Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда гастарбайтер-қыз сәбиін ауылдағы апаға сыйлап кетті

Біраз жыл уақыт бұрын Қазақстанға жұмыс істеуге келіп жүкті болып қалған бойжеткен, сәбиін ауылдағы апаға табыстап кетеді. Бұл оқиғаның басталуы мен өрбуі де өте қызық.

Безымянный

ru.sputnik.kg

Бұл туралы NewTimes.kz хабарлайды.

Бұл оқиғаны хат жолдаған оқырмандардың бірі баяндап берді.

“Пойызға бір бекеттен апа мінді. Улап-шулап келген туыстары қоштасып, шығып та кеткен. Шәй үстінде апа ауылда күйеуімен және кіші ұлының отбасымен бірге тұратынын, он баланы өсіп-жетілдіріп, білім беріп, бір-бір үй қылғанын да айтты. Қазір немерелерінің қызығын көріп отыр екен.

Осы кезде купеге бір балақай келіп қалды. Оған конфет сыйлап, басынан сипаған апа мына бір оқиғаны айтты.

“Үлкен қызым оқуын бітірген соң алыс солтүстіктегі қалаға кететінін айтты. Ол күйеуге тиіп, біздің ауылды да жұмыс істеу үшін таңдай алатын еді. Бірақ басқа жолды қалады. Кейін КСРО тарады. Бюджеттегілерге жалақы бермеді. Күйеуім екеумізге қалған балаларды жетілдіру қиынға соқты. Үлкен қызым басқа қалада болса да, еңбектеніп бізге ақша жіберіп тұрды. Біртіндеп бәрін аяққа тұрғыздық. Балалар оқуларын бітіріп, отбасын құрып, үй болып кетті. Тек үлкен қызым ғана отбасылы болмады. Ол осы уақыт ішінде тек біздің ғана қамымызды ойлады.

Кейін өзіне қиын болмас үшін оған балалы болу керектігін айттым. Бірақ ол қолын бір сілтеді. Біраз уақыт өткен соң ол бала асырап алуға қызығушылық таныта бастады. Алайда ол ойын жүзеге асыруға қатаң заң мүмкіндік бермейтіндей еді. Ал нәрестені сатып, саудаға салған талай адам түрмеге жабылғаны белгілі. Бірақ, мен үмітімді үзбедім. Осы кезде ауылда көрші республикадан келген бір қыз жұмыс істеп жүрді. Жергілікті бір жігітке алданып, жүкті болып қалыпты. Түсік тастауға кеш әрі қыздың өзі де босанғысы келген. Осы кезде мен онымен танысып, жақсы араласып кеткен едім. Өте тәрбиелі, сыпайы қыз болды.

Оны бір ұлымның үйіне апарып, жағдайын жасап, жүріс-тұрысына ақша беріп қамтамасыз етіп тұрдым. Бір күні толғағы келіп, облыс орталығында тұратын қызым алып кетіп, перзентханаға апарып аман-есен босандырып алды. Бірақ, әлі алда көптеген қиындық бар еді. Перзентханадан шығару үшін, туу туралы куәлік толтырылуы керек. Тағы да осы жолы қулыққа бастық. Ауылда ажырасып кеткен ұлымды шақырдым. Ол перзентхана қызметкерлеріне “бұл менің тоқалым, ал бұл менің балам” деп алып шықты.

Ал баланы ауылға әкелген соң, бірден өз қолыма алып, қырқынан шығардық. Сәбидің анасымен жылы қоштастық. Мен оған немере үшін рахмет деп қажетті ақшасын ұстаттым. Осыдан соң үлкен қызыма хабарластық. Бұл уақытқа дейін аталмыш оқиғаны одан жасырын ұстаған едік.

“Қызым, сүйіншіңді дайында! Сенің енді ұлың бар!” дедік. Ол бастапқыда ештеңеге түсінбей қалды. Біз оған ештеңеге алаңдамауын, баланы алып баратынымызды айттық.

Содан бері жарты жыл өтті. Бала өсіп келеді. Анасына өте жақын. Бизнестегі ісін көмекшілеріне тапсырып, қазір тек баламен отыр. Қазір жеке өміріне толыққанды ден қойған”, – деп аяқтады сөзін әлгі апа”.

Талқылау