Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сөгіс алып, қайта лауазымды қызметке тағайындалған шенеуніктер кімдер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялады. Оған екі жыл бұрын мектеп әжетханасында зорланған 12 жасар қыздың дауынан кейін жұмысынан қуылған Тараздың бұрынғы әкімі Қайрат Досаевты басқарма басшысы қылып тағайындағаны себеп. Ал елімізде жұмысынан қуылғаннан кейін лауазымы өскен шенеунік жалғыз Досаев қана емес. Басқа кімдер? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды. 

шенеуніктер

5 жыл бұрынғы жер дауынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде қос министр Асылжан Мамытбеков пен Ерболат Досаевты кінәлі деп, сөгіс жариялады. Досаев сол кезде өз еркімен отставкаға кетті. Бірақ Досаевтың карьерасы бұнымен аяқталмады. Ол қазір Ұлттық Банктің төрағасы.

Шымкенттің әкімі болған Ғабидолла Әбдірахымов Арыста апат болып, қала қалпына келмей жатқанда Лондоннан видео жолдап, ақыр соңында жұмысынан қуылған еді. Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев: “Ол өзіне артылған саяси сенімнің үдесінен шыға алмады" деген еді. Дегенмен, арада көп өтпей, сенімнен айырылған Әбдірахымов премьер-министрдің сенімді кеңесшісі болып шыға келген. 

“Потому что, потому что” деп, басына жұмыртқа жарылған бұрынғы министр Серік Әбденов те қызметінен кеткенімен, карьерасы тоқтамады. Шенеунік 2018 жылдан биылғы сәуірге дейін Қазақстан Темір жолы компаниясы басқарма төрағасының орынбасары болды. 

Тізім осылай жалғаса береді. Сапарбаев та Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен орнынан босатылған Қайрат Досаевты басқарма басшысы еткен. Алайда бұнысы үшін президенттен таңертең сөгіс алып, түстен кейін Қайрат Досаевты қызметінен босатты.

Ал кеше өткен айда ғана "қолынан іс келмеді" деп қуылған экс-министр Сапархан Омаров өзі қызмет атқарған ведомствода жаңа қызметке тағайындалды. 

Оңтүстіктен көшіп келген азаматтарға дұрыс жағдай жасай алмағаны үшін қызметінен қуылған Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының әкімі Дархан Әмриннің қызметі жоғарылап, бір айдан соң облыстық басқармалардың біріне орынбасар болып барыпты.

Талқылау