Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда рекордтарды кім және не үшін орнатады?

Рекорд орнатып, өз есімін тарихта қалдырғысы келетін тұлғалар біздің елімізде де жоқ емес. рекордтар кітабының директоры Бақытжан Тастүлеков біздің сайтымызға берген сұхбатында кітапқа кіру үшін өтінішті қалай беру керектігін, қандай жағдайда рекордтың кітапқа енгізілмейтінін, өтінішті қарастыруға қанша уақыт кететінін айтып берді.

Бақытжан, Қазақстан рекордтар кітабын басумен, дайындаумен кімдер айналысатынын айтып берсеңіз

Осындай кітапты шығару туралы ойды Тұран университетінің бірінші проректоры Тазабеков Қуаныш Әмірқұлұлы тастаған. Негізінен, ол кісі қызықты мәліметтерді жинағанды ұнататын. 1999 жылы кітап жарыққа шыққанда, оның ішіне ең үлкен, ең биік, ең қысқа, ең ұзын деген фактілер кірді. Бастапқыда кітап шамамен 100 беттен тұратын. Ұлғая келе үлкен томға айналды. Ең бірінші рет орыс тілінде басылды. Сосын қазақ тілінде де жарық көрді. Қазір кітап ағылшын тілін қосқанда үш тілде екі жылда бір рет жарық көреді.

Кітаптың негізгі нысандарына адамдар мен Қазақстанның байлығы кіреді. Қазақстан рекордтар кітабына біздің тархимызға есімдері алтынмен жазылатын тұлғалар енгізіледі. Ол 3000-4000 мың тиражбен басылып шыққан соң “Атамұра”, “Алматыкітап” сынды баспалардың дүкендеріне таратылады. Халық кітапты ешбір қиындықсыз қолжетімді бағаға сатып ала алады.

Қазақстан рекордтар кітабына кіру үшін өтініш білдіруші қандай талаптарды сақтау керек?

Рекорд орнатылған соң ол екі сенімді ақпарат көзіне, яғни облыстық газет пен республикалық немесе облыстық арнаға шығу керек. Олар өтірік дүние айтпайды ғой. Негізінен, өзін көрсеткісі келген, басқа адамдарға қарағанда өзінің кішкене артықшылығын білетін, рухы бар, адамдар бізге осылай хабарласады. Біз ешқайсысына шек қоймаймыз.

Бірнеше күн бұрын Асхат деген жігіт рекордқа енгізесіздер ме деп менімен байланысты. Ол елу рет екі қолының саусақтарына сүйеніп, кеудені жерден көтеру жаттығуын жасаған. Оны рекордқа кіргізу, кіргізбеуді мен жалғыз өзім шешпеймін. Өзім оның ісіне куә болған соң, он бес, жиырма адамнан тұратын редакция алқасымен ақылдасамын. Солай ортақ шешім шығады.

Қазақстан рекордтар кітабының департаменті қандай өтініштерді қабылдамайды?

Рекорд орнатамын деген адамға бөгет жасамаймыз. Бірақ адамның денсаулығына зақым келтіретін рекордтарға келіспейміз. Мысалы, шетелде гамбургер, пончиктер жеп рекорд орнатып жатады. Неге біз осындайды қазаққа насихаттау керекпіз. Кез келген кітап, ақпарат — насихат. Адам денсаулығына зақым келтіретін, рухын төмендетін, жиіркенішті нәрселерді неге қолдау керекпіз? Керісінше адамның рухын көтеретін, басқаларға үлгі болатын, ілгеріге жетелейтін рекордтар болса, біз әрине оны қолдаймыз. Барып, сертификатын береміз. Кітабымызға жариялаймыз.

Жылда біз кітапты 35-40 пайызға жаңартып отырамыз. Себебі, жыл сайын оған өзгерістер енгізуге, оны өзгертуге себептер туындайды. Шындығын айту керек, Илья Ильин, Зульфия Чиншанло сынды спортшылардың арқасында кітап ішінде рекордтар көп. Басқа рекордтар да жетерлік. Мысалы, жақында 29 жастағы Райымбек ауданының тұрғыны Нұрлан Жартыбеков 72 сағат бойы ұйықтамай, 43 метрлік мойынорағаш тоқыды.

Негізінен, спорт, тоқыма өнерінен бөлек, кітапқа тағы да қандай рекордтарды енгізуге болады?

Кітапқа кірмеген кез келген нәрсені алып, онымен айналысып, рекорд орнатуға болады. Біз ешкімге осындай рекорд қой деп айтпаймыз. Жалпы, өз-өзімді көрсетемін деген адамға жол көп қой. Ойлансын, мүмкіндіктер саны аз емес. Біз рекордтарды ұйымдастырумен де айналыспаймыз. Егер бізге бір әйел хабарласып, 5 минуттың ішінде 100 тұшпара немесе мәнті пісіре алатынын дәлелдесе, оны тіркеп қоямыз. Бірақ сол әйелден асып түсетін, 5 минутта 200 тұшпара дайындайтын адам табылса оны да байқаймыз. Екеуін салыстырып, қайсының рекорды көп, соны кітапқа жазамыз.

Өтінішті қарастыруға қанша уақыт кетеді?

Ол ұзақ уақытты талап етпейді. Мысалы рекорд қоятын адам хабарласады. Біз ол айтқан жерге жетіп барамыз. Дегенмен біздің кітабымыз енді қанша дегенмен коммерциялық басылым емес. Кітаптан пайда көріп жатқан жоқпыз. Іссапарларға арнайы қаражат бөлінбеген. Бірақ рекорд орнатқанымызға куә болыңыздар деп жолымызды, жататын орнымызды көтеріп беретін азаматтар бар. Мысалы, Атырау облысының әкімдігі мың домбырашыны жинап, Құрманғазының күйін ойнап, рекорд орнатты. Осы оқиғаға әкімдік бізді куәгер ретінде шақырып, бүкіл шығынымызды көтерді. Сертификатты табыстап қайттым.

Рекорд орнату үшін адам аз мөлшерде болсын ақша төлеуге тиіс пе?

Біз кітаптан пайда табайын деп жүрген адамдар емеспіз. Әрине, кітап халықтың арасында көп сатылып жатса, жақсы ғой. Керісінше біз рекордты қоямын деген адамға жағдайын жасап беру керекпіз.

 

 

Талқылау