Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмыртқа мен қант бағасының өсуін шенеунік түсіндірді

Астанада тауық жұмыртқасы негізсіз 400 теңгеге дейін күрт қымбаттаған. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті.

33

«Нақты тауық жұмыртқасы бағасының күрт өсуіне қатысты мынаны атап өткім келеді. Жұмыртқа негізінен өз елімізде өндіріледі. Сондықтан да оның күрт қымбаттауына (10 данасының 400 теңгеге дейін қымбаттауына) еш негіз көріп отырған жоқпыз», – деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетерлігі, бұған дейін елордадағы супермаркеттерде 10 дана жұмыртқаның 400 теңгеге дейін қымбаттағандығы хабарланған болатын. Ал осыдан 2 апта бұрын ғана он дана жұмырқаны 240 теңгеге сатып алуға болатын.

Жұманғариннің сөзіне қарағанда, қазақстандық жұмыртқа өндірушілер еш негіз жоқтығына қарамастан өз өнімдерінің құнын арттыруға үнемі тырысып келеді.

«Бізде жұмыртқа өндірушілермен үнемі күрделі қарым-қатынас орнап тұр. Себебі теңгенің долларға бағасы өзгергенге дейін біздер СҚО мен Ақмола облыстарында жұмыртқа өндіретін компанияларға қатысты тергеу амалдарын жүргізген едік. Бұл бизнес қоғамдастық тарапынан өте ауыр қабылданды. Бірақ, біздің ұстанымыз мынадай: егер баға көтерілген болса, онда біз тексеруге шығамыз. Біз баға ымыраластығын анықтайтын болсақ жазалаймыз», – деді ол.

Комитет басшысы қазіргі уақытта экономика жағдайына байланысты бағалар өсе бастағандығын да жасырмады.

«Ол азық-түлік тауарлары, жанар-жағар май және дәрі-дәрмек бағалары. Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына мониторинг жүргізу, қажет болған жағдайда әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету туралы айтты. Мұндағы біздің ұстанымыз – өңірлердегі бірінші қажетті тауарлардың бағаларын тексеру және нәтижесі бойынша тексеру жүргізу. Тексерудің басты мақсаты – бағаларды өсіруге негіз бар ма, әлде өсіруге негіз жоқ па анықтау», – деді Жұманғарин.

Оның сөзіне қарағанда, шағын және орта бизнес субъектілеріне бағаны келіскені үшін алған табыстарынан 3, ірі бизнеске 5 пайыз мөлшерінде айыппұл салынды.

Және де қант бағасының өсуі де негізсіз емес екенін айтты. Оның айтуынша, Орталық-Азиялық қант компаниясы басқаратын қант нарығы жоғары құнарландырылған. Сондықтан да импорттық бағасы өскен.

“Оның үстіне, Орталық-Азиялық қант компаниясы біздегі жалғыз өндіруші болып келеді.  Ол көбіне шетелден әкелінген қант құрағын пайдаланады. Сондықтан да қант бағасының өсуі негізсіз емес”, -дейді С.Жұманғарин.

Айтуынша, Қазақстанға қант құрағы Барзилиядан долларға әкелінеді. Дегенмен бұған қатысты тергеу жүргізілсе де айыппұл салынбаған.

 

 

Талқылау