себебі белгілі болды

Автобус иесі Ақтөбедегі өрттен кейін Қазақстанға келіп, жағдайды ауызекі біліп қайтқан

Ақтөбедегі өрт: Аман қалған бес науқасқа ауруханада қарулы күзет қойылды

Ақтөбедегі өрт: 52 адамның 32-сінің аты-жөні белгілі болды

Талқылау