Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда түсірілген үнді фильмі прокатқа шығады

14 желтоқсанда Болливудтың  “Khushi Motion Pictures” кинокомпаниясы, Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ қатысуымен (ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша) түсірілген “Туған үйім – тірегім” үнді фильмі ұлттық прокатқа шығады, деп хабарлайды Қазақфильм баспасөз қызметі.

Аталған кинотуынды Хуши Девани атты үнді қызының тағдыры туралы баяндайды. Сүйіп қосылған күйеуінен қорлық көрген ол Алматыға келіп, жұмысқа орналасып, биіктерден көрінеді.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ Болливудтың “Khushi Motion Pictures” атты компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойған болатын.  Бірлескен өндіріс жөніндегі келісім бойынша, екі жақ  “Love you family” толықметражды көркем фильмінің дистрибуциясы саласында қызмет етуге міндеттелген.

“Фильмнің Үндістандағы прокаты  табысты болды. Қазақстанда ешқашан болмаған біздің көрермендер үшін Алматының әдемі көріністерін тамашалау қызықты болды. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігіне және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сенім білдіріп, қолдағандары үшін алғыс айтамыз. Сонымен қатар, “Қазақфильм” киностудиясына түсірілім кезінде кәсіби деңгейде көмек көрсеткені үшін алғысымыз шексіз. Бірлесіп түсірген туындымыздың сәтті шыққанына қуаныштымын. Менің білуімше, Қазақстанда үнді фильмдерін сүйіп тамашалайтын көрермендер көп, сондықтан да бұл фильм қазақстандықтардың көңілінен шығады деп ойлаймын”, — деді фильм продюсері Випул Девани.

Үнді режиссері Сачиндр Шарм түсірген “Туған үйім – тірегім” фильмінің түсіру жұмыстары Үндістан мен Таиландта өтті. Картинаның негізгі қойылымдары Қазақстанда, Алматы қаласының көрікті жерлерінде түсірілді (Республика алаңы, “Арбат”, Шымбұлақ және Көк-Төбе).

Фильмге үндінің танымал актерлері – Пардасани Акша Сунил, Джоши Маной Наванет, Салман Юсуф Кхан, Шакти Капур, Навни Парихар түскен. Бұл картинада қазақстандық танымал актер Фархат Абдрайымов та бой көрсетеді.

“Қазақфильм” киностудиясында қазақ тіліне дубляждалған (орыс тілінде субтитрлары бар) “Туған үйім – тірегім” атты үнді мелодрамасы еліміздің кинотеатрларынан 14 желтоқсаннан бастап көрсетіледі.

“Туған үйім – тірегім”  (“Love you family”) фильмі отбасы құндылықтары туралы баяндайды. Үлгілі үнді отбасының шаңырағында туған Хуши есімді бойжеткен ата-анасының қарсылығына қарамастан,  биден дәріс беретін Раджа есімді жігітке ғашық болады. Қос ғашық жасырын үйленіп, шаңырақ көтереді. Алайда, кенеттен бәрі де өзгереді. Сүйіп қосылған күйеуі танымастай өзгеріп, Хуши далада қалады. Уақыт өте жақындарының қолдауымен бойжеткен Алматыға келіп, жұмысқа орналасып, биіктерден көрінеді.

Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

Жіберіп алмаңыз:

Продюсер Тәстембеков Айқын мен Жұлдыздың құпиясын ашып қойды

Қазақстандық Данэлия Төлешова “Голос.Дети” шоуында төрешілерді жылатты (видео)

Баян Мақсатқызы не себепті дүркіретіп той жасамағандарын түсіндірді

Төлеген Мұхамеджанов экс-күйеу баласын ұлындай көретінін айтты

 

Талқылау